ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІКТІ ҚОРҒАУ

Уақыты: 08.08.2019
Оқылды: 889
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық әділет департаментінде зияткерлік меншік құқықтары саласы бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында осы  салаға қатысты 5 өтініш түсіп, тексеріс жүргізілді.


Осыған байланысты облыс көлемінде 370-тен астам құқықтық түсіндіру шаралары өткізілген. Зияткерлік меншік құқығы жайлы жеке кәсіпкерлермен, құқық қорғау органдары өкілдерімен семинар, «дөңгелек үстел», әртүрлі тақырыптағы дәрістер секілді шаралары тұрақты түрде жүргізілді. ҚР Әділет министрлігінің 2019 жылғы 10 сәуір мен 3 мамыр аралығында өткен «Контрафакт» республикалық акциясының аясында өткен үздік бейнеролик конкурсында Алматы облысының бейнеролигі «Ең мағыналы бейнеролик» номинациясымен бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, үздік 5 бейнероликтер қатарына 3 бірдей роликтеріміз еніп (Еңбекшіқазақ ауданы, Талғар ауданы, Жамбыл ауданы) Әділет министрлігінің марапаттау рәсімінде көрсетілді.

Тауар таңбасын заңсыз пайдалану бойынша түскен шағымдарды тексеру барысында 5 жеке тұлғаға тексеріс жүргізіліп, 3 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, іс сот қарауына берілді. Сот шешімімен жеке кәсіпкерлерге айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 198 400 теңгені құрады. Сондай-ақ, заңсыз айналымнан жалпы құны 491 750 теңгені құрайтын 98 дана кон-трафактілік өнім тәркіленді.

Зияткерлік меншік құқықтары саласы елімізде нарықтық экономиканы қалыптастыру және  жаппай кәсіпкерлікті дамыту кезеңінде өз орны бар сала екендігі даусыз. Осы орайда, аталған сала бойынша ауқымды жұмыстар әлі де облыс аумағында әділет департаменті тарапынан атқарылатын болады. 

Елтай АУБАКИРОВ, 
облыстық әділет департаментінің
зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы,
Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі