ЖАҢАША БІЛІМ БЕРУ - УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Уақыты: 23.08.2019
Оқылды: 1496
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаздар алдында тұрған міндеттерді саралап, балаға берілетін білім мен тәрбиенің ара салмағын анықтауда жылда өтетін білім саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясының орны бөлек. Облыс ұстаздарының дәстүрлі жиыны биыл Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында өтіп, оған облыс әкімі Амандық Баталов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті басшысының орынбасары Сәуле Қабимолдаева, аудан, қала әкімдері, білім саласының қызметкерлері қатысты. Пленарлық мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев жүргізді.


Облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов «Білім және ғылым» тақырыбында негізгі баяндаманы жасап, республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім қызметкерлері алдына қойған міндеттерді алға тартты. Өткен оқу жылының қорытындыларын саралап, жаңа оқу жылында орын алатын өзгерістерді атап өтті. 

– Жаңа оқу жылынан бастап 10-сыныптарға «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау», «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәндері енгізіледі. «Қазақстан тарихы» пәнін қазақ тілінде, «Дүниежүзі тарихы» пәнін орыс тілінде, «Қоғам және дін» факультативтік курсы пилоттық режимде кезең-кезеңмен оқытылады.

Жаңартылған мазмұндағы оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 4,9 млрд. теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда барлық мектеп оқушылары 100% оқулықпен қамтамасыз етілді. 

Ағымдағы жылы «Жеңіл портфель» жобасы іске асырылады.  Ата-аналардың таңдауы бойынша оқушылар алған оқулықтарын мектепке қалдырып, үйде оқулықтың электронды нұсқасын пайдалана алады. Ол үшін министрліктің сайтынан оқулықтардың электронды нұсқасын QR (кю ар – код) арқылы жүктеу қажет. Бұл оқушыларға сөмкелерінің салмағын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ата-аналар оқушыларға арналған жұмыс дәптерлерін  сатып алуға міндетті емес. 

Табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру үшін мемлекеттік және жекеменшік қала мектептерінде жан басына нормативтік қаржыландыруды енгізу жалғасуда. Облыстағы 2 мемлекеттік және 8 жекеменшік мектеп жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға көшті.

Жергілікті жерлерде инвесторларды тарту арқылы жекеменшік мектептердің санын көбейтіп, жан басына қаржыландыру механизмін енгізсек, үшауысымды мектептердің саны азаяр еді.

Педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру білім саласындағы инновациялық жаңғырту жағдайында жүзеге асуда. Облыста жаңартылған оқу мазмұны бойынша 36 494 педагог кәсіби біліктіліктерін арттырды. 

Кадрлардың дайын болуына қарай және ата-аналар мен оқушылардың қалауы бойынша пәндерді ағылшын тілінде оқыту кезең-кезеңмен енгізіледі. Облыстағы 256 мектеп 10-11-сыныптарда жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін ағылшын тілінде оқытуды пилоттық режимде жалғастырады.

Педагогтарды әдістемелік сүйемелдеу мақсатында облыста бірнеше жобалар әзірленді. Өткен жылы пилоттық мектеп педагогтары мен оқушылардың тілдік құзыреттіліктерін он-лайн режимінде жетілдіру үшін  облыстық бюджеттен 12,5 млн. теңге бөлініп, 18 мектепке Швейцария колледжімен бірлескен «Инновация және заманауи технологиялар Халықаралық imt-class (аймти класс)» жобасы енгізілді. Аталған мектептің педагогтары мен оқушылары бірлескен командада ағылшын тілінде әртүрлі бағытта жобалар құрастырды. Швейцария колледжінің Қазақстандағы өкілдерінің ұйымдастыруымен өткен он-лайн режиміндегі вебинарлар жобаға қатысушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейінің көтерілуіне септігін тигізуде. 

Мектеп басшыларына кәсіби қолдау көрсету мақсатында  жүзеге асырылып жатқан «Табысты басшы» жобасы директорлардың жаңаша жұмыс жасауына үлкен серпіліс беруде.   Ағымдағы жылы  «Табысты мектеп жолында: жаңа стратегиялар мен сапалы білімге қол жеткізудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында ұйымдастырылған директорлар  форумы  300-ден астам басшының өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. 

Сонымен қатар, жоба аясында мектеп басшыларына курстан кейінгі қолдау көрсету мақсатында Алматы қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығымен 10 мектепте нәтижелі бірлескен жұмыс жүргізуде. 

