БАСПАСӨЗДЕ ІЗІ БАР

Уақыты: 21.07.2019
Оқылды: 1006
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Базарбек Атшабаров есімі өткір тілді журналист ретінде аға буын оқырмандарға жақсы таныс. Оның тіліп түсер фельетондары анау жылдары аудандық газеттің бетінен түспейтін. Жергілікті баспасөзде жемісті еңбек еткен ардагер бүгінде сексенге толды. Абыздық жастағы ауданның Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері кезінде «Жетісу» газетінде де қызмет еткен. 


Әкесінің азан шақырып қойған аты Жармағамбет екен. Қабылтайдың өжет ұлы жастайынан тақымы мықты шабандоз болғандықтан жұрт оны Атшабар атап кетіпті. 26 жасар жігіт кезінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінде атой салған. Одан кейін қызылдар мен ақтардың қырғынында Дон казактарымен болған соғысқа кіріп, одан Оралдағы Чапаев дивизиясында болып, Ферғанадағы әскери қимылдарға да қатысады. Атшабар 1926 жылы комиссарлық шенмен, бес қаруы белінде елге оралады. Сонда Қарақыстақ ауылында Сейдахмет Бердіқұловтың әкесі, жақын туысы Бердіқұл басқарма төрағасы екен. Бір аптадан соң ауданның әскери комиссариатына мылтық, тапанша, қылышын өткізіп, үстіндегі офицер киімін етігімен қоса Бердіқұлға сыйлап, ауыл тіршілігіне араласады.

Сол Атшабардың Қарақыстақтағы шаңырағында, 1939 жылдың шілдесінде Базарбек есімді ұл өмірге келеді. Базарбектің анасы Зарауха әйгілі Сүйінбай Аронұлының немересі, яғни Сүйінбайдың кенже баласы Жетібайдың қызы. Бала Базарбек көбінде Бұрған ауылындағы нағашы атасы Жетібайдың шаңырағында, нағашы апасы Мәстураның қолында өседі. Сүйінбайкеліні Мәстура Кәрібайқызы арабша оқыған, Құран аяттарын жатқа білетін, көзі ашық, көкірегі ояу жан екен. Зерек жиен шығыстың қисса-дастандарын құлағына сол кісіден сіңіреді.

Базарбек Атшабарұлының балалық шағы қиын-қыстау кезеңде өтеді. Соғыс жылдары ауыл халқы тұтас қара жұмысқа жегілген кез. Сол замандағы адамдардың  еңбекқорлығы ерекше еді. Жұмыстың ауырлығына қарамастан бір-бірімен әзілдесіп, көңілді жүретін. Таң бозынан егінге, қырманға кеткен жұмысшылар түн ортасында үйіне оралатын. Ұжымшардың егін ору, шөп жинау, бидай тасу сияқты жұмыстары бітпейді. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Бидайды қолмен тазалап, Шамалған стансысына ат арбамен жеткізетін. Сол кездегі еңбек адамдары жұмысқа адал еді. Сөйте тұра жаланың құрбаны болғандары қаншама?..

Соғыстан кейінгі жылдары әкесі мал бақты. Жазда көбінде Асылсай, Мұздысай жайлауларына шығатын. Ол кезде ат жалын тартып мініп, мал бағысуға жарап қалған кезі. Жасыл жайлаудағы күндер қызықты еді. Асау өзен, биік тау, жағалай қонған қалың ел. Мал қайырып, қымыз ішіп жүрген жақсы-ақ, бірақ оны мазалайтын бір уайымы болды. Ол – мектепте оқу. Сол арманын әкесіне айтса, әке жарықтық: «Балам, сенің жасың толған жоқ, әлі ертелеу, келесі жылы барасың» деп кейінге қалдыра беретін. Жасы болса сегізден асып, тоғызға шықты, қайдағы ерте?! Өзі құралпы балалар оқуда. Соны қазір ойласа, тәп-тәуір қолғанат болған ұлын көзінен таса қылғысы келмегені екен. Сөйтіп, оқушы болуды армандап, мал бағып жүрген жасөспірімнің бар ойы ауылға жетуге ауады. Бір күні өзен жағалап төменге қарай жол тартқан бірнеше адамды көзі шалады. Түйе, өгіз жетектегендерге жүгіре жетіп, Бұрғанға дейін ала кетулерін өтінеді. Бейтаныс жолаушылар келісіп, анасының рұқсатымен солармен бірге кетеді. Оны өгізге мінгізіп қояды. Бала жүрегінің сондағы қуанғаны әлі есінде.

