АНТОЛОГИЯ АЛТЫ ТІЛГЕ АУДАРЫЛДЫ

Уақыты: 23.08.2019
Оқылды: 875
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның селекторлық отырысы өтті. Жиында бағдарламаның екі жыл ішіндегі жұмысы айтылып, алдағы уақытқа жоспар құрылды.


Өз сөзінде Марат Мұханбетқазыұлы аталған бағдарламаның барлық бағыты бойынша ауқымды іс-шаралардың өткендігін айтты. Мәселен, латын әліпбиіне көшу жұмыстары бойынша орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және ақпараттық бағытта 4 топ жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек, «Жаңа гуманитарлық білім» жобасы бойынша Cambridge University Press, Oxford University Press және басқа да халықаралық ірі баспалармен бірлесіп, ғылымның әр бағытын қамтитын 48 оқулық ана тілімізге аударылды. Сондай-ақ, «Туған жер» бағдарламасының аясында 2 мыңға жуық мәдени, білім, спорт нысаны бой көтерді. Ал «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша 28 тарихи нысан қайта жөндеуден өтті. Бүгінде «Отырар» мен «Тамғалы» орталықтарының құрылысы аяқталуға жақын. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша тұңғыш рет Қазақстанның поэзия мен проза антологиясы 6 тілге аударылып, жарық көрді. Антологияның халықаралық таныстырылымы күзде болады. Осы орайда Елордада 4-6 қыркүйекте Азия қаламгерлерінің бірінші форумының өтететіндігін де айта кеткен жөн. 

2020 жыл – Еріктілер жылы. Осы тұрғыда Марат Тәжин мемлекеттік органдарға студенттердің қоғамдық қызметіне қолдау көрсетуді тапсырды.     

Отырыста Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мурзалин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова да сөз сөйледі. 

 Қали АСҚАР