ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖЫРАУ

Уақыты: 25.07.2019
Оқылды: 1115
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«ХХ ғасырдың Гомері» атанған жыр даңғылы Жамбыл Жабаевтың ғұмыры мен өмірлік өнегесі қазақ халқы үшін мол мұра саналады. Жыр алыбының артында қалған шығармалары, өмір сүрген үйі мен автокөлігі нағыз жәдігер. Бүгінгі таңда үлкен тарихи-мәдени ошаққа айналған мекеме ақынның туып-өскен ауылында орналасқан.


1938 жылы Үкімет ақынға 12 бөлмелі үй мен автокөлік сыйлап, денсаулығын қарайтын, өлеңдерін жазып алатын әдеби хатшыларды тағайындайды. 1946 жылы Жамбыл Жабаевтың 100 жылдығы тойлану барысында Үкімет тарапынан «Тұрған үйі музей болсын» деген жарлық шығады. Осылайша 70 жылдан астам уақыт музей қызметкерлері жыр дүлдүлі Жамбылдың өмірі мен шығармашылығын насихаттап келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен түрлі игілікті іс-шаралар, көрмелер мен кездесулер өткізілді. Сондай шаралардың бірі ретінде Қарасай ауданының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» деген тақырыппен өткен көрмені атауға болады. Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі қорынан қойылған 50-ге жуық жәдігерді тамашалаған көпшілікке музей қызметкерлері ақынның жеке заттары мен тұрмыстық бұйымдарын көрсетіп, картиналардың тарихын таныстырды. Көрменің жәдігерлері, әсіресе, жас ұрпаққа ерекше әсер етіп, ақынның таяғы мен домбырасы жыршы образын ашып көрсеткендей болды. Сөйтіп, көрермендер бір сәт ХХ ғасырдың куәгері болып қайтты. 

Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин бір сөзінде: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» деген екен. Сол айтқандай, әдеби-мемориалды музей қызметкерлері келушілерге музейді таныстырып қана қоймай, ақынның ерекше мінез-құлқын, қарапайым қасиетін, мол мұрасын ұтымды насихаттап келеді. Бұл – біздің азаматтық парызымыз.

Қарлығаш ТЕЗЕКБАЙ,
Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің қор сақтаушысы