                                                        

Қазіргі таңда білім беруді дамытудың нысаналы индикаторларының бірі – TIMSS, PISA халықаралық зерттеулерінің нәтижесі. Осы мақсатта жыл бойы логиканы жетілдіру арқылы арифметикалық сауаттылықты арттыруға бағытталған математика пәні мұғалімдеріне арналған «Арифметикалық логика» жобасы  тиімді іске асты.

Республикалық білім беру ұйымдары «Математика мұғалімдері қауымдастығы»  «Alpha Academy» (Альфа Академиясы) Білім беру Академиясымен бірлесе  отырып, тәжірибелі педагогтар халықаралық TIMSS, PISA зерттеу тапсырмалары негізінде оқыту семинарлары мен он-лайн вебинарлар жүргізді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде  математика пәні мұғалімдерінің құрама командасы халықаралық байқауда 1-орынды, республикалық «Математикалық регата» олимпиадасында  3-орынды иеленсе,  әртүрлі жекелей байқауларда  ұстаздар 28 жүлделі орынның иегері атанды.

Білім беру жүйесін біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету, жас мамандарды тұрақтандыру – білім беруді дамыту бағыттарының бірі. Өткен оқу жылында облысымыздың білім беру мекемелері 1487 жас маманмен толықты, оның 1112-сі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылды жерлерге жұмысқа орналасты. Оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Солай бола тұрса да бүгінгі таңда облыс мектептеріне орыс сыныптарындағы бастауыш сынып мұғалімі, орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, химия, ағылшын тілі пәндері бойынша 126 маманға қажеттілік бар. Облыс әкімдігінен  берілген гранттардың 141-інің педагог мамандықтарына бөлінуі аталған мәселені шешуге оң септігін тигізетіні анық.

Ауылды жерлерде педагог кадрлардың тапшылығын азайту мақсатында «мобильді мұғалім» жобасы енгізіледі. 2018 жылдың сәуір айынан бастап  педагогтар аттестацияның жаңа жүйесіне көшті. Жаңа қағидаларға сәйкес 6398 педагог ұлттық біліктілік тестілеуден өтті. 

Алдағы уақытта педагогтардың ұлттық біліктілік тестілеуден өту рәсімі өзгереді. Толығымен автоматтандырылады. Мектеп әкімшілігінің қатысуынсыз үміткер тестілеудің күнін, өтетін жерін өзі белгілей алады. Тестілеу кезінде бейнебақылау жүргізіледі, – деді ол.  

Баяндамашы ары қарайғы сөзінде білім сапасының көрсеткішіне тоқталып өтті. 2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстың білім сапасы  65,2 пайызды  құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 8,5 пайызға  көтерілген. Аудандар бойынша ең жоғарғы сапаны Қапшағай қаласы мен Іле ауданы, ең төменгі деңгейді Қаратал, Ескелді, Кербұлақ аудандары көрсетуде.  

Өткен оқу жылында 11-сыныпты  14733 оқушы аяқтаса, оның 9697-сі  Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 5136-сы грант иегері атанған. Республикалық және халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында 101 оқушы жүлделі орын иеленген. Республикалық олимпиада қорытындысы бойынша «Қазақстанның 100 үздік олимпиада мектептері» қатарына облыстағы А. Мәлкеев атындағы Есік мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты, Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейі, Талдықорған дарынды балаларға арналған «Білім-инновация»  мамандандырылған лицей-интернаты және Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 арнаулы лицейі енген. 

Балаларға адамгершілік-рухани және жалпымәдени құндылықтарға бағытталған тәрбие беруде  қосымша білім беру ұйымдарының алатын орны ерекше. Облыста 40 қосымша білім беру ұйымы және 30 сауықтыру лагерьлері жұмыс істейді. 

Жалпы білім беретін мектептерде сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін  5314 спорт секциясы жұмыс істейді, оған  146 285 оқушы, 11124 үйірмеге қызығушылықтары бойынша 280 538 бала қатысады. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 34 280 бала спортпен шұғылданады.

Балаларды қосымша біліммен қамту оқушылардың жалпы санының 89,6 пайызын құрайды, республикалық көрсеткіш  82,8 пайыз. 2019 жылға балалар мен жасөспірімдер қозғалыстарымен, оның ішінде «Жас ұлан», «Жас қыран» қозғалыстарымен қамтылған оқушылардың үлесі 73 пайызды көрсетіп отыр.  

