АЛҒАШҚЫ БОЛЫП БАСТАДЫ

Уақыты: 24.07.2019
Оқылды: 779
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Сарыжаз ауылдық округінде мал азығын дайындау науқаны басталды. Айта кетерлігі, игілікті іске аталған елді мекен  тұрғындары алғашқы болып кірісті.


Сарыжаз ауылдық ок­ругінің әкімі Медет Азан­баевтың айтуынша (суретте оң жақта), округ бойынша 6638 бас ірі қара, 29866 қой-ешкі, 3617 бас жылқы өсірілуде. 
– Шабындық жер 2300 гектарды құрайды. Биыл жалпы 18638 тонна мал азығын дайындау жоспарда. Оған мүмкіндігіміз жетеді, – дейді ол. 

Мәлік Жүнісбеков басқаратын «Байсерке» шаруа қожалығындағы 64 гектар жерге шалғы түсті. Мал азығын дайындау жайы жаман емес. Қожалықтың 10 гектар арпасы өсіп келеді. Жалпы, шабындық, егістік, жайылымдық алқаптарын қосқанда барлығы 350 гектар жері бар.

– Көптен күткен сындарлы науқан басталып кетті. Биыл 200 тонна мал азығын дайындауды көздеп отырмыз, – дейді қожалық жетекшісі. 

Аталмыш қожалық соңғы жылдардан бері қарай мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс жасап келеді. Мұнда ет бағытындағы «Герефорд» тұқымды ірі қара өсірілуде. 

Қанат БІРЖАНСАЛ