ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫН АРАЛАДЫ

Уақыты: 07.08.2019
Оқылды: 908
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар САРЫБАЕВ  пен облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ бастаған топ «Құтты мекен» жобасы аясында Көксу ауданының орталығында салынып жатқан пәтерлерді аралады. 


Балпық би ауылындағы Темірғали Исабаев көшесінде орналасқан 50 және 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үй құрылысының жұмысы қызу. Алғашқысының құрылысы сәуірде (жоспар бойынша қазанда тапсыру қажет), екінші көпқабатты үй маусымда (желтоқсанда құрылысы аяқталады делінген) басталды. Жоспар бойынша 50 пәтерлі үйдің 5 үш бөлмелі және 25 екі бөлмелісі көпбалалы отбасына беріледі. 

Өз кезегінде партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ермек Келемсейіт: 
– Құрылыс барысында бір-екі кемшілікті байқадық. Мәселен, жұмыскерлер санының аздығы, сондай-ақ, қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауы. Ал партияға қарау, бақылау жүктелген екен, біз, біріншіден, құрылыстың сапалы аяқталуын, екіншіден, мерзімінде тапсыруды қадағалаймыз, – деді.

Бас мердігер «Стройсервис ИНК» ЖШС уақытында тапсыруға ниетті. Құрылыс алаңында 40 жұмыскер жүр. Бұл жөнінде аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қажым Әдетбеков: 
– Негізгі жұмыстар аяқталды. Кірпіш қалау, сылақ жүргізу, тоқ тарту, баспалдақ қою істері жүргізіліп жатыр. Ал келесі аптада қосымша 30 адамды жұмысқа шақырмақпыз, – деп атқарылған жұмыстарға тоқталды.   

«Құтты мекен» жобасының негізгі мақсаты – жергілікті жерлерде ин-фрақұрылымды нығайту, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, газ, су құбыры, электрмен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуді және моноқалаларды дамыту.  Балпық би ауылындағы екі тұрғын үй – осы бағыттағы атқарылып жатқан игілікті істің бір парасы ғана.

Серік ҚАНТАЙ