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясының пленарлық отырысында адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптардың мүлдем өзгеше екендігін атап көрсетті. Білімді дамытуға қатысты бірнеше мәселелерді нақтылады. Атап айтсам, білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау, тәрбиеге басты назар аудару, педагогтің мәртебесін арттыру, үшауысымды, шағын жинақты мектептердің мәселелерін шешу, үштілді білім беру жүйесін енгізу. Міне, аталған мәселелердің оңтайлы шешімін табу үшін алдағы уақытта ұйымдастыру шараларын жүргізетін боламыз, – деп қорытындылады сөзін Дәурен Хабдолданұлы.

Бұдан соң жарыссөзге шыққан Талдықорғандағы Шоқан Уәлиханов атындағы №10 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Айжан Жұмаділова бүгінде мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарып, ұстаздарымыздың еңбек етуіне қолайлы жағдай  жасалғанын атап өтіп, облыс әкімдігі тарапынан педагог мамандығына былтырғы жылы 74 грант бөлінсе, биыл 141 грант бөлініп отырғанын, бұл ұстаздар қатарын жаңашыл, жалынды жастармен толықтыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. 

Edtech-kz халықаралық білім орталығының басшысы Ғани Бейсембаев ата-ана, оқушы, мұғалім болып білім көшін бірлесе алға сүйрегенде ғана уақыт ағымынан қалыспай алға жылжитынымызды нақты мысалдармен көрсетті. 

Талдықорған қаласындағы №8 мектебінің педагог-психологы Татьяна Соколовская облысымызда инклюзивтік білім беруге айрықша көңіл бөлініп отырғанына тоқталып, осы орайда балабақшаларда арнайы топтар ашылғанын, мектептер мен колледждерде ерекше оқытуды қажет ететін балалардың оқуына мүмкіндік жасалып, логопед, дефектолог мамандарға штаттық бірліктер бөлінгенін айта кетті.

Сондай-ақ, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің IT-пәнінің оқытушысы, жас маман Шыңғыс Нұрғожаев  «Цифрландыру – білім беру саласын дамыту стратегиясы»,  Алматы қаласындағы «Назарбаев  зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Берік Асубаев «Жаңа білім моделі: ХХІ ғасыр дағдылары», «Genius щвейцар-америкалық  академия» ЖШС-ның басшысы Георгий Махвиладзе «Облыс мектептеріне халықаралық инновациялар мен заманауи технологияларды енгізудің ерекшеліктері» тақырыбында ой өрбітті. 

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті басшысының орынбасары Сәуле Қабимолдаева сөз алып, білім саласында орын алып жатқан өзгерістерге тоқталды. Биылдан бастап  4, 9, 10-сыныптар Жаңартылған бағдарлама бойынша білім алады, келер жылы 11-сыныптар жаңа оқу жүйесіне көшеді. Осылайша барлық сынып жаңа білім жүйесіне өтеді. Одан кейінгі жылы 12 жылдыққа біртіндеп көшу жұмысы басталады. Мұғалімдерді аттестациядан өткізудің де жаңа жүйесі енгізілуде. Ол бойынша ұстаз қай кезде тест тапсыратынын өзі белгілейді. Ол мұғалімнің дайындығына қарай жүзеге аспақ. Мұнымен қатар, оқушыларды республикалық олимпиада, білім, ғылым сайыстарына қатыстыруда да айтарлықтай өзгеріс бар. Бұрын олимпиадалар ауданда, одан соң облыста өтіп, оның жеңімпаздары ғана республикалық сынаққа баратын болса, ендігі жерде оқушы онлайн  өтініш қалдыру арқылы қатыса алады. Бұл оқушылардың мүмкіндігін шектемеуге әрі білім сайыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге жол ашпақ. Сондай-ақ, бұған дейін білім саласын бақылау департаментінің мамандары білім ошақтарын аттестациядан өткізу кезінде кемшіліктерді анықтап қана келген болса, ендігі кезекте олқылықтарды түзету бойынша әдістемелік көмек көрсетпек. 

