Жолдау жаңа белестерге бастайды

Уақыты: 02.02.2017
Оқылды: 2078
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жетісулықтар бірауыздан қолдады. Елбасының биылғы Жолдауында берілген тапсырмалар мен міндеттерді талқылап, жүзеге асыру жолдарын белгілеу мақсатында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен актив жиыны өтті. 

Күн тәртібінде Елбасы Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы облыстың атқарушы органдарының міндеттері қаралды. Елбасы Жолдауына қатысты облыс басшысы Амандық Баталов баяндама жасады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы атаған бес басымдықтың әрқайсысы облыс экономикасымен тығыз байланысты екенін айта келіп, Жолдау туындатқан міндеттерге кеңінен тоқталды.
– Қысқа мерзімде еліміз үлкен жетістікке жетті. Ел тәуелсіздігін алмас бұрын халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының біршама төмен болғанын көпшілігіміз білеміз. Талдықорғанның жағдайы да айтарлықтай қиын болған. Бірақ біз бірінші жаңғырудың арқасында, яғни, экономикалық іргетасымыздың беріктігінің нәтижесінде Талдықорған бүгінгі белеске көтерілді. Ал, екінші жаңғыру бойынша Қазақстан Республикасын аяғынан тік тұрғыздық. Сарыарқа төрінде еліміздің бас қаласы Астана бой көтерді. Еліміз үздік 50 мемлекеттің қатарына енді. Экономикасы дамыған ел ғана әлемдік Универсиада, ЭКСПО сияқты ауқымды шараларды өткізе алады. Мұның барлығын да Елбасының тапсырмалары арқылы жүзеге асырдық десек артық болмас. Ендігі жаңғырудың маңызы тіптен ерек. Біз өндіріс пен шаруашылыққа ғылымның озық жетістіктерін енгізіп қана қоймай, шикізаттық емес саланың экспорттық әлеуетін арттыруымыз керек, – деді облыс басшысы. Сонымен қатар, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының іске асырылғаны туралы сөз етті. Жақында ғана Елбасының өкілеттікті қайта бөлу жөнінде шешім қабылдап, Конституциялық реформалар бағдарламасын ұсынғанын, Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының сол жұмыстардың нақты жалғасы екенін басты назарға алды. Осыны алға тартқан облыс әкімі аймақта атқарылып жатқан және де алдағы уақытта Жолдау аясында атқарылатын жұмыстарды нақтылады.
Облыста өнеркәсіпті өркендетіп, ауылшаруашылығын, орта және шағын бизнесті дамыту арқылы экономиканы жедел жаңғыртуға болатынын тілге тиек еткен Амандық Ғаббасұлы инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндіктің молдығын айтты. Саяси құжаттағы: «Бизнеc-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету», – деген жолдарға ерекше мән берген облыс әкімі облыстағы шағын және орта бизнестің 21 пайызбен басталып, араға бір жылдан аса уақыт салып оның пайыздық өлшемінің 38-ге жеткенін баяндады. 
Жер жаннаты саналатын Жетісу жері о бастан-ақ ауылшаруашылық саласына өте қолайлы. Сондықтан да  мал және егін шаруашылықтары жанданып келеді. Аграрлық аймақтан аграрлы-индустриалды облысқа айналу үшін ерінбей еңбек ету керектігін айтты. Ел экономикасының деңгейін көтеру мақсатында өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, жаңа құрылыс секторлары өз жұмыстарын жандандыруы тиіс. Бұл саланың облыстағы көрсеткіші де біршама жоғары. Облыс әкімі өз сөзінде:– Біздің өңірде Алматы – Қапшағай – Талдықорған, Талдықорған – Өскемен, Үшарал – Достық және Жалаңаш – Көлсай бағытындағы жол құрылыстары үлкен маңызға ие. Жолдауда өнеркәсіп орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Сондықтан да, көршілес мемлекеттермен бірлесе отырып кең ауқымды істерді атқаруымыз керек. Қытай мен Қазақстан шекарасындағы «Қорғас» кеденінің жұмысын жақсартып, кәсіптің өзге де түрін облыс орталығына тарту керек, – деді. 
Шығарылған өнімнің барлығында «Made in Kazakhstan» бренді отандық өнім үшін негізгі эталон болуы керек. Сол үшін де мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге барынша көңіл бөлінуде. Осы орайда «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік палатасы көрсетіп жатқан көмектің барлық түрін кәсіпкерлер тиімді пайдаланса деген ұсынысын білдірді. 
Ауылшаруашылығы оның ішінде мал шаруашылығының деңгейін жоғарылату мақсатында мемлекет тарапынан берілетін субсидия дұрыс игерілмейтін болса, оған аудан әкімдері тікелей жауапты. Осындай қолдауды пайдалана отырып, таза ет өнімдерін, оның ішінде сұранысқа ие болып отырған қазақстандық қой еті көпшіліктің назарын аударуда. Бұл, бір жағынан, біздің атакәсіптің көзі болса, екінші жағынан таза өнім. Облыс басшысы мұндай мүмкіндікті қолдан сусытып алмай тұрғанда зауыт ашу жұмысын көп созбай, бастау керектігін тілге тиек етті. 
Елбасы өзінің Жолдауында: «Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік», – деп бүгінгі заманның жетістігін дөп басып айтты. «Елде 3 D-принтинг, онлайн-сауда, мабильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырдым», – деген Елбасының тапсырмасына орай нәтижелі жұмыс күтетінін айтқан облыс әкімі экономикамыздың әлемдік даму үрдісінен қалмай, тұрақты өркендеуі үшін цифрлы технологияны барлық салаға кеңінен енгізуге назар аударылатынын, алдағы уақытта сандық технологияны дамыту жолында жүйелі қызмет ету керектігін түсіндірді. Бұл орайда өңдеу өнеркәсібін дамыту, әсіресе ауыл- шаруашылығына жаңа технологияны енгізу аса маңызды міндет болмақ. Облыс әкімі өз сөзінде экспортқа бағытталған кәсіпорындарды өркендету, ауылшаруашылығында кооперативтер құру, жерді тиімді пайдалану, жаңа жұмыс орындарын ашу, маргинал жастарды оқытып, оларды жұмыспен қамту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс істейтін балабақшалар мен мектептер қатарын көбейту, үштілділік саясаты сынды мәселелерді де қамтыды. 
Амандық Ғаббасұлы аудан әкімдеріне Жолдау аясында атқаратын жұмыстарын жүйелеп, жақын арада іске асыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінетінін айтты. Бірақ мемлекеттен бөлінетін қаржымен шектеліп қалмай, жеке кәсіпкерлерді өңірдің дамуы жолында іске тартуды тапсырды. 
Технологиялық білімді ғылыммен ұштастыру жөніндегі өз ойын ортаға салған І. Жансүгіров атындағы ЖМУ ректоры Қуат Баймырзаев білім жүйесіне жаңа технологияны енгізу мәселесіне қатысты ойын жеткізді. Елбасы Жолдауында айтылған IT-технологияны меңгеру, қаржылық сауаттылықты арттыру, ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу тапсырмасының білім саласына да тікелей қатысты екенін баяндады. 
Жиын соңында облыс әкімі А. Баталов Жолдауды өңір тұрғындарына кеңінен түсіндіретін ақпараттық насихат топтарын құруды, медиа-жоспар дайындап, БАҚ арқылы насихат жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Еңлік КЕНЕБАЕВА