СЫРЫМБЕТ ҚЫРҒЫНЫ

Уақыты: 25.07.2019
Оқылды: 1341
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

1916 жылы кірген Ұлу жылы Жетісу өңіріне қырғын болып тиді. Бейбіт жатқан елді дүрбелеңге түсірді. Бірінші дүниежүзілік соғыстың қара жұмысына жегу үшін бұратана халықтардың соқталдай жігіттерін әскерге шақыртқан Ресей патшасының жарлығы Ұлы Далада жатқан қазақ халқының наразылығын тудырды. Жергілікті әкімқаралар мен патша жендеттеріне қарсылықтың соңы ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. Ондай тарихи оқиғалар мұрағаттарда әр өңірдің және оны мекендеген ру-тайпалардың атымен аталды. Сондай оқиғалардың бірі Қаратал өзенін бойлай жатқан Сарноқай тауының сай-саласын қоныстанып отырған Сиыршы елінің бір атасының атымен аталып кеткен «Сырымбет қырғыны».


Ресей бас штабының есептеуі бойынша тыл жұмыстарына 240 мың адам алу жоспарланыпты. Бір ғана Жетісу облысының өзінен 87 мың адамның тізімі жасалған. 1916 жылдың тамыз айында Жалайыр тайпасына қарасты болыстарда 30 мыңға жуық жігіт топтасып, патша жарлығына қарсылыққа көшеді. Жалаң қылышпен жауға шыққан жігіттердің арасында мылтық ұстағандар бірен-саран ғана. Жоғарғы Қаратал болысының тұрғындарынан жасақталған ереуілшілер алдымен орыс-казак қоныстанған Қаратал ауылына шабуыл жасайды. Бірнеше күнге созылған қақтығыстан соң көтерілісшілер 26-шы қыркүйек күні шегініп, Қаратал өзенінің Балқашқа құяр саласына ығысуға мәжбүр болды. 

Бірақ мұнымен іс бітпеді. Жоғарғы Қаратал болысын мекендеген – Сиыршылар патша жарлығын орындаудан бас тартып, қасарыса қарсыласты. Топ-топ жасақ құрып, тау шатқалдары мен шың-құздарын паналап, бекініс жасаған жігіттердің алдында елдің бетке ұстар азаматтары, ел ағалары жүрді. 

Тау сағалап, қарсылық танытқан 300 жігітке қарсы 28 қыркүйек күні Қапалдан бастан-аяқ мұздай қаруланған жазалаушы отряд шығады. Осипов басқарған жасақ ел шетіне кіре сала көзге түскен еркек кіндіктіні тарсылдатып атып, штыгымен шаншып өтті. Әйелдерді етегіне оралған баласымен қосарлай шапқан жазалаушы отряд аяғы ауыр келіншектердің ішін жарып, қанға бөктірді. Мұндай жауыздыққа шыдамаған жұрт кері серпіліп, жазалаушы отрядқа қарсы ұмтылды. Сиыршылардың жаужүрек жігіттерінен мұндай ерлікті күтпеген казак-орыс отряды Быжы өзеніне қарай ығысты. Ондағы тастүйін отырған Мырза руының жігіттері қарсы шығып, қашқан отрядтың алдынан соққы береді. 

Алапат шайқастан кейін басын бұлт бүркеген тауға шегінген Сиыршының жігіттері адам бара алмас жерлерге бекініп, партизандық соғыс жүргізу тәсіліне көшеді. Жағдайдың бұлай өзгеруіне ашуланған Осипов: «Меніңше, Қаратал болысындағы бүлікшілерді міндетті түрде қырып тастау керек. Малдарын мемлекет  қазынасына өткізіп, болысты таратып, адамдарын бейбіт, бүлік шығармаған болыстардың арасына бөліп қоныстандыру керек. Бұл басқа қазақтар үшін үлкен сабақ болады», – деп мәлімдеме жасайды. Ақырында қазан айының басында жазалаушы отрядтардың қырып-жою әрекетінен соң Қапал уезіне қарасты Жоғарғы Қаратал болысындағы көтеріліс күшпен басылды. 

Осы оқиғалардың бәрі тарихта «Қаратал ісі» деген атпен сақталды. Кейінірек белгілі ғалым Ғайрат Сапарғалиевтің мұрағат материалдары негізінде жазған «Карательная политика царизма в Казахстане» деген зерттеу еңбегі тақырыптың толық ашылуына себеп болды. Онда 1905-1917 жылдар аралығындағы оқиғалар кеңінен қамтылған. Қаратал болысындағы көтерілісті ұйымдастырып, бостандық үшін басын бәйгеге тіккен, жауға қарсы алдымен атқа қонғандардың есімі ел тарихына алтын әріппен жазылуы тиіс. Олардың ерлігін дәріптеген Ғ. Сапарғалиев бостандық үшін жанын пида еткен көтеріліс көсемдері туралы: «Кез келген көтеріліс басшысыз болмайтын-дығы белгілі. Қапал уезіндегі Жалайыр тайпасының Сиыршы руын патша үкіметіне қарсы мынандай тұлғалар бастап шықты: Ысқақ Малаев, Рахым Күшіков, Серғазы Бөкеев. Міне, осы тұлғалар бастаған Сиыршы руы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске өзіндік үлесін қосты», – деп жазады «Карательная политика царизма в Казахстане» атты зерттеу еңбегінде.

 Қаратал өзенінің қос жағалауын қоныс еткен қалың ел осылайша патша әскерінің қырғынын көріп, талай боздағынан айырылды. Өзеннің оң жағалауындағы Қаратал, Қора, Керімбек, Көкжазық, Қайнарлы, Ақтасты, Қоржынбай деген жерлер, одан арыдағы Қапал өңірін 1916 жылы патшаның жесір қызы Антонина басқарған. Қапал ол кезде ояз орталығы еді. Осыншама кең-байтақ жерде қоныс тепкен ауылдар «бесінші», «алтыншы», «жетінші» деп нөмірленіп, санмен аталатын. Мыңдаған гектар шұрайлы жерді жалғыз иемденген Антонина ханым сол ауылдарды өз адамдарына басқартқан. Мысалы, Қаратал мен Қора ауылдарын басқарған пристав Сибирьский айналасындағыларға жайлы, пейілінде арамдығы жоқ, жергілікті қазақтармен бейбіт, тыныш өмір кешкен адам ретінде танылады. Қазақтар одан тіпті жер жыртып, егін егуді, жеміс-жидек ағашын отырғызуды үйренген. Оған дейін негізгі кәсібі мал өсіру болған Сырымбет руының азаматтары да мұндай игі істен қалыс қалған жоқ. Осындай өзара жақсы қарым-қатынастың ақырында Сибирьскийдің басқаруындағы казак-орыстар қазақтармен қыз берісіп, қыз алысты. Осылайша айрандай ұйып, аралас-құралас болып, егініне тұқым, ағашына көшет алып отырған елді Сибирьскийден кейін келген пристав Андрей іркіттей ірітті. Жергілікті халық «алаяқ», «жауыз», «қара Андрей» атап кеткен пристав әумесерлікпен Қаратал өзенінің екі бетінде жатқан елдің егінін малға таптатып, қарсы шыққандарға қамшы сілтеуді әдетке айналдырады. Оспадарсыз қылығын ермекке айналдырған Андрей мен ұрда-жық есерсоқтарына әй дейтін әже, қой дейтін қожа шықпады. Сондағы Талдықорғанның орнындағы Гавриловка атты бекетті басқарған пристав Казанцовтың, Қарабұлақ бекетінің атаманы Биденконың сөзі алаяқ Андрейге еш жүрмеді. 

Дәл осы тұста патшаның әскерге жас жігіттерді алу жөніндегі жарлығы шығады. Тізім жасаушылар әркімнің жасына ойына келген санды шамалап жаза салғандықтан, 30-43 жастағы балалы-шағалы жігіт ағалары да тізімге ілініп, әскерге алынды. Былайғы жуас жұрт не қылған соғыс екенінен мүлдем бейхабар еді.

Десе де, ел құлағы елу емес пе, Қарқара жәрмеңкесіндегі Албан көтерілісін, Торғайдағы Аманкелді Иманов бастаған толқуды, Үшқоңырдағы Бекболат Әшеекевтің қол жинап ақ патшаға қарсы көтерілгені туралы дүмпуден құлағдар болған қалың Сиыршы әрекетке көшуге бел байлады. Қай істің болса да көшбасшысы болатындығы сияқты, өмір мен өлім үшін арпалыс жолындағы дайындық Жазықбай сынды ерге жүктелді. Алып денелі, батыр тұлғалы, шүңірек көзді, қарасұр өңді Жазықбай құралайды көзге атқан аңшы еді. Үнемі қолында шиті мылтығы, белінде қылышы жүретін. Батырдың қандай кісі болғандығын Жазықбайдың баласы Биболат қариядан бала кезімізде естіген едік. Кейін оны Жетісу ауылында тұратын Бітім Биболатов талай әңгімеге арқау қылды.

Жазықбай батыр казак-орыстарға қарсы тұру үшін қару-жарақ керектігін ұғынып, темірден түйін түйген шебер ұста Байбөріліге мылтық, қылыш жасауға тапсырма береді. Қаннен қаперсіз көрігін қыздырып, қылыш соғып, мылтық жасаған ұстаның ісін көрген әлдебір сатқын оны сыртынан алаяқ Андрейге жамандап жеткізеді. Бұл хабарды ести салысымен қасына Крючковты ертіп, Қапалға, ояздағы атқарушы пристав Казанцовқа қарай ұшқан жауыз Андрей қасына 270 солдат ертіп, түнімен Сырымбеттердің жеріне лап қояды. Алдымен Байбөрілі ұстаның дүкенінің тас-талқанын шығарып, тығылған 16 мылтық, 20 қылышты тауып алады. Көзге түскен жанды шетінен өлтіріп, бала-шаға, кемпір-шалға қарамай қырғын салуға бұйрық берген жауыз атаманның әрекетінен күз аспанын қайғының қара бұлты торлады. Шыңғыра жылаған сәбилердің жан даусына аналарының ащы даусы қосылғанда қара жер ыңыранып, тау мен тас дүр сілкінгендей болды. Нәрестелер қылышпен туралып, жазықсыз кемпір-шал мылтықтың оғына ұшты. Көптеген ер-азамат қарусыз болғандықтан қарсылық көрсете алмай, қапыда қаза тапты.

Жазықбай қалың солдатқа қарсылық танытып, қасындағы жігіттермен бірге ақтық демі қалғанша айқасады. Оны тірідей қолға түсіруді тапсырған атаманның бұйрығы орындалып, батыр бастаған 11 адам қамауға алынды. Жендеттер сонда да қырғынды тоқтатпай қарайып көрінген қазақты қылышпен кескілеп, мылтықпен атқылады. 12-14 жастағы қайныларын ұраға тығып, аузына өздері қалқан болып жата қалған Нұржамал және Сара есімді екі әйелді солдаттар айырмен аяусыз піспелетіп, бой жасырған 4 адамды түгел өлтірді. Байсейіт сайында төрт баласымен тұратын Ыбырайым қария үрім-бұтағымен қырылды. Қатын-қалаш, бала-шаға өз көрін өздері қазды. Қанды қырғыннан тірі қалғандар беті ауған жаққа қашып, жан сауғалады. Қолға тірідей түскен 71 адамды түгел қырып салған солдаттар Жазықбай бастаған 11 адамды Қапалға жеткізбей, жолай Көктал деген жерде атып тастайды. Олардың ішінде Жазықбайдың немере ағасы Салық Дәукенов, інісі Сейдахмет Ыбыраймов бар еді. 

Осылайша Жазықбай батыр дегеніне жете алмай дәл 49 жасында қапияда қаза тапты. Гавриловка бекетінің түрмесіне қамалған Байбөрілі бастаған 15 адамның ішінде Жазықбайдың ұлы Биболат бар. Қырғын болған жерде 150-ге жуық сырымбеттік жанның қанын мойнына жүктеген казак-орыс отряды осылайша жазықсыз ауылды қанға бөктірді. Азаттық жолында жан қиған ата-аналарымыздың, жазықсыз сәбилердің мүрдесі Текелі қаласындағы ашытқы зауытының жанында, тау етегінде жатыр. 

Түрмедегі он адам, ішінде Жазықбайдың баласы Биболат бар, Семей қаласына айдалды. Өлім жазасына кесілген тұтқындар қырғын болған күннен дәл алты ай өткенде, 1917 жылдың 21 наурызында жаңа орнаған Кеңес үкіметінің шешімімен түрмеден босап, елге қайтты.
Сырымбет ауылындағы қырғынның қысқаша тарихы осындай.

Сәбит БИБОЛОВ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер
одақтарының мүшесі