Тағы бір нағашысы Садырбай қырманда жұмыс істейтін. Сол кісінің үйіне келсе, оның қаладағы студент баласы Сұлтанғали үйде екен. Ертеңінде Сұлтанғали жиені Базарбекті Қарақыстақтағы мектепке қолынан жетектеп апарып, Тойман Рақымов деген мұғалімге табыстайды. Тойман ұстаз өте еңбекқор, балаларға аса жанашыр жан еді. Қалтасындағы өткір бәкісін шалбарына жанып алып, шашы өсіп кеткен оқушылардың шашын өзі қырып тастайтын. Соғыстан кейінгі елдің жағдайы мәз емес. Жетіскен жібі түзу киім де жоқ, жамау-жамау күпәйке киіп сабаққа барады. Қыста мектептің пешіне сабан жағылады. Сабанда қайбір жылу болсын, лап етіп лезде жанып кетеді. Сөйтіп жылдар жылжып жатты.

Мектепте сынып жетекшісі Ғалия Мамытбекова деген өте білімді, сауатты апайы болды. Нағашы жағынан туыстығы бар еді. Ол кісі Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірге оқыған екен. Әдебиетке  қызығушылығына тікелей сол апайы түрткі болды. Ұстазының ұсынуымен оқушылар шетел әдебиетінен Жюль Верн, Даниель Дефо, Стивенсонның бірталай әңгімелеріне қанықты. Қазіргідей теледидар, радио, телефон дегенді білмейді. Олар үшін кітаптан асқан қызық жоқ. Балалар әр кітапты зор ынтамен оқып, қызығына терең бойлап, оқыған шығарманың мазмұнын бір-біріне айтатын. Бала Базарбек кітап кейіпкерлерін, ондағы оқиға желісін жатқа соғатын. Ғалия апайы оның болашағынан үлкен үміт күтті. Ұстаз үміті алдамапты.

Сегізінші сыныпты бітірген соң Жамбыл ауылындағы малшы балалары оқитын интернатқа ауысты. Онда нағашысы Сұлтанғали Садырбаев қамқорлық танытты. Ол сол мектепте мұғалім еді. Интернатта оқитын талай қазақ баласының арасынан өзіне дос тапты. Үлкен ғалым Арықбай Ағыбаевпен алғаш сол жерде ұшырасты. Мектепте «Ара» атты қабырға газеті және радиоторабы болды. Мектеп өмірі сонда көрініс табады. Үздіктер үлгі ретінде жарқырап көрінсе, үлгерімі төмен, тәртіп бұзғандар сынға алынатын. Сондықтан қабырға газетіне елеңдеп қарайтындар көп. Жазуға бейімі осында білінді. Қабырға газетін шығаруға белсенді араласып, шымшымалар, өлеңдер жазды. Оған мектеп директоры, әдебиетке жаны құмар Жұмабай Жадриннің өзі де риза болады.
Мектепті 1959 жылы бітіреді. Ол кезеңде мектептен соң екі жыл жұмыс істемегендерді жоғары оқу орнына қабылдамайтын. Білімге ынтық жас 1960-1961 жылдары қой бақты. Зейнетке шыққан әкенің шопан таяғын қолына алған жас қойшы жұмыс барысында көрген-білген жөнсіздіктерді қалт жібермей қағазға түсіріп, аудандық газетке жолдап тұрды. Тілі өткірлігімен баспасөз бетінде таныла бастады. Екі жылдан кейін қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсті. Бұл заңғар жазушы Мұхтар Әуезов қайтыс болған жыл еді. Бірінші курста Мырзатай Жолдасбеков сабақ берді. Жазушы Дулат Исабековпен қатар оқыды. Кейін елге белгілі болған басқа да қыз-жігіттермен сабақтас болып, қызығы мол студенттік өмірдің тәтті шақтарын өткерді.

Жазу-сызуға үйірлігі осы кезде арта түсіп, оқу орнының қабырға газетіне мақала жазуды жиілетті. Бесінші курста оқып жүргенде «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа шақырылды. Бас редакторы Шерхан Мұртаза еді, газеттің партия тұрмысы бөліміне қабылданып, тілшілік қызметтің алғашқы баспалдағын аттады. Жұмекен Нәжімеденов, Ахат Жақсыбаев, Дулат Исабековпен бірге бәрі бір лек болып газет жұмысына кіріседі. Жастайынан малды ауылда өскендіктен малшы өмірін жақсы білетін оның бұл тақырыптағы очерк, суреттемелері нағыз өмірден алынған шынайылығымен ерекшеленді. Алғашқы күндерден-ақ нөмір сайын «Таңсәріде», «Шырағдан мәңгі сөнбейді», «Ақшоқы асуында», «Бүркітшілер әулеті» тәрізді очерктері іркес-тіркес шықты. Бір мақаласы поляк тіліне аударылып, шетел газетінде басылды. 

