ОБЛЫС ӘКІМІ ЕСЕП БЕРДІ

Уақыты: 21.07.2019
Оқылды: 870
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық мәслихаттың кезекті  ХLІХ сессиясында облыс әкімі Амандық Баталов  өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөнінде есеп берді. Сессияда, бұдан басқа,  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау, Алматы облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу, облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасын сайлау  мәселелері қаралды.

Мәслихат сессиясында атқарған жұмыстары жайына тоқталған аймақ басшысы  Амандық Ғаббасұлы бірінші жартыжылдықта  облыс экономикасының қарқынды дамуы мен Елбасының стратегиялық бағдарламаларын іске асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды  бағдарламасы мен 10 басым міндеттерін орындау бойынша жұмыстардың жүргізілгендігін айтты. Алты айда өнеркәсіпте  2,9 пайыз, ауылшаруашылығында  3,2 пайыз, саудада  3,7 пайыз өсу қарқынына қол жеткізілген.  Облыста, Талдықорған шаһарында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету  жақсы жолға қойылған.  Тұрғын үй тауқыметін тартып жүргендерді баспанамен қамтуға  кәсіпкерлер де қол ұшын беруде.  Мемлекеттік бағдарлама бойынша  жарты жылда 365 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 15,6 пайызға артық. Сондай-ақ, ет өндіру  3,5 пайызға, сүт  4,8 пайызға, сусындар 13 пайызға өскен.  
Аграрлы облыстың күнкөріс көзі негізінен мал мен егіске тығыз байланысты. Бірнеше жылдан бері суармалы алқапқа егін егуге баса көңіл бөлінуде. Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен Ескелді, Алакөл, Ақсу, Көксу аудандарында егіншілік алқаптарын қалпына келтіру жұмыстары басталды.  
Облыс бойынша жалпы егіс көлемі 962 мың гектарды құрайды. Оның 14 мың гектары қант қызылшасының алқабы. Осы алқаптан 577 мың тонна қант қызылшасын жинау, 50 мың тонна қант өндіру жоспарланған.  
Бір кездері жол жиегінде жайқалып тұратын жүгері алқабының көлемі де соңғы жылдары азайып кеткен. Облыс әкімі жиын барысында жүгері өсіру мен өңдеуге барынша көңіл бөлініп жатқанын айтты.  Жүгері алқабы биыл 81 мың гектарды құрады. 
Былтырдан бері таулы аудандарда картоп өсіру қолға алынды. Ол жайында Амандық Ғаббасұлы:  
– Өздеріңізге белгілі, біз картоп шаруашылығымен айналыса бастадық.  Өткен жылы сатып алынған голландиялық "Сантэ" сортынан екі мың  тонна тұқым алынып, Райымбек ауданының 600 гектарына  егілді.  Шаруаларға көмек ретінде бүгінгі күні 832 бірлік техника сатып алынып, 40 сервистік-дайындау орталықтары құрылды, – деп картоп өсіру мен техникамен қамтудағы жаңалықтарға тоқталды.  
Ауылшаруашылығының бір саласы – төрт түлік өсіру.  Бұл орайда мал бордақылаудың тиімділігі зор. Осы күнге дейін 67,7 мың басқа арналған 99 бордақылау алаңы салынды. Биыл 6600 басқа арналған тағы  5 бордақылау алаңы тұрғызылуда. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері 2980 тонна ет экспортталды. Жиырма мың басқа арналған 71 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Жалпы 17 мыңға жуық сауын сиыры бар 7 өнеркәсіптік және 750 отбасылық сүт фермалары салынуда. Отбасылық фермалар құру үшін биыл облыстық бюджеттен 500 млн. теңге бөлінді.  Облыс әкімі Амандық Баталов жыл соңына дейін ауылшаруашылығы өнімдерінің түсімі 750 млрд. теңгеге жетіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі  24 пайызға  ұлғаятынын айтты. 
 Амандық Ғаббасұлы кәсіпкерлікпен айналысуға барынша көңіл бөлініп жатқанына да жан-жақты  тоқталды.  Облыс басшысы өңірге инвестиция тартуға баса көңіл бөлініп келе жатқандығын айтып өтті. Бүгінгі таңда облыс бойынша 123 шағын  және орта кәсіпкерлік құрылымында 245 мың адам еңбек етуде. Биыл Жол картасының  «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіппен айналысушыларға  8,8 млрд. теңге қаржы берілген. 
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тартып, жұмыс орындарын ашуға, халықты еңбекпен қамтуға күш салыңдар деген тапсырма берді. Инвесторларды біз тартпасақ көрші мемлекеттер өздеріне қаратып алуы мүмкін. Бүгін  үнді елінің өкілдерімен  келіссөз жүргіздім. Қаржы тарту барысындағы жұмыстар тоқтамауы тиіс, – деді баяндамашы.  – Биыл  – Жастар жылы. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес жас кәсіпкерлерді оқытуға қаражат бөлініп, өз істерін ашу үшін гранттар және шағын несиелер берілуде. «Жас кәсіпкер» жобасы қолға алынуда.  Бірінші  қыркүйектен бастап жұмысшы мамандықтары бойынша оқытылатын колледж оқушыларына берілетін стипендия 30 пайызға көбейеді.
Амандық Ғаббасұлының айтуынша, аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарына  10 гектар көлемінде жер учаскелері бөлінген. Барлық аудандар мен қалаларда жастарға қызмет көрсету орталықтарын  салу жоспарланып, оларға жер учаскелері берілуде.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралар экономиканың серпінді дамуы, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін арттыру үшін жасалуда. 
Мәслихаттың кезекті сессиясында  мемлекеттік – жекешелік  әріптестік негізінде Қарасай ауданының Әйтей ауылында салынып жатқан 1200 орынды мектеп, аталған ауданның Райымбек ауылдық округі жеріндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, Райымбек ауданының  Нарынқол ауылындағы әкімшілік, прокуратура ғимараттарын қайта құру және пайдалану жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылданды.  Жиында  Алматы облысы әкімдігінің дербес құрамы бекітілді.  Мәслихат депутаттары облыс әкімі Амандық Баталовтың атқарған жұмысын тыңдап,  қанағаттанарлық деген баға берді.

Гүлжан ТҰРСЫН