СЕЗІМНІҢ НӘЗІК ПЕРНЕСІ

Уақыты: 25.07.2019
Оқылды: 1984
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бір жүректен шыққан сөз кем дегенде жүз жүректе бұғып жатқан бұла сезімнің бас көтеруіне түрткі болса, онда ол сөздің авторы ақын екені даусыз. Өйткені, поэзия – жүректің сөзі. Міне, осындай жыр жолдарын Әмина Адайханның «Қанатты хаттар» атты жыр жинағынан кездестірдім.


Жырсүйер қауымның арасында Жұматай Жақыпбаевтың Ләйласын білмейтіндер кемде-кем шығар. Таудан аққан бұлақтай шөліңді қандыратын таза поэзия. Әминаның өлеңдері Жұматай жырларымен үндесіп жатқандай әсер берді. Алғашқы жолдардан-ақ ақынның ерекше күйіне куә боласыз. Өз жүрегінің әнін айтып, өз көңілінің күйін шертіп отырып-ақ ұмытыла бастаған, сүрлеуін шөп басқан махаббат ауылына қарай жетелейді. Ұмыт болған мекеннен біреулер сәлем айтып шақырып жатқандай, жүрек түкпірінде қоламта болып қалған бір сезімімді үрлеп жаққандай болады. Күнделікті күйбең тірліктің қамытын шешіп, ешкім қол бұлғап тұрмаса да сол жаққа кеткің келеді. Неге? Әминаның жырлап отырғаны біз айта-айта жауыр қылған, кинолардан көріп көзімізді ала қашатын махаббат емес. «Қиялымның қырқаларын кеземін, былығы көп дүниеден беземін», – деп жырлағандай, ол – былығы жоқ таза сезімнен тұратын махаббат. 

Өз отыма өз жүрегім қақталып,
Сансыз ойдан санамдағы бақ тауып.
Жәудіреген үзік сырын жанымның
Өлеңіме отырармын ақтарып...  Осылайша жан баласына айта алмаған жанының жәудіреген үзік сырын өлеңге айтады. «Көңілімнен жақын дос таппадым, жанымнан жақын жар таппадым» – деп Бабыр бабамыз айтқандай, поэзиямен сырласып, сезімін өлеңмен әдемі өрген. Әминаның өлеңдерінде «эго» жоқ. Сен маған, мен саған деген бақай есеп те жоқ.

Алатаудың аязды, сынық халі,
Тұман бүркеп тұншыққан тұнық таңы.
Алматыға мен келем көктемді алып,
Сіз жүретін көшені жылытқалы, – дейді. Ал біз білетін махаббаттың пердесін ашып қалсаңыз ар жағында құмарлық деген сезім тұрады. «Аш беліңнен бір құшсам, үлбіреген ерніңнен сүйсем» деп те махаббат жайында өлең жазып жүргендер бар. Көп жағдайда махаббат пен құмарлықтың арасын жақсы білеміз. Бірақ құмарлық жайында тікелей айта алмаймыз. Айтсақ әдепсіздер қатарында кетеміз. Сондықтан да тәніне ынтызар болып тұрсақ та «жанын сүйемін» дейміз. Алайда, біреудің жанын сүю үшін өз жаныңды білу керек қой. Міне, осы жерде Әмина ақынның өз жанын жақсы зерттеп-зерделей білгені, махаббат дертін уға емес, нәрге айналдыра алғаны айқын көрініп тұр.
Көңілімнің көк айдыны кең еді,
Мініп алып сезім деген кемені.
Қазынасын қарақшыға ұрлатпай,
Өзім ғана жүзіп жүргім келеді, – дегені осының бір дәлелі. Қазынасын ұрлатпаған ақын. 

«Махаббат келсе, адамның жаны рахатқа бөленеді. Неліктен екенін білесің бе? Зор бақыт сезімі қайдан пайда болады? Жалғыздықтың ақыры келді деген ой туады». Бұл француз жазушысы Ги де Мопассанның айтқаны. Яғни, ғашық болу, мейлі, ол жауапсыз қалсын, осы жалғанда жалғыз емес екеніңді білу. Жүректің лүпілі, сағыныш, күйіп-жану, мұның барлығы содан кейін келеді. Бір қарағанда ақынның кейіпкері сүйгеніне қосыла алмаған сорлы болып көрінеді. Бірақ олай емес. Өйткені ол жалғыздықтан құтылған, махаббатын кезіктірген жан. Марина Цветаеваның:
«...Спасибо вам и сердцем и рукой,
За то, что вы меня – не зная сами! – 
Так любите: за мой ночной покой,
За редкость встреч закатными часами...
За то, что вы больны, увы, не мной,
За то, что я, увы, больна не вами» – деген өлеңі бұрын-соңды кездеспеген, қол ұстасып бірге жүрмеген адамға айтылып тұр. «Мені сүймесеңіз де жүрегіңізде махаббаттың болғандығы үшін рахмет» дейді. Әмина кейіпкері де ешқашанда қол ұстасып бірге жүрмейтінін біледі, бірақ алыстаған сайын жақындайды.

Сіз білмеген шығарсыз?
Өртенсем мүлдем басылмайтынымды,
Білсең де қалап шақырмайтыныңды.
Арамыз қанша алыстаған сайын,
Соншалық сізге жақындайтынымды, – деген жыр жолдары асқар таудың алыстаған сайын асқақтайтынындай, нағыз таза махаббат қана алыстаған сайын жақындататынын ұқтырады. Көзден кетсе, көңілден кететін жалған сезім емес. Өкініштісі – жалынан ұстатпайтын мына тарпаң да жалған дүниеде нағыз махаббат тәтті сезімнен гөрі кермек дәмімен есте қалатындығы. Бала кезімізде теміржолды жағалап талай жаяу жүргенбіз. Сонда, сонау алыста, көз ұшында көлбеген екі жол қосылып жатқандай көрінетін. Көзге солай көрінгенімен оның иллюзия екенін санаңмен сезіп тұрасың. Әмина жырларында осындай иллюзия жоқ. Өзін-өзі алдамайды. Қол ұстасып мәңгі бірге бақытты өмір сүреміз деген ертегіге алданбайды. 

Жүрегімді жұлқиды мұң сыздана,
Ұрысқаным, сөккенім..
Зілсіз нала.
«сүйемін» деп жаһанға жар салмай-ақ,
Саған бақыт тілеймін үнсіз ғана... 
Осы жыр жолдары арқылы ақын мені сүймесеңіз де бақытты болыңызшы дейді. Неге? Өйткені өзі бақытты. Сүйіктісінің де бақытты болуын қалайды.

Британдық жазушы Сомерсет Моэм: «Адамдардың басты бақытсыздығы – тәндерінің өлгендігі емес, махаббаттарының өшкендігі», – депті. Олай болса, ғашықтықтың отына лаулап жанып жүрген адам бақытсыз бола ма? 

Әмина ақын жүректің нәзік лүпілін тап басып, ғашық жанның жанарындағы нұр мен мұңын, сезімнің себезгілеген сәулелерін дәл бейнелей білген. Әр адам өзінше сырсандық, ашылмаған, зерттелмеген қазына ғой. Сондықтан да ақынның сырсандығында қандай қазына жатқанын біз біле бермейміз. Дегенмен де, қарапайым оқырманның көзіне көріне бермейтінді көрсете алатын, білмегенін биіктетіп, жүректердегі бұлықсып жатқан бұла сезімдерге түрткі болатын жыр жолдарын күтеміз.

Жұмахмет ЖАЙЛАУБАЙ,
Қазақстанның Құрметті журналисі