МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

Уақыты: 08.08.2019
Оқылды: 933
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауылшаруашылығы саласында үздіктер қатарынан түспейтін Алакөл ауданының диқандары биыл да егін даласында қызу еңбек етуде. Мәліметтерге сүйенсек, биыл 84666 гектар аумаққа дақылдар себілген. Оның 33354 гектары дәнді дақыл. 


Қазіргі таңда 70 комбайн тексерістен өтіп, астық жинау жұмысына қатысуда. Ауыр техниканы тізгіндеген диқандар да мол өнім алып, әр түйір дәнді түсірмеуге тырысуда. Себебі,  оның әрқайсысында бір тамшы маңдай тер жатқандығы мәлім.

Қазіргі таңда аудандағы 4030 гектар күздік бидайдың 2400 гектары, 22901 гектар арпаның 200 гектары жиналды. Орташа есеппен күздік бидайдан гектарына 20 центнерден, арпадан 25 центнерден өнім алынуда.

Қызыл қырманның қызған шағында жұмыс қарқынын арттырып жатқандардың бірі – «Жазылбеков және  К» ЖШС-і. Бұл серіктестік 1100 гектар күздік бидай, 2600 гектар арпа, 290 гектар жаздық бидай еккен. Бүгінде күздік бидай толықтай жиналып, гектарына 20 центнерден өнім алынса, арпа егістігіне техника енді кірді. Мұнда 5 комбайн мен 3 «КамАЗ» дамылсыз қызмет етуде. 20-ға жуық жұмысшылар да тыным көрмей, өнімді дер кезінде жинап алу үшін таңмен таласа тұрып, күн батқанша дала төсінде еңбектенуде. 

Бұл – тұрмысын түздегі тірлікпен байланыстырған диқандардың бір күні ғана. Олар енді қара жердің кеудесін қар жапқанша тынбайды. Еңбектің наны тәтті екенін аңғарған еңбеккерлердің ісі берекелі бола бергей.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