ЖЫЛ СОҢЫНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Уақыты: 24.08.2019
Оқылды: 969
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазіргі кезде Қазақстан-Сингапур бірлескен «ALACEM» компаниясы Кербұлақ өңірінде цемент зауытын салып жатыр. Өткен жылдың көктемінде басталған өндіріс ошағының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтіліп отыр. Бұдан соң зауыт іске қосылып, ел игілігіне берілетін болады.


Елге берер пайдасы мол игілікті істі көру үшін арнайы сол жерге бардық. Бұл жердегі жұмыстармен өндіріс жетекшісі Диас Жармағамбетов таныстырды. Байқағанымыздай, жол бойынан орын тепкен өндіріс орнының құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Ауласы да атшаптырым аумақты алып жатыр. Жұмыстардың басым бөлігі тамамдалуға таяпты. Қалай болғанда да қолға алынған іс дер кезінде бітуі тиіс. Осыны мақсат тұтқан мамандар мен құрылысшылар жұмысты бірлесе атқаруда. Зауыт еуропалық әрі заманауи үлгіде бой көтеріп келеді. Ол іске қосылатын болса үш жүзден аса жұмыс орны ашылмақ. Яғни, жергілікті тұрғындардың көбі жұмыспен қамтылады деген сөз. Айта кетейік, аталмыш компанияның негізгі құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер Нұржан Шакиров. 

Жоба мақсаты Алматы қаласы мен облысын стратегиялық маңызы бар құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету. Инвестиция көлемі 50 млрд. теңгені құрайды. Бас мердігер "Jiangsy Pengfei Kazakhstan", ал жобалаушы ұйым "Industrial Engineering KZ" ЖШС. Бұл жерде тәулігіне 3,200 тонна өнім шығарылады. Ал жалпы зауыттың жылдық қуаты 1,2 млн. тонна цемент өндіруге қауқарлы. Өнім дайындауға қажет шикізат та Күреңбел өңірінен табылады. Мамандардың сөзінше, жаңа цемент зауытының экология мен қоршаған ортаға да еш зияны тимейді. Ол үшін арнайы сүзгі құрылғылары орнатылуда. Зауыт автоматты түрде жұмыс атқаратын болады. Тек, арнайы тетіктерді дұрыс басқарса болғаны. Өндіріс жетекшісінің айтуынша, қазіргі кезде кәсіпорын мамандарын даярлауға айрықша көңіл бөлініп отыр. Алдағы уақытта оларды шетелден оқыту көзделуде. Бүгінде осы бойынша дайындық іс-шаралары жүргізіліп жатқан көрінеді.      

Өндіріс орнына орнатылатын құрал-жабдықтардың сапасына да мән берілген. Сондай-ақ, бұл жерде өнім сапасын тексеретін лабораториялық орын да болады. Жалпы, мұндағы жұмысшылардың алаңсыз еңбек етулері үшін барлық жағдай қарастырылыпты. Олар үшін үш мезгіл ыстық тамақ әзірленеді. Жатын орындары мен жуынып-шайынатын жерлері де бар. Қажет болған жағдайда дәрігерлік көмек те көрсетіледі. Айлық жалақылары да уақытылы беріліп отырады. Бүгінде Дәулет Танабеков, Азамат Нүсіпов, Бауыржан Талдыбай секілді құрылыс алаңында жұмыс атқарып жүрген жергілікті азаматтарды өз істерін жетік меңгерген еңбеккерлер деп айтуға болады. 

Зауыттан шыққан дайын өнім тапсырыс бойынша Жетісу өңірінің түкпір-түкпірінде саудаланбақ.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА