ҚАЗАҚША ЖАРНАМА ҚАШАН ТҮЗЕЛЕДІ?

Уақыты: 08.08.2019
Оқылды: 2105
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тіл сарайында «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес өтті.


Семинарға А. Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері, ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша басқармасының жауапты мамандары, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары, жекеменшік жарнама агенттіктерінің қызметкерлері қатысты.

Шараны облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев жүргізіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда, оның қолданыс аясын кеңейтуде ерекше маңызды қозғаушы күштің бірі көрнекі ақпараттар мен жарнама екендігін айтты. Сонымен қатар, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің сауатсыздығы ономастика саласының ғана емес, бүгінгі қазақ қоғамындағы жиі сынға ұшырайтын  аса өзекті мәселелердің бірі екендігіне, аз сөзбен көп мағына беретін мәнді де мағыналы, тиянақты ойды білдіретін, жұрт санасына тез сіңетін қазақ тілді жарнамалар керектігіне тоқталды. 

Кеңесте латын графикасының ономастикалық ережелердегі қолданылуы және графикалық кеңістікте жарнама мәтіндеріне қажетті емле мен пунктуация нұсқаулығын әзірлеудің жобаларын қарастыру сынды мәселелер қозғалды. Алғашқы болып баяндама жасаған А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Рысберген Қыздархан латын әліпбиінің ерекшеліктері мен артықшылықтарын айта отырып, мемлекеттік тілдің қолдану аясындағы әлі де болса заңдастырылмаған ережелері жайлы түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі латын графикасының қолданылуы елімізде тұратын басқа да ұлт өкілдеріне ыңғайлы жағдайдың қарастырылып жатқанын және жеке куәліктерде, туу туралы куәліктерде, АХАЖ немесе басқа да заңды мекемелерде кездесетін әртүрлі орфографиялық қателіктерді шешу жолдарын баяндады.


Жиында географиялық  16 атаудың қырат, тақыр, тоғай, қыр секілді халық-аралық дәрежеде өзгеріске түспей, қазақша жазылатыны сөз болды. Бұл сөздер ЮНЕСКО-ның тізіміне кірді.  І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Төребекқызы «Өңірлік ономастиканың дамуы мен жаңару мәселелері» атты баяндамасында  облыс бойынша қазақша атаулар берілмей тоқтап тұрған аймақтардың құжаттары дайын екенін және қандай атау тағайындалғандығы туралы сөз қозғады. "Ономастикалық атауларды таңдаған кезде біз­дің басты мән беруіміз ке­рек нәрсе, ол – дәстүріміз­ге сай, тарихи атауларды қолданғаны,"– дейді ол. Ке­ле­сі ке­зекте мінбеге А.Бай­­­­­тұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Ақмарал Пиязбаева көтеріліп, графикалық кеңістікте жарнама мәтіндеріне қажетті емле және пунктуация нұсқаулығын әзірлеудің жобасы жөнінде баяндама жасады. Мұнда емле және пунктуацияның жарнама хақында қолға алынған жаңа жобасымен таныстыра отырып, жарнамадағы қателіктердің категориясына тоқталды. Ең көп таралған қателік мағынасының дұрыс аударылмауы, қазақ тілінің негізгі ережелерін білмеу сынды мәселелермен байланысты болған. "Алдағы уақытта бұл жағдайлардың барлығы шешілетін болады",– дейді мамандар. 

Жиын соңында қатысушылар ономастика жайындағы, басқа да мәселелер жайлы сөз қозғап, пікірлерін ортаға сала отырып, көкейлерінде жүрген ойларымен бөлісті. 

Аймарал ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