УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Уақыты: 08.07.2019
Оқылды: 873
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Экономикалық өсу үшін білімнің айтарлықтай маңызды екенін бүкіл әлем мойындауда. Бүгінгі таңдағы талапқа сай кәсіби білімі жетік, құзыретті, бәсекеге қабілетті маман болу үшін үнемі ізденіс үстінде болуымызбен қатар, өз білімімізді де үздіксіз көтеріп отыруымыз шарт.


Осыған орай, Талдықорған қаласындағы  «Педагогикалық шеберлік орталығы» ДББ ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілінде оқытатын мектептердегі бастауыш сынып пәндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасы» тақырыбында үш апталық курс өтті. 

Бастауыш сынып пәндерін оқыту ұстаздың кәсіби тәжірибесі мен біліміне байланысты болады. Курс барысында бастауыш сынып бойынша  жаңартылған оқу бағдарламасы, сыни тұрғыдан ойлауды дамыту, критериалды бағалау  жүйесінің тиімділігі, бағалау үдерісі туралы түсінік пен тиімді педагогикалық әдіс-тәсілдер мен стратегиялар кеңінен қолданылды. Топпен, жұппен, жекелей жұмыс жасауда бір-бірімізден үйренеріміз де көп болды. Сабақты жоспарлау барысында  қысқамерзімді жоспар құрастыру,  сөйлеу әрекетінің  дағдылары  бойынша оқып үйренген тренингтер мен шеберлік сыныптары, ықшам сабақтар  педагогикалық білімімізді одан әрі тереңдете түсті. Жан-жақты жаңалыққа ұмтылу аса маңызды екенін ұғындара білген, мұғалімдерді бағдарламаның қыр-сырымен терең таныстырып, сапалы білім берген курс тренері Иманғалиева Гүлсара Меншарипқызының еңбегін атап өткім келеді. 

Ұстаз – таудан арқырай аққан су секілді, айналасына қуат беріп, білім суымен нәрлендіреді. Алдымызға мақсат қоя отырып, соған жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тауып, талпындырсақ, егемен елдің ұландары білімді де білікті болып шықпақ.

Гүлзана МЫРЗАГЕЛДІ, 
 «Бөлек батыр атындағы орта мектеп» КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі
Ақши ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы