ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ: ТҰҚЫМНАН ӨНІМГЕ ДЕЙІН

Уақыты: 08.08.2019
Оқылды: 766
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының ұйымдастыруымен көшпелі семинар өтті. Семинарға қант қызылшасын өндірушілер мен жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысып,  тәтті түбірден мол өнім алудың жөн-жобасымен жан-жақты танысты.


Семинарды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров: 
– Биылғы жылы «Жетісу» ӘКК арқылы қант қызылшасына арналған 5 сервистік-дайындау орталығы құрылып, арнайы техникалар сатып алынуда. Жалпы, 2014 жылдан бастап облыста қант қызылшасына бағытталған 24 СДО құрылған. Сол сияқты осы дақылды өсіруге маманданған 623 шаруашылық үшін Франция, Алмания мен Данияда өндірілген сапалы тұқымның 18,4 мың себу бірлігі сатып алынып, егілді. Биылғы жылы тәтті түбірдің алқабы 15 мың гектарға жеткізілді, – дей келе, орташа өнімділігі 400 ц/га болғанда 560 мың тонна қант қызылшасын алу жоспарда екендігін жеткізді. 

Сондай-ақ, «Green Technology» компаниясының төрағасы Марат Мұқанов  жомды қайта өңдеуден өткізіп, медицина саласында да қолдану үшін жұмыс жасап жатқандықтарын баяндады. Ал түркиялық «Vesta» компаниясының өкілі Мустафа Озарслан мен Мурат Дженгиз қант қызылшасын қайта өндірудің жаңа технологияларымен таныстырды. 

Айта кетерлігі, түркиялық қант зауыты жыл сайын 16,8 млн. тонна тәтті түбір өсіреді. Оның 2 млн. тоннасы ішкі нарыққа, қалғаны экспортқа дайындалады. Украина, Польша, Египет сынды қант қызылшасын өсіретін алпауыт мемлекеттермен дәрежесі тең. 

Семинарға қатысушылар «Хильниченко және К» жеке шаруашылығының 380 гектар қызылша егістігінде болып, арам шөптен ада жайқалған жасыл өскін алқабын аралады. Қожалық жетекшісі Виктор Хильниченко тұқым себуден өнім алуға дейінгі аралықтағы технологияларымен, егістікке қатысатын жаңа техникалардың ерекшеліктерімен таныстырды. Одан бөлек, аталған шаруашылық тәтті түбірдің «Аргус» сортынан жоғары есеппен 700-800 центнер өнім алуды жоспарлап отыр. Ал былтырғы жылы орташа өнімділік әр гектарынан 50-60 центнерден айналған. 

Жиналған қызылшашылар өздерін толғандырған сауалдарға жауапты осы басқосудан тауып, ортақ тақырып бойынша ақпараттар алмасты.

Еңлік ҚАБДЕШ