ЭСТАФЕТА АЛМАТЫҒА БЕРІЛДІ

Уақыты: 31.01.2017
Оқылды: 1475
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, XХVІІІ қысқы Универсиада ойындарының Алау эстафетасы Талдықорған қаласын дүбірге бөлеп, Алатау баурайына аттанды.

Ұлы Дала елін еркін аралаған Алау эстафетасы Жетісу жерін де өзінің ыстық жалынымен бір шарпып өтті. Бұл жолғы оттың қуаныш пен шаттықтың алауына айналғаны баршамызға аян. Талай жастың жүрегіне үміт отын тұтатып, қанатын кең серпуіне қуат берген Алау эстафетасы «Жастар» саябағынан бастау алды. Сол күні күннің көзі де келген жұрттың мерейін өсіргендей шуақ шашып тұрды. 
Саябаққа жиылған жанкүйерлердің көңілі шат. Көше бойын жағалай сап түзеген қала тұрғындары Алау эстафетасының құтысын ұстаушы жастарды көруге ынтық. Сонымен көптен күткен эстафета да басталды. Сахна төріне Алау қазандығы қойылып, маңайында жас талантты студенттер мен Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев тұрды. Жүргізушінің хабарлауымен қос қапталға облыс орталығында талай жастың томағасын сыпырып, өмір көкжиегіне қанат қақтырған білім ордаларының студенттері шақырылып, олардың білімде, спортта жеткен жетістіктері хабарланды. Одан кейін  жерұйық мекенге айналған Жетісудың жеті өзені сомдалып, қолдарына көк мата ұстаған өнер майталмандары жеті өзеннің ағысын көз алдымызға әкелгендей бір арнаға тоғысты. Облыс әкімі Амандық Баталов ортаға шақырылып, шараның шымылдығын түрді. Амандық Ғаббасұлы сөз басында елімізде алауы тұтанатын Универсиада ойындарына кеңінен тоқталды. Ұлы Дала елін он күн бойы дүбірге бөлейтін Универсиада ойындарының елдің атын алысқа шығаратын дода екенін баса айтты. Мұнымен қоса ТМД елдерінің арасында тұңғыш болып осындай дүбірлі доданы өткізу Елбасының ерекше еңбегі екенін де тілге тиек етті. Жарыста бақ сынайтын спортшыларға, соның ішінде Алматы облысының үкілеп қосқан саңлақтарына сәттілік тілеп, шараны ашық деп жариялады. Артынша алау қазандығы тұтанып, ЖМУ ректоры Қуат Баймырзаев алау құтысын облыс әкіміне табыс етті. 
Амандық Ғаббасұлы алауды Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Карина Горичеваға табыс етті. Универсиаданың мәртебесін көтеретін Алау эстафетасына облыста алпыс алаугер тартылды. 

Оның ішінде талантты спортшылар мен әр салада үздік шыққан жас мамандар мен студенттер бар. Алаугерлердің әрқайсысы екі жүз метрді жүгіріп, бір-біріне табыс етеді. Сонымен Риода Алаш атын шығарған Карина алауды «Үздік студент» номинациясын жеңіп алған «Көшбасшы – 2016» атағының иегері Нұржан Жетпісбаевқа табыс етті. Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы Азиада шарасын Алматы облысы жоғары дәрежеде өткізіп, үздіктердің қатарынан көрінген болатын. Бұл жолы да сол нәтижесінен төмендемеді десек болады. Жолдың екі жағынан алаугерлерге қолдау көрсеткен жанкүйерлерде есеп жоқ. Барлығы да «Алға, Қазақстан!» деген ұран шақырып, рухты көтерді. Бақ пен баптың сыналатын шағында ел намысын жоғары ұстаған спортшыларымыз да бұл шарадан үлкен әсер алғандай. Қолына алау ұстағандардың арасында тұңғыш «Қазақстан Барысы» Ұлан Рысқұл, жастар арасында бокстан әлем чемпионатының жүлдегері Балауса Мұздиман, Баян Ақбаева, каратэден әлем чемпионы Мерей Сүйінов, Рио Олимпиадасына қатысушы марафоншы Гүлжанат Жанатбекова, дзюдодан екі дүркін Азия чемпионы Нұржан Жұмажан, еркін күрес шебері Аслан Кахидзе, грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрмахан Тыналиев, ауыр атлетші Маргарита Елисеева және әр саланың үздік мамандары мен студенттері бірінен-бірі қабылдап алып Жансүгіров және Тәуелсіздік көшелерімен он екі шақырымды айналып өтті. 
Олардың арасында біздің әріптестеріміз – 31 телеарнасының тілшісі Самал Қабышева мен Жетісу телеарнасының операторы Берік Жанатханұлы да бар. 
Алау эстафетасы кезінде түрлі мәдени шаралар  ұйымдастырылып, алаудың дәрежесін одан ары асқақтатып жіберді. Мысалға әр ұлттың өкілдері ұлттық киімдерін киіп, ұлттық билерін билесе, қолына бүркіт ұстаған төрт салтатты құсбегі Абзал Әбенге қолдау танытты. Жас велошабандоздар мен шаңғышылар да бой көрсетіп, шараның көрігін қыздырды.
 «Жастар» саябағынан бастау алған Алау эстафетасы «Жастар» саябағында өз мәресіне жетті. Талдықорғанды аралап өткен алауды «Жастар» сарайына бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы алып кірді. Жетісу жұртының қанын қыздырған алауды Жәнібек облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиевке табыстап, артынша арнайы орталықтан келген Алау эстафетасы дирекциясының өкілдеріне берілді. Алау құтысымен сарай ішін бір айналған өкілдер Алатау баурайына қарай аттанып кетті. 
Алматыда тұтанатын Алауды еліміздің барлық аймағынан он алты өкіл келіп жағады. Сондай тарихи құрметке біздің Жәнібек Әлімханұлы да ие болды.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