"СЫБАҒАНЫҢ" ИГЛІГІН КӨРДІ

Уақыты: 25.07.2019
Оқылды: 759
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тұрмысын түздегі тірлікпен байланыстырып, асыл тұқымды ірі қара малын өрбітіп отырған қожалықтың бірі – «Сельский механизатор» ЖШС. Олар алғашында «Нағашбек» шаруа қожалығы болып құрылған. 


Аталмыш қожалық ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 20 млн. теңге көлемінде несие алды. Қаражатқа Ресей мемлекетінен 80 бас қалмақ тұқымды ірі қара малын сатып әкеледі. Ендігі мақсат – осы мал басын қыстан аман алып шығып төл алу, санын көбейту. Осы ретте 80 басқа 2 мың орама шөп әзірленуде. 300 гектар жерге қарабидай, ақбидай, сұлы егілген. Одан бөлек 600 гектардай жерде еркекшөп, судан шөбі, эспарцет бар.

Бүгінде жоспардағы жемшөптің 70 пайызы дайын. Дала төсінде тыным таппай жатқан жұмысшылар алдағы уақытта межелі мөлшерді толықтай орындамақ. Техникада да ақау жоқ. Бір тоқтау көрмеуде. Бұл – өмірін дала жұмысымен байланыстырған «Сельский механизатор» ЖШС-нің төрағасы Дарын Нағашбекұлының еңбегінің жемісі.

– Мектепті аяқтай салысымен ауылдағы тірлікке араластық. Ес білгелі мал мен егін даласындамыз. Бала-шағамызды өзгелерден кем қылмау үшін, олардың болашағын баянды ету мақсатында тыным таппаймыз. Себебі, өміріміздің мәні солар. Бір айтарым, біздің білім – маңдай терде. Қара жұмыстан әбден қатқан қолымыз, таза еңбектің нәтижесінен тамған теріміз – міне, біздің ғылым, – дейді қожалық жұмысшысы Мұрат Хасанов. 

Жалпы, аудан бойынша 53 мың гектарға жуық шабындық жерден 340 мың тоннадан астам жемшөп дайындау көзделген. Қазіргі таңда соның 154 мың тоннасы әзірленді. Жоспар тамыздың соңына қарай толықтай орындалады деп күтілуде. 

Алмат ЕСЕНБЕКОВ