Жас қызметкерді Шерағаң бірде Бауыржан Момышұлына жұмсайды. Соғыс туралы жазған естеліктерін дайындап қойған екен, барып алып қайтады. Сонда Баукең гүрілдеген зор дауысымен: «Мынаның еш жерін қысқартпай, түгел салыңдар» дейді. Шерағаң батырдың тапсырмасын бұлжытпай орындап, жазған дүниесін түгел жариялайды. Газет шыққан соң Шерағаң газеттің он шақты данасын қолына ұстатып, Баукеңе апарып беруге қайта жібереді. Баукең газетті мұқият шолып шығып, қонақ бөлмесіне бастап, жеңешеміздің қолынан шай ішкізіпті. Газетте істеген бір жылы ғұмыр бойы естен кетпес осындай сәттерге толы болды. Алайда сол кездегі қазақ жастарының басындағы бәріне ортақ баспана мәселесі оның да алдын кес-кестеді. Тұратын үйдің ыңғайы болмағандықтан кеудесі асқақ арманға толы жас үлкен қаламен, талайға қол жетпес арман болған жастар басылымымен амалсыздан қимай қоштасты. Ауданға қайтып, Үмбетәлі, Айдарлы ауылдарында бірнеше жыл мұғалім болды. 1970 жылы Жамбыл Жабаев музейіне жұмыс ауыстырды.

Музейде аға ғылыми қызметкер ретінде біраз шаруа атқарып, жамбылтануға өз үлесін қосты. Бір күні Жамбылдың кіші баласы Тезекбай мен немере інісі Тұрап Мыржиев: «Әй, Базарбек, Қырғызстанда Әшекей Боранбаев деген басқарма болған. Ол Жамбылмен жекжат болған адам. Сол кісіге Жамбыл атамыз шапан жапқан екен. Сол шапан бар ма екен, біліп қайтсаңшы, музейге қоямыз», – дейді.  Сол өтінішпен 1971 жылы жазда Қырғызстанға барады. Әшекей үйінде емес, Боралдай деген жерде емделіп жатыр екен. Балалары қарсы алып, жөн сұрасады. Шапан туралы бұйымтайды естігенде олар шу ете қалады: «Жоқ, бермейміз ол шапанды. Ол шапан бізге құт болып келді. Ұрпағымыз өсіп-өнді», – деп құрқол қайтармақ болады. Шапанды олардың бермейтінін білген соң Боралдайға апаруын өтінеді.

Ауруханада жатқан Әшекейге барып амандасып, жағдайды түсіндірген музей қызметкері: «Мен сұрап келген шапан Жамбыл мен сіздің достықтарыңыздың белгісі ретінде музейде тұруға лайық. Оны сандықтың түбіне сақтағанда не істейсіз? Одан да жұрт назарында болсын», – дейді. Әшекей сөзге жығылып: «Ал, ал» дегенмен, кемпірі көнбепті. Шапанды Әшекейдің кемпірі емге қолданады екен. Бала-шағасы сырқаттанса, шапанның етегінен кесіп алып, тұмар қылып тақса, ауырған бала жазылып кетеді дейді. Сол сапарында Жамбыл туралы жақсы пікірдегі қариялардың ол жақта көп екенін біліп, марқайып қайтады.
Екінші мәрте барғанында әлгі шапанды тағы сұрағанмен бәрібір бермейді. Дегенмен, бұл жолы құрқол қайтпай, Фрунзедегі мұрағаттан Жамбылдың фотосуреттерін алып келеді. Қырғызстан Жазушылар одағында қырғыздың үлкен ақыны Қуанышбек Мәліковпен танысады. Ол Жамбыл мен Тоқтағұлдың кездескені жайлы естеліктер айтып, өзінің өлеңдер жинағын қолтаңбасын қойып сыйлайды. Сол күні Тоқтағұлдың баласының үйінде қонақ болады. Ол қобыз жасайтын шебер, Қырғызстан филармониясында қобызшы екен. Музей қызметкеріне Тоқтағұлдың толық өлеңдер жинағы мен қобыз сыйға тартыпты. Ол қобыз қазір Жамбыл музейінде тұр. Бұл сапар жайлы мақала кезінде «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарияланды. Мақала қырғыз тіліне аударылып, сол ел баспасөзіне де басылған.

