"МЕКТЕПКЕ ЖОЛ" АКЦИЯСЫ БАСТАУ АЛАДЫ

Уақыты: 26.07.2019
Оқылды: 1349
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық қайырымдылық шарасына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова қатысып, жыл сайын өткізілетін акцияның жай-жапсарын түсіндіріп өтті.


Әлеуметтік бағыттағы бастама 1 тамыз бен 30 қыркүйек ара­лығын қамтиды. Акцияның мақсаты –  жетім, жартылай жет­ім, көпбалалы, аз қамтылған отбасы жеткіншектерін мектепке әзірлеу,  балдырғандардың оқуға бармай қалуының алдын алу. Бұл орайда Жаңыл Мағданқызы: 
– Биыл көмекке мұқтаж 30 мыңнан астам баланың тізімі жасалды. Бүгінге дейін 770 балаға демеушілер тарапынан 9 млн. теңгенің көмегі көрсетілді. Жалпы алғанда, облыстағы 760 мектепте 390088 оқушы білім алса, олардың 16176-сы көпбалалы, 14545-і аз қамтылған және 1459-ы сәтсіз отбасында тәрбиеленуде. Өткен жылы 36 мыңнан астам балаға 350 млн. теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілген болатын. Бұл қаржының 208 млн. теңгесі демеушілер тарапынан бөлінді. Осылайша жылдан-жылға акцияның ауқымы кеңейіп, тұрақты демеушілер  қатары артып келеді.

Әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалатын балаларды анықтау мақсатында  аудандар мен қалаларда, елді мекендерде рейдтік шаралар  жүргізіледі.Сондай-ақ, демеушілер мен меценаттардың мұқтаж балаларға көмектесуін қамтамасыз етіп, төмендетілген бағадағы оқу тауарларымен қамту үшін «Мектеп жәрмеңкесін»  ұйымдастыру қолға алынуда. Білім басқармасы тарапынан акция аясында атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша әр 10 күн сайын мониторинг жүргізіледі. Балалар мен ата-аналарды ыңғайсыз жағдайда қалдырмау мақсатында қайырымдылық көмек шарасы ешқандай салтанатсыз өткізілетін болады, – деді.

Брифингке қатысқан журналистер тарапынан білім басқармасы өкіліне көмекке мұқтаж балалардың тізімін кімдер жасақтайды, құжаттары жоқ балалар анықталған жағдайда қандай жұмыс атқарылады деген  сұрақтар қойылды. Бұл сауалдар бойынша жауап берген спикер мұқтаж отбасы балаларының тізімі мектепте жинақталып,  жергілікті білім бөліміне өткізілетінін, ал, құжатсыз балалар анықталған жағдайда бұл іспен қамқоршылық және қорғаншылық бөлімдері айналысатынын жеткізді.

Талдықорған қаласында өткен жылы  «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан 2826 балаға жалпы 36,1 млн. теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Оның ішінде 1326 оқушыға демеушілер тарапынан қолдау болды. Ал, 1500 жеткіншек бюджеттік қаражат есебінен (жалпыға бірдей білім беру қорынан) киім-кешек,  оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұл реттегі көмек биылғы жылда да сәтті жалғасын таппақ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен көмекке мұқтаж балаларды барынша қамту мақсаты көзделіп отыр. Биылғы акция «Жүректен – жүрекке» ұранымен өткізілмек.

Алма ЕСЕНБАЕВА