БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ

Уақыты: 26.06.2019
Оқылды: 1062
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауданда меценат-кәсіпкер көпбалалы Солтанғазиевтар отбасына баспана сыйлады. Бұл отбасы көп жылдан бері баспанасыз, жалдамалы пәтерде тұрып келген.


Өзінің есімін жариялағысы келмеген қайырымды жан пәтер сыйлаған отбасы бүгінде 8 бала тәрбиелеп, өсіруде. Нұрахмет пен Гүлзира Солтанғазиевалар 10 жылдан бері баспана тауқыметін тартып келген. Енді міне Балпық би ауылынан барлық жағдайы жасалған 5 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды.

Жанұяның кенже ұлы туа біткен сал ауруымен ауырады. Гүлзира бала күтімінде болса, жолдасы Нұрахмет жалдамалы құрылысшы. «Бүгін міне қолы ашық жандардың арқасында баспаналы болдық. Бұл жаңалықты хабарлағанда сенбей, түсім екен деп ойладым. Қолымызға кілтті табыстағанда, қуаныштан көз жасымды тоқтата алмадым. Бәрінен бұрын балаларым бақытты. Енді олардың өздері армандағандай жеке бөлмелері болады. Жомарт жандарға алғысымыз шексіз», – деді  көпбалалы ана қуанышын жасыра алмай.  

Айта кетерлігі, бұл аудандағы атымтай жомарттардың бастамасымен сыйға берілген 4 үй. Бұған дейін Мұқаншы ауылында тұрмысы төмен екі және Қызылтоған ауылында көпбалалы  отбасына пәтер кілтін табыстаған.

 

Еңлік ҚАБДЕШ

Көксу ауданы