ЖӨНДЕУ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ

Уақыты: 07.07.2019
Оқылды: 1109
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғанда  Мұхтар Арынұлы атындағы № 24  экономика және бизнес лицейі  мен өнеркәсіптік  индустрия және  жаңа технологиялар  колледжінде  оқу ғимараттары жаңартылуда.  Нысанның жаңартылу барысын бақылау үшін облыс әкімінің орынбасары  Ақан Әбдуәлиев құрылыс алаңына арнайы барды.


Облыстағы білім сапасы жағынан мақтаулы лицей күрделі жөндеуден өткізілуде.Онда білім шаңырағының шатыры, ауласы, стадионы және инфрақұрылымы жаңартылуда.Бір қарағанда қарқын жаман емес. Мекеменің іші-сыртында қайнаған жұмыс.Барлық шаруа бір мезетте атқарылып, үш мердігер бірін-бірі толықтыруда.  

Ақан  Жылқышыбайұлы бірден есік-терезенің мықтылығы мен қалыңдығына назар аударды.Қыста жел азынап,  жылу сыртқа шықпас  үшін терезеде саңылау болмағаны абзал.  Ішкі жұмыс кестедегіден біраз кешеуілдеуде.Сол үшін жұмысшы саны көбейтілуі керек екендігі ескертілді.Әйнек орнатылған қабырғалардағы саңылауды мықтап бекіту керектігі назарға салынды.Облыс әкімінің орынбасары  Ақан Әбдуәлиев шатырдың төбесіне дейін шықты.  Төбеден қар мен жаңбыр суы тамшыламас  үшін құрылыс материалының сапасы және жұмысы көңілге қонымды  болуы тиіс.  Сабақ басталғанда  спортзал мен акт залы пайдалануға сақадай сай  тұруы керектігі ескертілді.Сол екі залға  бар күшті салу керектігі, кестеден қалмас үшін жұмысшы күшін көбейту  мердігерлерге тапсырылды.  Лицейде 700 бала оқиды.  «Жаңа оқу жылы басталғанда оқу  үлгерімі жағынан облысты алға сүйреп келе жатқан 700 бала кешеуілсіз, мұнтаздай таза білім шаңырағына кіруі тиіс.  Олардың оқып,  білім алып, спортпен шұғылданып,  бос уақыттарын тиімді өткізуіне бар жағдайды жасауымыз керек.  Ендеше, құрылысты жүргізуді мойнына алған мердігерлер, кестеден қалмай жұмыс істеп, бөлінген қаржыны тиімді пайдаланыңыздар», – деді Ақан Жылқышыбайұлы. 

Облыс әкімінің орынбасары  қаладағы өндірістік  индустрия және жаңа технологиялар колледжіне барып, жұмыс қарқынымен танысты.Нысан күрделі жөндеуден өткізілуде. Қабырға сылақтары сырып тасталып, жаңадан әктеп-сырлануда.  Құрылысты  «Құрылысшы ТБС»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  жүргізуде.  Бөлінген қаржы  432 млн. теңге.  Ақан Жылқышыбайұлы мұнда да  құрылыс материалының сапасы, терезелердің дұрыс орналастырылуы және қалыңдығына назар аударды.  Асхана, шеберхананың жағдайымен танысты. Даладағы спорт алаңын да талапқа сай жөндеуді тапсырды. 

Жалпы құрылыс қарқыны ойдағыдай. Бірақ, жұмыстың аяқталуына табаны күректей екі ай қалғандықтан  алда атқаратын шаруа көп.  Ғимараттардың ауласын абаттандыру мен жуып-шаюды қосқанда жұмыс тамыз айының 20-сында  толық аяқталуы тиіс.

Гүлжан Тұрсын