Базарбек аға Жамбыл музейінде бес жылдай жұмыс істегеннен кейін «Жетісу» газетінде бірер жыл тілші болды. Ауылшаруашылығы саласын жазудың асқан шебері Мұғалімбай Жылқайдаровпен бірге ел аралап, артта қалған кеңшарлар туралы сын мақалалар топтамасын жазды. 1977 жылы аудандық газетке ауысып, өзі маманданған ауылшаруашылығы бөлімінде  еңбек етті. Сол кездегі атауы «Екпінді еңбектегі» он екі жылда Әбілғазы Тоғызбаев, Нағашыбек Қапалбеков, Күмісжан Байжан сынды үш редактормен жұмыс істеді. Осы кезде ұжымда  қызмет істеген сайдың тасындай Жолдасхан Құрамысов, Жұматай Қалығұлұлы, Сейітхан Молдахметов, Әлімжан Дәуітұлы, Есенқұл Жақыпбек, Манарбек Ізбасар, Нүсіпбай Әбдірахым, Рәтбек Терлікбаев, Талғат Сүйінбаев, Керімбай Нүсіпқұлов, Болат Ақанов сияқты жігіттердің қай-қайсысы да шетінен «Сен тұр, мен атайынның» нақ өздері еді. Газеттің беделі өз ісінің осындай білгірлерімен биіктей түсті.

Нағашыбек Қапалбекұлының тұсында хат бөлімінің меңгерушісі, ал Күмісжан Байжанның редакторлығы кезінде ауылшаруашылығы бөлімін басқарды. Газетке материал жинаудың өзінің қиындығы мен қызығы қатар жүретін. Малшылардың өмірі туралы жазу үшін қыста бір қыстаудан келесісіне шанамен қатынайтын еді. Ауданда тілші табаны тимеген елді мекен, қыстау, күздеу жоқ. Әр сапарынан газет бетінде «қаны сорғалаған» фельетон жарқ етіп, биліктің талқысына түсіп жататын. Тақырыбы айтып тұрғанындай, «Бота неге боздайды?», «Жанармай жұтқан жалмауыздар», «Жеке инженердің желдірмесі», «Ақшоқыда «аю» бар», «Гүдізге барсаң сәлем айт», «Қылғымалар қылтиып тұр», «Ғалымдар хикаяты», «Бензин көл боп ағып жатса», «Аспаннан шу жауған күн», «Қасапкүл қасымызда жүр», «Аруақ келеді, аруақ!» тәрізді іздеп жүріп оқитын дүниелер елдің аузында жүретін. Әдетте сәлемге қолының ұшын ғана беріп, шіренгенде үзеңгісін үзердей кеңшар директорларының қаламының бізі бар тілшінің алдында құрдай жорғалайтыны рас еді.

Базарбек Атшабарұлы 1989–1994 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде қызмет істеп, одан кейін Жаңақұрылыс ауылындағы орта мектепте ұстаздық етті. Аталған мектеп ұжымы 2002 жылы  зейнет демалысына салтанатпен шығарып салды.

Зайыбы Орынбасар Әбдірақышева ұзақ жыл мектепте жемісті еңбек еткен Білім беру ісінің үздігі. Базарбек ата мен Орынбасар апа бүгінде сексен жасқа қатар толып, еңбектерінің жемісін көруде. Екеуі Талғат, Салидат есімді ұлағатты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді, келіні Шолпан, күйеубаласы Тілеужанмен бастарына бас қосылып, өрісі кеңіді. Ұл мен қыздың әрқайсынан төрттен немере сүйіп, шөбере көріп отыр. Балалары жауапты қызметтер істейді. Салидат Алматы қаласында баспасөз өнімдерін тарату мекемесінің директоры. Мектепте оқитын немересі Алина жазу-сызуға жақын болып өсіп келеді. Жамбыл баба, Бауыржан Момышұлы туралы жазған мақалалары Алматы қалалық оқушылар шығармалары байқауында жүлделі орын алды.
Ардагер журналисті жуырда аудан жұртшылығы мерейтойымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Мәдениет қайраткері Күмісжан Байжанның ұйымдастыруымен аудандық кітапханада келелі кездесу өтті. Мерейтой иесіне Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың төсбелгісі тапсырылды. Қарымды қаламгер жамбылтануға, баспасөзге сіңірген еңбегінің бағаланғанына ризашылығын білдірді.

«Жетісу» газетіндегі әріптестер де оның деніне саулық, отбасына құт-береке тілейді. Жамбылдың жасына жетіңіз, Базке!

Серік САТЫБАЛДИЕВ