Тәрбиешілердің сапалық құрамын жақсарту, біліктілігін арттыру және еңбекақысын көтеру бойынша да жоспарлы жұмыс атқарылуда. Биыл еліміз бойынша 12 мыңнан аса тәрбиеші Жаңартылған бағдарлама бойынша арнайы курстан өткен. Онжылдық тәжірибесі бар тәрбиешілердің жалақысы 60 мыңнан 70 мыңға, демек, 28 пайызға көтерілген. Ендігі жерде тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 10 пайызға артып, 2024 жылы 165 мыңды құрайтын болады. 
Министрліктен келген өкіл Алматы облысының білім беру саласында айтарлықтай алға жылжу бар екенін атап өтті. Мәселен, білім мекемелерін цифрландыруда, балаларды балабақшамен, қосымша білім берумен қамтуда, көшбасшы тренерлерді даярлауда жетісулықтардың алда келе жатқанын алға тартты. №42 балабақшада қолданылатын авторлық бағдарламаның тиімділігі мен онда тәрбиеленіп жатқан  балалардың робототехниканы меңгеру деңгейінің жоғарылығын  мақтанышпен айтты. Міне, осындай озық тәжірибелерді халықаралық конференция сынды үлкен шаралар өткізіп, өзгелерге таратуды ұсынды. 
Конференция жұмысын облыс әкімі Амандық Баталов қорытындылады.

– Тамыз кеңесі – әр оқу жылы алдында білім саласындағы өзекті мәселелерді анықтап, саланың дамуына талдау жүргізіп, мақсат-міндеттерімізді айқындайтын басты жиын. Өздеріңізге белгілі, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық тамыз педагогикалық конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, білім саласы қызметкерлерінің қазіргі қоғамдағы, жалпы ел дамуындағы рөлі туралы айта келе біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек екендігін атап көрсетті. Кеңес барысында Президент білім саласына қатысты болашақ ұрпақ  үшін маңызды бірқатар міндеттерді орындауды тапсырды. Биылғы оқу жылындағы жұмысымыз осы  міндеттерді іске асыруға бағытталуы тиіс. Ұрпақ өсіру, оны тәрбиелеу – адамзат тіршілігінің мәні, болашақпен жалғастырар алтын көпірі. Сондықтан жастарға бағыт-бағдар беріп, ілім-білімге баулу – біздің қоғамның жауапты жұмысы. Білім саласын дамыту – халықтың болашақтағы әл-ауқатын арттырудың, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болудың, кемел келешектің алғышарты. Сол үшін де біз әрқашан салаға қолдау көрсетіп келеміз.

Биылғы жылы білім саласының бюджеті 200,2 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 43,2 млрд. теңгеге артып отыр. 

Кезінде халық «Білім негізі – бастауышта» деп сауат ашудың маңыздылығын ерекше атаса, қазіргі заман ерте жастан білім алуды, яғни, білімнің негізін балабақшадан бастауды талап етеді. 

Осыған орай облыста мектепке дейінгі білім беруді дамыту – басты назарда. Осыдан он жыл бұрын облыста балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 21 пайызды құраса, бүгінде осы бағытта кешенді жұмыс жүргізу арқылы қамту пайызын 98,5 пайызға жеткіздік. Жыл соңына дейін қосымша жекеменшік балабақшалар ашу арқылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Облысымызда мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиемен қамту деңгейін көтеруге жеке меншік сектордың қосқан үлесі зор.        

                                                   

Мемлекеттік қолдаудың арқасында биыл 20 білім беру нысаны салынуда. Оның 15-і мектеп, төртеуі колледж. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттен 9,9 млрд. теңге бөлінген. Материалдық-техникалық базаны жаңартуға 8,2 млрд. теңге қарастырылған. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан үшауысымды мектептер мәселесі облысымызда әлі де өзекті болып тұр. Қазіргі таңда үшауысымды білім беретін 34 мектеп бар. Олар Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Ұйғыр аудандарында. Үшаусымды мектептерді жою мақсатында 3000 орынды 7 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның бесеуі жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Ал екеуінің құрылысы 2020 жылы аяқталады.

