ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ

Уақыты: 25.07.2019
Оқылды: 708
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалында «Өзгермелі әлемдегі трансформациялық көшбасшылық» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Шараға қалалық, аудандық жергілікті полиция қызметкерлері қатысты. 


Полиция органдары басшы құрамының қызметін жоспарлау мен ұйымдастыру, кәсіби біліктілікті көтеру мақсатында өткен семинар 40 академиялық сағатқа созылды. Алғашқы күні Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысы Серікбай Нұрғисаев дәріс оқып, ақыл-кеңесін айтты. Ол өз сөзінде: 
– Мемлекеттік қызметкердің басты қағидасы – халыққа адал қызмет ету. Осыны басты назарда ұстаған жан ұтады. Ол үшін адам бойына парасаттылық қасиетін сіңіруі қажет. Онсыз қоғамдағы қылмысты, жемқорлық пен бұзақылықты тоқтату мүмкін емес, – деп мемлекеттік қызметтің қыр-сырына тоқталды. 
Төрт күнге созылған семинар-тренинг қатысушыларына дәріс оқып, стратегиялық сессиялар, интерактивті дискуссия, шағын топтармен жұмыс жүргізген Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының басшысы Қазыбек Шакишев:
– Шараға 20 қала мен ауданнан құқық қорғау органдары басшыларының бірінші орынбасарлары келіп, қатысты. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік қызметкерлердің, оның ішінде, құқық қорғау органдарының жеке құзыреттілігін дамыту, халық пен билік арасындағы ынтымақтастықты, байланысты нығайту және әлемдік трансформацияларға бейімдеу. «Қалай өзгереміз?», «Кімді өзгертеміз?» деген сынды сауалдарға жауап бере отырып, өзгерістерге дайындау, – деді. 

Семинар көшбасшылық, парасаттылық, стреске төзбеушілік, жобалық менеджмент бағытында өтті. Айта кетерлігі, семинар кәсіби білім беру емес, құзыреттілікке бағыттау аясында өрбіді. 

Аймарал ОМАР