САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Уақыты: 25.07.2019
Оқылды: 1026
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Көксу аудандық ауруханасына 40593 адам  тіркелген.  Олардың 27496-ы ересек, 1432-і жасөспірім,  қалғандары  балалар. Аудан халқына  125 орынды орталық аудандық аурухана, тәулігіне 250 адам қабылдайтын емхана, 9 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 9 фельдшерлік-акушерлік,  9 медициналық пункт және тағы бір жекеменшік «Көксу Мед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен 4 жекеменшік тіс дәрігерлік бөлмесі қызмет көрсетеді. Аудандық аурухананың бас дәрігері Марат Әбдіғалымов басқаратын медициналық сала  2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық»  мемлекеттік бағдарламасын  және «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бағдарламасын орындау барысында еңбек етуде.


«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мақсатында биыл Көксу аудандық орталық ауруханасында «Мисс Жетісу» атты медициналық информациялық жүйе енгізілді. Медициналық пункттер толығымен компьютерлік техникамен қамтылды.  

Аудандық ауруханада 69 дәрігер, 288 орта буын медицина қызметкері бар.  Дәрігерлердің  20-сы жоғары санатты. 

Былтыр  жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында Алматы мен Семей қалаларында өткен  «Бос орын жәрмеңкесіне» Марат Собетайұлы қатысып, нәтижесінде 7 жас маман  аудандық ауруханаға жұмысқа орналасты. Оның ішінде 2 акушер-гинеколог, 2 жалпы практикалық дәрігер, бір стоматолог, бір хирург, бір реаниматолог «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы  әлеуметтік көмек алды. Алдағы уақытта біраз дәрігердің зейнеткерлікке шығатынын ескерсек, әлі де маман тарту міндеті тұр. 

Ауруханада  30-40 жыл жұмыс істеп келе жатқан дәрігерлер баршылық. Олар: Серікқазы Медиев, Ғайния Бекжанова, Сағындық Жүнісов,  Бибігүл Желдікова, Сақыпжамал   Мамаева, Гүлнәр Кертаева, Гүлнар Оразбекова, Мира Канаева, Салтанат Аб- драхманова, Зылиха Джаксенова, Сауле Қасымова, Мабдуха Қалдыбаева, Баян Медиева, Райхан Тілеубердиновалар.  

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес нысаналы индикаторларына қолжетімділікті қамтамасыз ету барысында әйелдер мен балалардың денсаулығын нығайту, ана мен бала өлімін азайту, сәбилердің тууын көбейту, жалпы өлім-жітім, оның ішінде қатерлі ісік, қан-тамыр және туберкулез ауруларынан өлім-жітімді  азайту, халықтың демографиялық ахуалын жақсарту мақсатында аудан көлемінде біршама іс-шара атқарылды. Былтыр, яғни, 2018 жылы  890 нәресте дүниеге келді. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір көп.

Аудандық   денсаулық  сақтау  саласының мамандары  «Ауырып  ем  іздегенше,  ауырмаудың  жолын ізде» деген  қағиданы  басты  мақсат  тұтады.  Сырқаттың   алдын  алу  жұмыстары  кеңінен  жүргізіледі.  Істің  көрсеткіші  де  жаман  емес.   Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 170 адамның білінбей келген сырқаты анықталып, диспансерлік есепке алынған.

Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында  Көксу бекетінде жаңа  дәрігерлік амбулатория салынуда. Сондай-ақ,  аудандық аурухананың ғимаратына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарлануда.

 Борамбай ЕРҚАЛЫМ,
 Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі
Көксу ауданы