"Nur Otan": ЖАҢА ЖОБАЛАР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 25.06.2019
Оқылды: 1021
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтіп, онда дауыс беру көрсеткіші бойынша облысымыз көш бастады. Саяси науқан туралы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаевпен сұхбат жүргізіп, әңгімелескен едік.

– Ғалиасқар Төлендіұлы, қандай да бір бастама болсын жетісулықтар қашанда алдыңғы орыннан көрінеді. Осы сайлау да  сол межеден түскен жоқ. Әңгімемізді де осыдан бастасақ.

– Алматы облысында 2 миллионнан аса халық тұрады. Аймақ бойынша 1040 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сайлауда жетісулықтардың 89 пайыз  сайлаушысы дауыс беріп, белсенділік танытты. ҚР Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев 77,4 пайыз дауыс жинады. Бұл – біздің ортақ жетістігіміз. Қазір халықтың саяси сауаты жоғары, елімізде орын алып жатқан өзгерістерге ешкім де бейжай қарамайды. Сондықтан халықты бөліп-жаруға болмайды. Дегенмен де, облыс тұрғындары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық бастамаларын қолдап, жүзеге асыруға бірлесе күш салды. Осы жолы да барлық реформалар әрмен қарай жалғасуы үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына сенім артып, дауыс берді. Үміткердің сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелер халық көңілінен шығып, ортақ мүдде жолында қызмет етуге бел байлады. Ол сайлауға шетелдік бақылаушылар да өз бағасын берді. Партияның Нұр-Сұлтан қаласында өткен съездеріне аймағымыздан делегаттар қатысып, ойларын ортаға салды. Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталовтың басшылығымен сайлауға дайындық жұмысы қызу жүрді. Нәтижесі өздеріңізге белгілі болғандай барлық аймақ бойынша белсенділік таныттық.  Сондықтан келешекте ел игілігі үшін аянбай тер төге беретін боламыз. Облыс тұрғындары да осы тұрғыда бір атаның баласындай ынтымақта, береке-бірлікте алдыңғы орыннан көріне бермек.

– Сіз кандидаттың сенімді өкілі, облыстық қоғамдық штабтың жетекшісі болдыңыз. Бұл қандай жауапкершілік жүктейді?

– Біздің негізгі мақсатымыз халыққа қызмет етіп, қоғамдық, саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамыз ету. Өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқаруға күш саламын. Бір ай бойы үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарында саяси мәдениет деңгейі жоғары болды. Барша қазақ- стандыққа тарихи таңдау жасау мүмкіндігі берілді. Облыс көлемінде үміткердің 3034 сенімді өкілдері мен партия белсенділері және 21 қоғамдық қабылдаулары жұмыс істеді. Желілік кестеге сәйкес 2151 іс-шара ұйымдастырылып, 534 600 үгіт-насихат құралдары, 1 142 атрибутика таратылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде 7212  жарияланым жарық көрді. 84 ақпарат – республикалық қоғамдық штаб сайтына жолданып, 278 сілтеме – әлеуметтік желілер бойынша арнайы дайджестке жарияланды. Сондай–ақ, үміткердің сенімді өкілдері және белсенді мүшелері, мобильді насихат топтары «Есіктен есікке» акциясы аясында 432 728  тұрғын үйлерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

– «BIRGE» акциясы туралы да айтып өтсеңіз? Тұрғындардың көпшілігі қандай ұсыныс білдірді?

