ЖАСТАРДЫ ЖАТ АҒЫМНАН САҚТАЙЫҚ

Уақыты: 08.07.2019
Оқылды: 1598
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 – Сенің қасыңда кім бар?
– Жалғыз өжім.
– Жалғыз?! Жалғыз өзің?!
– Иә.
– Анашың қайда?
– Бәәрі жөқ.
– Сенің қасыңда кім бар?
Бұл – әлі тілі де дұрыс шықпаған, шамамен 3 жастағы қыз баланың берген жауабы. Үсті-басы кір-қожалақ. Күнге күйген беті әбден тотығып кеткен. Стақандағы суды сол қолымен ішіп тұр. Өйткені, оң қолының үш саусағы жоқ. Сірә, бомба жарылғанда жарықшағы кіп-кішкентай, нәп-нәзік саусақтарды жұлып әкеткен шығар?!

«Ю-тубта» «Жусан – 2» операциясы деп терсеңіз, бұл видеоны сіз де көре аласыз. Бесіктен белі шықпай жатып, дүниенің қатыгездігін, адамзаттың зұлымдығын көріп үлгерген, сәби санасымен айуандық дегеннің не екенін ұғынып, жаны түршіккен қайран бүлдіршінді аяйсың! Осындай балдырғандардың құрқылтайдай жүрегімен қайғы жұтуына қоғам болып жол бергенімізге ашынасың! Оның ата-анасының ақымақтығына ызаң келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 7-9 мамыр аралығында «Жусан – 2» операциясы жүзеге асырылып, әлгі бүлдіршінмен қосқанда, 231 Қазақстан азаматы соғыс өрті шарпыған Сирия жерінен елге жеткізілген еді. Олардың 156-сы бала. Соның ішінде 18-і – әке-шешесі жат өлкеде қайтыс болған не із-түзсіз жоғалып кеткен тұл жетім. 16 ер адам мен 4 әйел террористік іс-қимылдарға қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды. Ал қалған 55 әйел мен балалар бейімдеу орталықтарына орналастырылып, медициналық тексерістен өтіп жатыр. Олармен жұмыс істеу үшін психологтар мен теологтар да жіберілген.

Естеріңізде болса, жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Жусан» операциясы ұйымдастырылып, 47 Қазақстан азаматы Сириядан елге жеткізілген еді. Олар қазір үйлеріне қайтарылып, перзенттері балабақшаларға барып жүр. ҰҚК мәліметіне жүгінсек, Шам аймағында әлі шамамен 300 қазақстандық бар. Олардың 150-170-і – бала. Әлі Сирияда жүрген отандастарымызды да қайтару үшін біраз жұмыс атқарылуда.

Ойланып қарасаңыз, қаншама бала жетім қалып, жүрегіне тым ерте жара түсті?! Қаншама әйел жап-жас болып жесір атанды?! Қаншама ата-ана ұл-қызынан айырылып, қайғыдан қан жұтты?! Жүздеген қандасымыздың дәстүрлі исламды тәрк етіп, жат діни ағымның жетегінде кеткенде тапқаны – осы. Алайда «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» дегендей, біз оларды өзекке теппейміз, табалап, шетқақпайламаймыз. Керісінше, бауырға басып, өмірді қайтадан бастауға, қателігін түзетуге мүмкіндік береміз. Осы ретте «Бәрі неден басталды?», «Отандастарымыз жат діни ағымдарға қалай шырмалды?» деген заңды сұрақтар туындайды. Мұндай көкейкесті сауалдарды саясаттанушы Расул Жұмалыға қойған едік.

Көтеріліп отырған мәселе – Қазақстан үшін өте өзекті. Жұрт жат діни ағымдарға ермеу үшін заңмен қысым жасау, ҰҚК мен құқық қорғау органдары террактінің алдын алуы жеткіліксіз. Мұндай әрекеттер керек. Бірақ мәселені толық шешпейді. Жастардың діни сауатын ашу, діни білімін арттыру өте маңызды дүние. Жат діни ағымға арбалудың басты себебі – сауатсыздық, қараңғылық. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдай көп нәрсеге әсер етеді. Ұлттық идеологияны насихаттап, ұлттық саясат жүргізу керек. Ислам діні қазаққа 1991 жылдан бастап келмегенін, ата-бабаларымыз ертеден ислам дінін ұстанғанын, қазақта Ахмет Яссауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты әулие, ілімді, тақуа тұлғалар өткенін насихаттау керек, – деп жауап берді саясаттанушы.

Хош, білімсіздік, тұрмыстағы қиындық пен қазақы болмыстан жырақ болу жат діни ағымның тұзағына шырмалудың басты себептері дедік. Ал бұл мәселелерді шешу үшін не істеліп жатыр? Бұл сауалды біз ҚМДБ насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлына қойдық. Ол:
– Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы төрт бағыт бойынша жұмыс жасайды: уағыз-насихат, жат ағыммен күрес, қайырымдылық шаралары, сауат ашу. Мұның құрамындағы 45 білімді, білікті, тәжірибелі исламтанушы, дінтанушы, теолог ірі қалаларға барады. Сонымен қатар, дәстүрлі Ислам құндылықтарын насихаттап, түсіндіретін, жат діни ағымдардан сақтандыратын 20 сайт пен 1 телестудиямыз бар. Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде тәуліктің қай уақытында хабарлассаңыз да сізді мазалаған сұраққа жауап беретін кезекші маман дайын отырады, – деп жауап берді.

Демек, Қазақстанда діни сауатын ашып, дін саласында тереңірек білім алғысы немесе өзіне беймәлім мәселелердің жауабын білгісі келетін жанға ешқандай кедергі жоқ. Тек тексерілген, рұқсат етілген ресми дереккөздерден мәлімет алса болғаны. Ал енді шетелдік сайттар мен әлеуметтік желілерде отырып, шейхсымақтардың уағызына уланатындардың түбінде қандай күйге ұшырайтынын бәріміз іс жүзінде көрдік. Не шетел асып, дін үшін соғысамын деген қиялмен бөтен біреулердің саяси майданында қолшоқпарға айналады, не айрандай ұйып отырған өз елінде бүлік шығарып, кінәсіз жандардың қанын төгеді. Қысқасы, өзі де оңбайды, отбасы мен айналасындағыларды да оңдырмайды. 

Мемлекеттің іргесі берік болуының бір шарты – біркелкі сенім мен біртұтас идея. Дін мен дәстүр біздің қос қанатымыз болса, руханият аспанында биік қалықтап, мерейіміз үстем болары анық. Ғасырлар бұрын ру-руға, жүз-жүзге бөлініп, ортақ шешімге келе алмаған алауыздықтың кесірінен сорлаған қазақ енді діни ағымдарға бөлініп, мемлекеттілігіне қауіп төндірсе, келешек ұрпақ алдында, жастар алдында кешірілмес күнә болады. Қазіргі жастардың бойына ұлттық рух пен имандылықты қатар сіңіру үшін бәріміз жауаптымыз.   

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА