МЕРЕКЕДЕ ТЕГІН ТАСЫМАЛДАЙДЫ

Уақыты: 24.07.2019
Оқылды: 667
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқан қаласында тұрғындарды тасымалдаумен айналысатын «Молдабеков» жеке кәсіпкерлігі осыдан үш жыл бұрын жұмысын бастады. Кезіккен кедергілерге қарамай, алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін аянбай тер төкті.


Отбасылық кәсіпті бастауға мұрындық болған Молдабековтер әулетінің ұлы Бақтияр Дарихат 2002 мен 2012 жылдар аралығында Талдықорған қаласында жұмыс істейді. «ГАЗель» көлігінде кондуктор болып жүріп, жолаушы тасымалдаудың қыр-сырын меңгереді. Кейіннен Сарқан қаласында тұратын әкесі Жолдыбай Молдабековке ойын жеткізіп, «ГАЗель» көлігін сатып алады.

– Алғаш екі «ГАЗель» жүргіздік. Халықты үйрету үшін көп уақытымыз кетті. Алдымен жеңіл көлікпен жүріп, уақытын есептеп, тоқтайтын аялдамаларды белгіледік. Екі айдай еш пайдасыз жүрдік. Тіпті, бос жүріп, жанармайдың қаржысы өз қалтамыздан шықты. Көліктер де ескі, жиі бұзылады, оны жөндеу керек. Қысқасы, үлкен шыдам қажет екен. Екінші жылы үлкендеу автобус алдық. Уақыт өте келе халық оған сыймайтын болды. Қазір қалаішілік екі автобусымыз жүреді, – дейді Жолдыбай Дарихатұлы. 

Автобустың қаланы толық аралап шығуына   1 сағат уақыт кетеді. Жолақасы небәрі – 50 теңге, мұндай баға республика көлемінде жоқ. Отбасы мүшелерінің бірі жүргізуші, бірі кондуктор болып жұмыс істеп жатыр. Жеке кәсіпкерлікке аудандық әкімшілік көмек көрсеткен, тендер де ұтып алған. Қазір көпбалалы аналарға арнап субсидияның құжаттары дайындалу үстінде. Бір ерекшелігі, автобустар мереке күндері тегін қызмет көрсетеді. Айталық, қасиетті Айтта, Балалар күнінде жол жүру тегін. Жолдыбай Молдабеков осы уақытқа дейін аз қамтылған отбасыларды тегін тасымалдап келген.

«Молдабеков» жеке кәсіпкерлігі Алмалы – Бірлік ауылдарының арасына да жолаушылар тасымалдауды жоспарлап отыр. Кейін жол жасалса, жақын ауылдарға да автобус жүргізіп, кішігірім автопарк құрмақшы.

Мәулен ӘНЕРБАЙ