МҰРАЛАРҒА МҰҚИЯТТЫЛЫҚ КЕРЕК

Уақыты: 25.07.2019
Оқылды: 1314
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар әлі де болса  ғылыми айналымға түскен жоқ. Сонымен қатар, отандық және шетелдік архивтерде бізге жетпеген, беймәлім тарихи құжаттардың беті әлі де ашылмай келеді.


Сондықтан  "Архив – 2025" бағдарламасы аясында атқаратын жұмыс ауқымды. Тіпті, архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру керек. Бүгінгі таңда облыстық мемлекеттік архивте және оның филиалдарында 1875 – 2015 жылдарды қамтитын 4370 қор, 1221552 сақтау бірлігі бар. Архив қорлары Жетісу өлкесінің бай тарихынан сыр шертеді. Архив қорларының байлығы және сақтау бірлігінің көптігі бойынша республика көлемінде алдыңғы қатарда тұр.  

Өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен «Архивтер сөйлейді», «Тарихи тұлға», «Архив шежіресі», «Электрондық архив» атты төрт жоба қолға алынды. Осы жобалар бойынша көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, «Архивтер сөйлейді» жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтау,  қамтамасыз ету, пайдалану және «Архивтік анықтама беру» жобасы бойынша халық арасында кеңес беру шаралары мен әртүрлі тақырыпта  семинар, көрме, кездесу,  "дөңгелек үстел", телеарналарға сұхбат берілді. Сондай-ақ, «Архив шежіресі» жобасы бойынша латын графикасындағы құжаттарды айқындау, тарихи құндылығы бар құжаттармен танысу жұмыстары жүргізілді. «Тарихи тұлға» жобасы негізінде архив мекемелерінің жұмысын жандандыру, тұрғындардың туған жеріне деген қызығушылығын арттыру, архивтегі құжаттардың көмегімен облыстың дамуына өз үлесін қосқан тұлғалармен танысу, кездесу кештері өтті. «Электрондық архив» жобасы аясында тарихи құжаттамалық мұралардың ұзақ сақталуын қамтамасыз ету мақсатында архивтік құжаттардың бірыңғай электрондық жүйесінің архив қорлары бойынша тізімдеме мен электрондық нұсқасы жасалды. 
Мұндай жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді.

А. ДОНБАЕВА,
Алматы облысы мемлекеттік 
архивінің архивисі