ӘЙЕЛ ҚЫРЫҚ ШЫРАҚТЫ

Уақыты: 04.08.2019
Оқылды: 2046
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Адамды тылсым жұмбақ күш басқарады дейді ғой. Әйтеуір бір құдіреттің бары рас. Тағдыр деп айдар тағамыз оған.  Сол тағдырдың ырқына көне беруге бола ма? Оу, адамды Алла жаратқанда басқа түскен  қиындықпен күрессін деп  бойына күш-қуат пен ақыл-сана берген емес пе?! Сол дауылпаз тағдыр соққысын жеңгенде ғана бақ құсына айналатын шығар...

Қиындықты жеңуге асқан төзімділік керек. Ал қазақ әйелдерінің  төзімділігі соғыс жылдарында, нарық қыспағында айқын байқалды.  Олар қайыстай қатып, ғажайып ерліктер жасап жүр. Оған Үштөбе қаласының байырғы тұрғыны  Ғалия апайдың тағдыры куә...
 Шалы ұзын бойлы, өңді, дәу адам еді.  Теміржолшы. Өктем. Қашанда ашуланып жүреді, шүйкедей кемпірін бір шыбықпен айдайды. Ол да құрдай жорғалайды. Ұл мен қызына да қатал.  «Соғыстан контуженный болып оралған»  деп сары кемпірі «еркелігіне» көне беретін еді. Мен оның төзімділігіне таңғалатынмын. Аяйтынмын. Бірде жылап отырып сырын ақтарды маған. 
– Мәкен, журналиссің ғой, мен саған бір құпия сырымды айтайын. Сен  шал екеуміз тірі тұрғанда тіс жарма. Біз өлген соң да аты-жөнімізді  өзгертіп  жазамын деп уәде бер, – деді.  
– Алла атымен ант етемін, – деп мен Құран ұстадым.
– Өлген адаммын, – деді жыламсырап... 
 Бұл 1964 жылдың жаз айы еді. Мен тамыз айында аудандық «Коммунизм жолы» газетіне тілші болып орналасқанмын. Сол маңдағы  апайдың үйінен бір бөлмені жалдаған едім. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған шалы 85-тен, өзі 70-тен асқан  бақытты зейнеткерлер  еді. 
Арада 40 жылдай уақыт өтті. Кемпір-шал мәңгілік мекендеріне аттанған. Тұңғыш ұлы жоғары білім алып, Алматыда құқық қорғау саласында жауапты қызмет жасайды. Қызы Гүлжан көрші ауданға тұрмысқа шықты. Сатылған үйлерінде бөгде адамдар тұрады.  Әбдірахман ақын көшесінде жүрген сайын ұршықтай сары кейуана Ғалияның дауысы келеді құлағыма. Уәдемде тұрып, жарты ғасыр өткен соң ана ерлігін  шағын мақалаға арқау еттім. 
– Биссмилла, – деп бастап еді әңгімесін Ғалия апай. – Құдай көріп тұрған ісімді несіне жасырайын... Біздің жастық шағымызда өз билігіміз өзімізде болмады ғой.  Тұрмысқа шығу сияқты тағдырымызды ата-анамыз шешетін еді. Ғасырлар бойы қалыптасқан ата-дәстүріміз. Оның үстіне менің бойжеткен шағым соғыс тұсына тап келді. Шал-шауқаннан  басқа ешкім жоқ ауылда. Кімге ғашық боласың?! Боздақтар соғыста қырылып  жатқанда...  Өстіп жүргенде жас та біршамаға жетті. Соғыс та бітті.  Құдай бар екен,  әкемнің інісі  жараланып, аман оралды.
Мені де айттырып келушілер көбейді. Билік менде емес, ағайымда.  Ақыры сол ағайым ұнатқан, өзімнен 15 жас үлкен азаматқа тұрмысқа  шықтым. Ол да соғыс солдаты еді. Теміржолда жұмыс жасайды. Хан сарайындай дәу үйіне келін болып түстім. Алла атымен некемізді молда  қиып,  ақ босағаға адал болуға  ант беріп,  неке суын  іштім емес пе?  
«Куәдірміз, куәдірміз, куәлікке  жүрәдірміз», –  дегендердің көзі тірі әлі.
Бірақ... Өмірім тозаққа айналды. 10 жыл құрсақ көтермедім ғой. Күйеуім ұрып-соғып, “бедеу” деп жігітшілік жасайтын болды. «Кет» деген ауыр сөзді ести бастадым.
Сондайда абысындары:  «Сенің жұбайыңда ұрық жоқ. 
Соғыстан алған зақымы. Құдай біліп   тұрғанды сенен қайтып жасырайық. Жібі түзу, текті бір азаматтан бала туып ал. Үйіңде бойдақ қайның бар емес пе? Жаны бөлек болғанымен қаны бірге...  Аналық  парызыңды өте», – деп үгіттепті.  "Лағнат соғыстан солай өшіңді ал", – депті... Алғашында көнбеген ғой....
Ақыры мың ойланып, мың толғанып, кербез жұбайы бір жас сұлуды үйіне әкеп түнеткенде қатты ашынып, құдай қосқан қосағынан айырылғысы келмей текті де зиялы бойдақ қайнысымен келісіп, екі перзент сүйіпті Ғалия апай.  Бір ұл, бір қыз. Содан кейін «контуженный»  байы өзін өте бақытты  сезіне  бастапты...
...Қазір сол арыстай ұл мен қыз – өз заманының кәсіпкерлері, атақтарынан ат үркетіндей. Олар туылып, құтты шаңыраққа уық болып қадалмаса отбасы не болар еді?
 Бұл құпияны Ғалия да, абысындары да ешкімге тіс жармай, о дүниеге  ала кеткен. Сөз тас жарады, тас жармаса бас жармай ма?! Олардың бірде-бірі мына әлемде жоқ. Бірақ артына саналы ұрпақ қалдырған ананы ешкім де айыптай алмас. Өйткені бала сүйіп, ана болу – әрбір әйелдің арманы ғана емес, Алла жүктеген парыз... Ия, әйел қырық шырақты деген осы!

Мәкен ӨСЕРБАЕВА

Сурет ғаламтордан алынды