ЖАҢАДАН ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ӘКІМ ШЕЛЕК АУЫЛЫН ДАМЫТУҒА БАСА НАЗАР АУДАРДЫ

Уақыты: 12.04.2021
Оқылды: 1045
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Еңбекшіқазақ ауданының жаңадан тағайындалған басшысы Әлібек Жақанбаев қала, ауылдық округ әкімдерін қабылдап, перспективалық жоспарын жүйелеп, нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, аудан әкімі осыған дейін үнемі Есік қаласының көлеңкесінде қалып қоятын Шелек елді мекенін дамыту бағытына ерекше назар аударды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Әлбетте, қазіргі індет жайлаған заманда тұрғындар денсаулығы басты назарда. Сондықтан, талапқа бағыну - әрбіріне ортақ мақсат. Мұны тұрғындар арасында түсіндіру бірінші кезекте тұрады. Аудан әкімі округ басшыларына талап үдесінен шығу үшін түсіндіру жұмыстарын жетілдіруді тапсырды. Алғаш кірген Есік қаласының әкімі Айдар Бошкуловтың жұмыс жоспарымен танысып, нақты тапсырмаларын берді.

- Бірінші мезетте Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап Мәдениет үйінің аумағында балаларға арналған ойын, футбол алаңдарымен бірге Тәуелсіздік бағын салу мақсатында жоба дайындап, қажет ететін қаражат көлемін анықтаңыз. Орталық стадионды ретке келтіру, оған жоба дауындау, сол секілді орталықтағы Алматы көшесі мен Абай көшелерінің қиылысында орналасқан Керей-Жәнібек ескерткішін қайта жаңарту үшін өтініш беріңіз. Әрі Алтын Адам аллеясын абаттандыруға, Набережная көшесінің жобасын дайындап, кезеңдерге бөліп жұмыстарды бастауға әрекеттенуіміз керек. 25 шақырым көше жолдарын жөндеу, күл-қоқыс тастайтын орын мәселесін шешу кезек күттірмейді, - деді Ә.Жақанбаев. Сондай-ақ, Есік өзенін абаттандыру бойынша нақты жоспар әзірлеуді ұсынды.

Аудан басшысы Шелек ауылдық округінің әкімін қабылдай отырып, округтің жұмыстарымен танысып өтті. Сонымен қатар, өз сөзінде үстіміздегі жылы аталмыш ауылдық округке айрықша назар аударылатынын атап өтті. Жұмыстарды жүйелей отырып аудан әкімі Әлібек Жақанбаев округ әкімі Сәкен Абдыхалиевке нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кетсек, алдағы уақытта жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 237 га жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу мәселесі; 34 көппәтерлі тұрғын үй жағдайын реттеу; ауыл маңындағы екі саяжайдың жерін қайтару; ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша көшелерді барынша жарықтандыру мәселесі; жастардың жұмыспен қамту деңгейлерін анықтау және жұмыссыздық мәселесін реттеу; көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту мәселесін қарастыру, яғни, осы жылы Шелек ауылында 60 пәтерлік үйдің құрылысын жоспарлау; өрт сөндіру бекетін салу үшін жер телімін реттеу; діни бағытта жүрген азаматтарды анықтау, паспортын дайындау; санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстарын тұрақты жүргізу міндеттері пысықталды. Аудан әкімі осы айтылған жұмыстар тиянақты әрі сапалы жүргізілуі керек екенін ескертті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"