Биыл 5 мектеп пайдалануға  берілетіндіктен  үшауысымды 29 білім ошағы қалуы тиіс еді. Алайда, көшіп-қону процесі мен демографиялық көрсеткіштердің артуына орай үшауысымды мектептердің қатары тағы да көбейгелі тұр. Алдын ала есептеу бойынша жаңа оқу жылында оқушылардың саны 14 мыңға артып, 1-сыныпқа 50 мыңға жуық бүлдіршін қадам жасамақ. Соңғы 5 жылда облыс тұрғындарының саны да 300 мың адамға артты. 
Облысымыздағы тағы бір күрделі мәселе – шағын комплектілі мектептер жайы. Бүгінде мұндай 229 білім шаңырағы бар. Ондағы оқушылардың санының аздығы,  кадрдың жетіспеушілігі, бәсекелестіктің жоқтығы шешімін іздеуге тиіс мәселе, – деді облыс басшысы. 
Амандық Ғаббасұлы жасөспірімдер арасындағы суицид, қылмыс мәселесінің толастамай тұрғанына да қынжылыс білдірді. Биылғы жарты жылдықта 169 қылмыс тіркеліп, 16 жасөсіпірім өз-өзіне қол салып, өмірімен қоштасқан. Осы орайда жас ұрпақтың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу керектігін алға тартты. 
– Жыл сайын тәртіп сақшыларына су жаңа көлік беріп, жұмыстарын жеңілдетуге тырысқанымызбен қылмыс саны азайып отырған жоқ. Келер жылдан бастап тасымалданып оқитын оқушылар үшін жаңа автобустар бөлеміз. Оқушыларымыз жаңа да жайлы қоғамдық көліктермен мектепке қатынайтын болады, – деді ол.
Облыста мектебі жоқ 69 елді мекеннен оқушылар тасымалданып оқытылады. 768 мектептің 572-сінде ыстық тамақ ұйымдастырылған. Осы мектептердегі әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылар 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылған. Осы жылы 18806 көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 1-4-сынып аралығындағы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қосымша 450,0 млн. теңге қаржы бөлінген. 

Өңірде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды инклюзивтік оқытумен қамтуға ерекше назар аударылуда. Инклюзивтік білім беру көрсеткіші балабақшаларда – 17,7, мектептерде – 67,9, колледждерде – 53,9 пайызды құрайды.  Осы орайда алдағы уақытта арнайы мамандар штатын бөлу арқылы инклюзивтік біліммен қамту көрсеткішін арттыру және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары жалғастырылмақ. 

– Осы ретте жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев маңызды екі бастама көтергенін атап өткім келеді, соның бірі – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау мақсатындағы «Қамқорлық» бастамасы. 

Ал «Ел үміті» атты екінші бастамасы жас таланттар мен көшбасшыларды қолдауға, оның ішінде кіші қалалар мен ауыл балаларының әлеуетін ашуға арналып отыр. Қазіргі уақытта осы екі бастаманы жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Мәселен, өткен оқу жылында оқушыларымыз республикалық пән олимпиадасында 36, республикалық ғылыми жоба жарыстарында 33, халықаралық олимпиадалар мен жарыстарда 30 жүлделі орынды иеленді. Аталған оқушылар негізінен облыстағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының білім алушылары. Дегенмен біз мектептер арасындағы бәсекелестікті жандандырып, жоғарыда атап өткендей, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жойып, барлық балалардың тең дәрежеде өз мүмкіндігін көрсете алуына қол жеткізуіміз керек. Сонда ғана біз нағыз дарындар мен таланттарды қанаттандыра аламыз, – деді Амандық Ғаббасұлы. 

Бұдан соң еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген бірқатар педагогты «Ы. Алтынсарин», «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапаттады.  ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары да табыс етілді. 

Биыл марапатталған ұстаздардың қатары жылдағыдан көп болды. Жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру саласының 600-ден аса қызметкері түрлі марапатқа қол жеткізіп, ұстаздық ұлы қызметтің құрметіне бөленді.

Облыста 1169 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның 183-і мемлекеттік, 597-сі жекеменшік балабақша, 389-ы шағын орталық.

2016 жылмен салыстырғанда облыста 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 11,5 пайызға өсіп, биыл 98,5 пайызға жетті.

2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы  65,2 пайызды құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 8,5 пайызға көтерілді. Аудандар бойынша ең жоғарғы сапаны Қапшағай қаласы (67,5%), Іле ауданы (67,4%) көрсетті.

Өткен оқу жылында облысымыздың білім беру мекемелері 1487 жас маманмен толықты, оның 1112-сі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылды жерлерге жұмысқа орналасты. Оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

Облысымызда 2889 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Аталған санаттағы 2333 бала отбасылық тәрбиеге орналастырылған. 395 жеткіншек балаларға арналған мекемелерде тәрбиеленуде.

Облыста соңғы үш  жылда 311 бала баспанамен қамтылды. Сонымен, қатар, 2018-2019 жылдың бірінші жартыжылдығында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан  65 пәтер берілді.

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін шешуде 9 оқу мекемесіне 1968 орынға арналған 10 жатақхана салу қажеттілігі анықталды. Ағымдағы жылы 818 орынды 4 жатақхана салынады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2,7 млрд. теңге қаражат бөлінді.

Алма ЕСЕНБАЕВА