БАНК АЙЫППҰЛДАРДЫ КЕШІРЕДІ

Уақыты: 24.07.2019
Оқылды: 665
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Асқар Мамин өткізген мәжілістің күн тәртібінде  15 шілдедегі кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  берген тапсырмаларын орындау барысы талқыланды.


«Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын және жалпы экономиканы жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.  Үкіметтің қазіргі және алдағы басты міндеті – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жаңа инвестициялар тарту», – деді Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Селекторлық жиында Қазақстан Республикасы  Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан  Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасарлары Жеңіс Қасымбек пен Гүлшара  Әбдіқалықова, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат  Досаев өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша баяндама жасады. Қаржы министрі  Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін іске асыру үшін нақты шаралар жоспары әзірленгенін жеткізді.  Жыл соңына дейін мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленіп,  мемлекеттік аппаратты оңтайландыру, кадрлық жоспарлау және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелері көрініс табатыны айтылды. 

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі  Асқар Маминге  Мемлекет басшысының тапсырмасына орай банктерге  «қарапайым заттар экономикасын» несиелеу үшін ұзақмерзімді қор беру механизмі жетілдірілетіндігін айтты. Бөлінген қаржы тек несие беруге жұмсалмақшы. Сонымен бірге, Е. Досаев Ұлттық банк бекіткен, кепілсіз тұтынушылық несие бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдардың биылғы 30 шілдеге дейін есептен шығарылатынын айтты. Яғни, қарызды төлей алмағандардың  банк қосқан пайыздық өсімі қысқартылады.   Жақын күндері банктер мен микроқаржы ұйымдары  тұрақсыздық айыбын да кешіреді. 

Банктер, микроқаржы ұйымдары және проблемалық кредиттер қоры арасында есептен шығарылған айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін өтеу туралы келісім жасалады.  Сондай-ақ, 20 тамызға дейін банктер және микроқаржы ұйымдарына айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша кешірілген берешектің 30 пайызы  өтелмекші. Жүйелік проблемаларды және болашақта азаматтардың берешегінің бақылаусыз өсуін шектеу мақсатында осы жылдың соңына дейін Ұлттық банк несиелеу құрылымдарын, оның ішінде несиелік серіктестіктер және ломбардтарды реттеу мәселелері бойынша қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылдайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасының айтуынша,  "Банктер мен банктік қызмет туралы" Заң мен  "Микроқаржылық ұйымдар туралы" Заңға 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссиялар және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салу бойынша түзетулер енгізіледі. Азаматтардың борыштық жүктемесінің коэффициентін есептегенде, несие бергенде қарыз алушының барлық міндеттемелері, оның төлем қабілеттілігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынады. Мәселен, борыштық жүктеме коэффициентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегерілетін болады. 

Жиын соңында ҚР Премьер-Министрі әлеуметтік саланы дамыту мақсатында бірқатар нақты шаралардың қолға алынатынын айтты. Мұқтаж адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетудің нақты және ашық рәсімдері белгіленіп, әлеуметтік қолдаудың кепілді көлемін көрсетудің бірыңғай тәсілдері жасалатынын жеткізді.
 

Гүлжан ТҰРСЫН