ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП

Уақыты: 08.07.2019
Оқылды: 874
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еңбекшіқазақ ауданындағы Сарыбұлақ ауылының орта мектебінде биылғы жазғы демалыс жылдағыдай құлшыныспен, қарбаласпен басталды. Қоңырқай ғана тірлігі бар ауыл мектебі алыс-жақындағы жаңалықтардан, жаңашылдықтан ешқашан қалыс қалып көрмеген. Бұл – мектебіміздің еңбекқор ұстаздары мен білімге құштар шәкірттерінің арқасы деп білеміз.


Жыл бойғы тынымсыз оқу жылының соңындағы жазғы демалысты көңілді, сәтті өткізуге үлкен де, кіші де зор үмітті. Сол үшін алыстан таңғажайыпты күтіп уақыт өткізбей, мектеп ұжымы аса үлкен дайындықпен демалысты қызықты жоспарлауды оқу жылының екінші жартыжылдығында қолға алған болатын. Ұзақ дайындық пен жүйелі жоспардың нәтижесінде мектеп жанындағы лагерьдің жұмысы сәтті басталды. 

1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында лагерьдің салтанатты ашылу жиыны өтті. Жиында мектеп директоры Т. Ерғожаева құттықтау сөз сөйлеп, балаларға сәтті демалыс, бақытты балалық шақ тіледі. Мерекелік жиынның жайдарлы өтуіне  ата-аналар да өз үлесін қосты. Жиын көңілді шеру, әуезді ән, тамаша би, спорттық ойындармен жалғасып, соңынан балаларға тәтті дүниелер үлестіріліп, бүлдіршіндер мәре-сәре болып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. 
«Алтын Адам» лагерінде 3 оқушы демалысын өткізіп келсе, мектеп жанынан құрылған лагерьге жалпы 196 бала тартылып, оның ішінде «Балдәурен» ойын-сауық лагерінде үш ауысыммен 75 бастауыш сынып оқушысы демалуда. 5-9-сынып оқушыларының арасында еңбек және көгалдандыру лагерьлері жұмыс істесе, «Тіл – достықтың көпірі» тақырыбында үштілділік, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде тілдік лагерь өз жұмысын атқаруда. 

Балалар уақытты көңілді әрі қызықты өткізе отырып, өз кезегінде тіл үйреніп, еңбекке де бейімделе түсуде. Жетекшілер әр істің қыр-сырын үйретуде. Олар бала жанының бағбаны ретінде міндетін адал атқаруда.

«Балдәурен» ойын-сауық лагерінде бөлмелер оқуға және демалып ойнауға арнайы бөлек даярланған. Әр күнгі атқарылған жұмыс бойынша лагерь жетекшілері күнделікті мәлімет беруге де даяр. Осындай ерен еңбектері үшін ұстаздарға «әр салада сіздер тәрбиелеген білікті мамандарымыз көп болсын!» – деп мектеп әкімшілігі атынан үлкен алғыс айтқымыз келеді. Өткен оқу жылын көптеген жетістікпен аяқтаған мектеп ұжымына алдағы оқу жылында да толағай табыстар мен асқар биіктерді бағындыруларын тілейміз!

Бақыт АБДЫҚАДЫРОВА,
 тәрбие ісінің меңгерушісі
Еңбекшіқазақ ауданы