Елбасының үндеуі болашаққа баянды қадам

Уақыты: 30.01.2017
Оқылды: 1262
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүкіл қазақстандықтардың қатысуымен жүзеге асатын жаңа реформаны жарқын болашаққа жасалып отырған баянды қадам ретінде бағалаймын. Мемлекет басшысының үндеуіне қатысты Қазақстанның құрметті журналисі Мейрам Жанәділов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуімен мұқият танысып шықтым. Осынау аса маңызды саяси құжат тәуелсіз мемлекетіміздің демократиялық өсіп-өркендеп келе жатқандығын кезекті рет айқындап отыр деп есептеймін. Үндеуде айтылғандай, күшті президенттік вертикаль бізге мемлекетті қалыптастырудағы алғашқы қиындықтарды еңсеру кезеңінде қажет болды. Осы кезеңде өзіміз бүгінде мақтанышпен айтып жүретін қаншама жетістіктерге қол жеткізілді десеңізші! Ұлт көшбасшысы осы қол жеткенмен тоқтап қалмай, саяси жүйені одан ары демократияландыру қадамын жасап отыр. Мұның өзі мемлекетті басқару жүйесінің тиімділігін барынша арттырып, еліміздің әлем алдындағы беделін бұрынғыдан да жоғарылата түсетіндігі сөзсіз. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Мен Президент ие өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын. Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен - елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын»,- деген сөздері бұл тұжырымымызды одан ары айқындай түседі. Осындай түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру арқылы мемлекеттік құрылыстың бөгде ешбір модельдеріне ұқсамайтын өз мемлекетімізді, жауапкершілік пен біліктілікті басты орынға қоятын Үкімет пен Парламентті қалыптастыратынымыз сөзсіз. Мұның өзі болашақ толымды табыстарымыздың кепілі болмақ»,- дейді Жанәділов.

Самал Қабышева http://www.inform.kz/kz/elbasynyn-undeui-bolashakka-bayandy-kadam-zhanadilov_a2994118