– Иә, әртүрлі пікірлер болды. Халық пен сайлаушылардың саны көп болған соң әртүрлі ұсыныс келіп түсті. Әсіресе, Алматы қаласының жанындағы аудан, қала, ауыл тұрғындары акцияға көптеп қатысты. «BIRGE» акциясы аясында аймақ бойынша 88 000 үгіт құралдары алынып, 87 696-сы таратылды. Оның ішінде 66 214-і «Есіктен есікке» акциясы, 9 770-і мобильдік үгіт топтары жұмысы, 11 712-сі еңбек ұжымдарындағы кездесулерде таратылды. Барлығы 58 200 үнпарақ сайтқа (базаға) енгізілді. Мың бес жүзден астамы кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қабылданы. Халықтың басым бөлігі әлеуметтік, баспана және жер мәселесі, білім, денсаулық бағыты, тұрғын үй және коммуналдық, жұмыспен қамту және еңбек арақатынастары туралы ұсыныстарын білдірді. Және де кандидаттың жеңісіне тілектестік танытқан, бейбіт заман мен келісімді сақтау, Елбасы саясатының сабақтастығы және Елбасына тілек жолдағандар да болды. Ұсыныстардың ішінде Елбасының реформалары ары қарай жалғасу керектігі туралы, «Рухани жаңғыру», «7-20-25» сынды бағдарламалар тоқтап қалмай ма деген сұрақтар көптеп түсті. Халықтың ұсыныс-тілектерін ескере келе 12 маусымда ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант беріп, дамудың нақты бағыттарын атады. Оның сайлауалды бағдарламасы «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталды. Алдағы уақытта сайлауалды бағдарламада көрсетілген барлық бағыттардың жүзеге асырылуына жұмыла кірісетін боламыз.

– Облыстық қоғамдық штабтың жұмысына тоқталсаңыз?

–  Барлық штаб мүшесіне үлкен алғыс айтқым келеді.  Аян Айтжанов, Анатолий Сюй-Мин, Әбдуғали Бектеміров, Наурыз Қылышбаев, Аманғазы Шегіров сынды ардагерлерге ерекше рахмет. Бір ай бойы күн-түн демей барлық аудан, қала, ауылдарды аралап, халықпен, еңбеккерлермен кездесіп, үміткердің сайлауалды бағдарламсын егжей-текжейлі түсіндірді. Сонымен бірге «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған «Team Qazaqstan» қозғалысы үлкен жұмыс жүргізді. Жастар да қызығушылық танытып, болашақ үшін бірлесіп қызмет етті. Облыстық қоғамдық штабтың баспасөз қызметі негізгі рөл атқарды. Ақпаратты жедел әрі жылдам жеткізе білді. Осы орайда интернет ресурстарын оңтайлы пайдаланып, әлеуметтік желіде жемісті жұмыс атқардық.  Кандидаттың тапсырмасы бойынша нақты шараларды іске асырдық. Партиялық жобалар аясында да жүйелі жұмыс жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткіздік. 
Басқа партиялар мен үміткерлер туралы бірауыз айта кетейін.
Бәрінің мақсаты Қазақстанның болашағы үшін болғандықтан, әр кандидатқа теңдей мүмкіндік берілді. Еркін түрде халықпен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларды түсіндірдік.

– Ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев 10 бағытты атады. Осы тұрғыда облыс бойынша қандай жұмыстар қолға алынды?

– Бірінші бағыт ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюы орта және төмен еңбекақы көлемін көбейтуге мүмкіндік береді. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлінеді. Бүгінде облысымызда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек  18 488 отбасы мүшелеріне  305,4 млн.теңге қаражат  тағайындалып, төленді.
Мемлекет басшысы сот жүйесін реформалауға ерекше назар аударды. Сот әділдіктің соңғы шегі екенін түсіндірген Президент құқық қорғау жүйесі халықтың сеніміне ие болу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Әсіресе, судьяларды бағалау және іріктеу жүйесін қатайту керектігін алға тартты. Қазақстан экономикасының үштен бір бөлігі көлеңкелі. Еліміз 158 мемлекет ішінде  «көлеңкелі экономикадан» 107 орында. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту жұмысы жандана түспек. Қазақстан  бизнес жүргізуде тез өсім байқалатын әлемдегі үздік 7 мемлекеттің қатарында. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді. Алматы облысы тұрғындарының жеке табыс салығын қысқарту арқылы техникалық мамандар, ауылшаруашылығы саласы мен әлеуметтік саладағы 133,5 мың азаматтың еңбекақасы көтерілді. Осы бағыттар арқылы халықтың тұрмыстық ахуалы артып, өмір сүру деңгейі көтеріледі.

– Тұрғын үй мәселесі мен көпбалалы аналардың әлеуметтік көмегі тұрғысында қандай жұмыстар іске асты?

– Республикалық бюджеттен бөлінетін 39,2 млрд. теңгеге 2025 жылға облыс бойынша 4 704 жағдайы төмен көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Облыстың демеушілер есебінен тұрмыстық жағдайы төмен 81 көпбалалы отбасы  баспаналы болды. Сайлау кезінде көпбалалы аналар қоғамдық қабылдауға келді. Көбісі, қай жерге, қандай құжат өткізу керектігін толығымен білмейтін болып шықты. Соның барлығын түсіндірдік. Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет алдында «Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау» міндеті тұрғанын айтып өтті. «Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз», – деді ұлықтау рәсімінде. 

– Халықты тағы қандай мәселелер мазалайды?

– Қазақстанның кей аймақтарында халықтың шеруге шыққаны белгілі. Жұмыссыздық, төмен жалақы, бір сөзбен айтқанда әлеуметтік жағдайларының  аздығы анықталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлығынан хабардар. Бұның нақты себебін атап, арандатушылыққа ұрынып қалмауларын сұрады. Сонымен қатар, халық пен билік арасында диалог құрып, құр уәдеден гөрі, нақты іске шақырды. Әрине, барлығы бірден орындала қоймайды. Уақыт өте келе реттеледі. Сол себепті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша аймақтарда қордаланған мәселелердің шешілуі де тиіс екенін жеткізді. Болашақта Қазақстанда жергілікті өзін-өзін басқару жүйесі нығайтылады. Өзекті мәселенің тағы бірі – таза ауызсу. Президент сапалы ауызсу әрбір үйде болуы керектігін айтты. Сонымен бірге, жолдың сапасы да мемлекет назарында болады. Елімізде осы жылдары саяси реформалар ғана емес, рухани жаңғырудың  толқыны да бастау алды. Осы тұрғыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы жұмыстар жалғасын таба бермек. Еліміз тұрақты дамудың жаңа белестерін бағындыруы үшін, жаңа тәсілдер мен жаңа шешімдер қажет. Біз сауда және инвестиция саласындағы ірі серіктесіміз Еуропа Одағымен қарқынды ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз. ТМД елдерімен, Түркиямен, Иранмен, Араб Шығысы және Азия елдерімен өзара тиімді екі жақты қатынастар дамуда. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі миссиясын абыроймен аяқтап келеді. 2017 жылы Қазақстан әлемдегі жоғарғы саяси орган – Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы да елдің асқақ мәртебесі мен дипломатиялық жеңістерінің бірі болды. 

– Ғалиасқар Төлендіұлы, биылғы жыл Жастар жылы болып бекітілді. «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы тарапынан жастарға қандай жағдай көрсетілуде?

– Мемлекет басшысы жастарға қамқорлық көрсету мақсатында Президенттік кадрлық резерв құру туралы бастама көтерді. Бұл жоба мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жүрген дарынды жастарды қолдауға арналған. Жалпы бағдарламаның әр бағыты азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға негізделген.
Сайлау компаниясы кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің көптеген аймақтарына барып, жастармен жүздесті. Біз де өз тарапымыздан осы бағытта жұмыс жүргіземіз. «Жас Отан» жастар қанаты бұл кейін біздің партия қатарын толықтыратын жандар. Оның мүшелеріне Жастар жылы аясында қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуда. 12-14 маусым аралығында Бішкекте Шанxай Ынтымақтастық Ұйымы Жастар кеңесінің XII отырысы өтті. Оған Қазақстаннан бөлек Беларусь, Қытай, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің ұлттық бөлімдердің өкілдері қатысты. Біздің облыстан «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Еркебұлан Ақболатов қатысып, тәжірибе алмасып қайтты. Қазір жастарды үш бағытта тәрбиелеу керекпіз. Бірінші жаңа технологияға баулу, екінші еңбек ету, үшінші нақты білім алу, тілдерді үйрену. 

– Ендігі уақытта партия жұмысында қандай жаңалық орын алады?

– Қазір алты айдың қорытындысы бойыша жұмыс жүргіземіз. Сайлау біткен соң, жұмыс жоспары бекітілді. «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың тапсырмасымен партиялық жобаларды әрмен қарай іске асырамыз. «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» атты жаңа жобалар іске қосылды. Қоғамдық қабылдау, балалардың құқығын қорғау кеңестері, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек, әлеуметтік жол картасы, қоғамдық қорлар арқылы көптеген мәселелер шешілмек. Әсіресе, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламсы арқылы IT сыныптарды көбейту көзделуде. 

– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Мәулен Әнербай