ҚҰНДЫ ҰСЫНЫСТАР АЙТЫЛДЫ

Уақыты: 24.08.2019
Оқылды: 1305
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көпбалалы отбасылардың, сондай-ақ, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі партияның ХVІІІ съезінде берілген тапсырмаларын іске асыру барысы туралы есеп, облыстық Қоғамдық кеңестің жұмысын ақпараттық жауаптандыру мәселелері бойынша комиссияның қызметі туралы ақпарат, облыстық мәслихаттың және облыс әкімдігінің 9 нормативтік-құқықтық актілерін жария талқылау сынды үш мәселе қаралды.


Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған Қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан Тойбаев есеп беру үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Абдалиевті мінбеге шақырды. Биылғы 7 айдың ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырған баяндамашының айтуынша, Жетісу жерінде атаулы әлеуметтік көмекке зәру жандардың аты-жөндері мен деректерін жинақтайтын «Е-Халық» электрондық әлеуметтік картасы іске қосылған. Онда 1 шілдеге дейін 2 миллионға жуық азаматтың мәліметтері кіргізілген. Сондай-ақ, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың әлеуметтік жағдайы, әр мүшесінің мәліметі, баланың балабақша кезегіне қойылған, қойылмағандығы, баспанаға зәрулігі немесе үйінің бар екендігі жайлы ақпараттар қамтылған. Бұл, ең алдымен, ауылдық округ әкімдіктерінің жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Осыған орай биыл 546 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек беру мақсатында жергілікті бюджеттен 15,1 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, биыл жыл басынан бері көпбалалы отбасылардан 1221 адамды жұмысқа орналастыру шаралары қабылданған. Олардың ішінде 482 адам қысқа мерзімге оқытуға жіберілсе, 123 адам әлеуметтік жұмыс орындарына қабылданған. 542 адам қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылса, 20 адам жастар тәжірибесінен өтуге жіберілген. «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқудан өткен 37 адамның оны жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру бойынша қайтарымсыз грант алса, жетеуі 34,9 миллион теңге мөлшерінде шағын несиеге қол жеткізген. Осындай жетістіктер көп екенін әңгімелеген баяндамашыны тоқтатқан Қоғамдық кеңес мүшесі Роза Ақжәркенова сұрақ-жауап бөліміне көшудің тиімділігін алға тартып, өзін толғандырған сауалдарды жолдады. Қойылған сауалдардың арасында өңірдегі мүгедектерге берілер көмек пен қолдаудың түрі, берілер қызмет сапасын жақсарту, мүгедектер арбасын нақты шығарушыдан алудың тиімділігі секілді өзекті мәселелер болды. Осыған жауап берген басқарма басшысының орынбасары биыл мүгедектерге ортопедиялық қызмет көрсету үшін 265,2 миллион теңге бөлініп отырғанын, бұл қаржының 3412 адамға қызмет көрсетуге жұмсалатынын, оның ішінде 1500-ге жуық адам ортопедиялық қызмет алатынын жеткізді. Тағы бір айта кететін мәселе, мүгедектер арбасының сапасы сын көтермейтінін айтқан Қоғамдық кеңес мүшелері атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасының табысы есебіне зейнетақыны қосып есептеудің мүлде қисынға келмейтінін алға тартты. Соған орай заң шығарушы орган – Парламент Мәжілісінің қарауына осы мәселені жетісулық тұрғындардың атынан сауал ретінде жіберуге келіскен Қоғамдық кеңес мүшелері жиында қаралатын екінші мәселені тыңдады.

Тақырыпқа орай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев есеп беріп, облыстық Қоғамдық кеңестің жұмысын көпшілікке насихаттау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды.

– Қоғамдық кеңестің төрағасы Әлихан Тойбаевтың ұсынысымен 29 мамыр күні облыстық Қоғамдық кеңестің жұмысын ақпараттық тұрғыдан насихаттау мақсатында арнайы медиа-жоспар жасалған болатын. Осы жоспарды жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар атқарылып, облыстық Қоғамдық кеңестің ресми сайты http://os.7sy.kz/index.php. деген атаумен ашылды, – деген Рустам Әлиұлы әлеуметтік желілерде таралатын мәліметтердің көлемін таныстырып өтті. – Сайттағы «Қоғамдық кеңес», «Жаңалықтар», «Заң мен құжат», «Біз туралы» айдарлары бойынша көпшілікке қажетті мәліметтер мен ақпараттық деректер беріледі. Сондай-ақ, облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінде жарияланған мақалалар басылады. Одан бөлек, Фейсбук әлеуметтік желісінде ашылған парақшада Қоғамдық кеңес көтерген мәселелердің шешілу жолдары ұдайы жарияланып отырады. Облыстық екі газетте арнайы ашылған «Қоғамдық кеңес» айдарында қоғамдық кеңес мүшелерінің бастамасымен қаралған мәселелер жайындағы мақалалар шығып тұрады. Мысалы, облыстық екі газетте «Өзекті мәселелер қаралды», «Облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерінің назарына», «В прицеле важные вопросы», «В финансовых вопросах мелочей не бывает» атты мақалалар жарияланды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Ал, облыстық «Жетісу» телеарнасының жаңалықтар бағдарламасында биылғы алғашқы тоқсанда облыстық Қоғамдық кеңестің жұмысы жайында 5 сюжет көрсетілді.

Тақырыпқа қатысты сауал болмағандықтан Қоғамдық кеңес мүшелері екінші мәселені қолдайтындарын растап, бірауыздан дауыс берді. Одан соң жиында қаралған үшінші мәселе – облыстық мәслихаттың және облыс әкімдігінің 9 нормативтік-құқықтық актілерін жария талқылау өткізілді.

Атап айтқанда, Қоғамдық кеңес мүшелері облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 13 желтоқсандағы «Алматы облысының 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» №38-211 шешіміне өзгерістер енгізу туралы, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың «Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласының шекарасын (шегін) өзгерту туралы» каулысы мен шешімінің жобасын, облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 21 тамыздағы «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы №376 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулысының жобасын, облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы «Мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенттерін бекіту туралы» № 593 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасын, облыс әкімдігінің «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенттерін бекіту туралы» қаулысының жобасын, облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 622 «Алматы облысы бойынша кеніздеушілікке арналған аумақтарды айқындау туралы» қаулысына толықтыру енгізу» қаулысының жобасын, облыс әкімдігінің «Туризм саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенттерін бекіту туралы» қаулысының жобасын, облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2019 жылғы 19 сәуірдегі «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру бойынша субсидиялар көлемдерін бекіту туралы» №147 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасын, облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің 2019 жылғы 28 қаңтардағы «Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы» №43 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысының жобасын жария талқылап, жобаларды қолдауға дауыс берді.

Мәди АЛЖАНБАЙ