Ел дамуына қосқан үлесі ескеріледі

Уақыты: 07.08.2017
Оқылды: 2054
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Халқымыздың «Елдің атын ер шығарар, ердің атын ел шығарар» деген тәмсіліне ой жүгіртсек, тау мен жердің бүтіндігі, ел-жұрттың амандығы жолында барын салып, басын бәйгеге тіккен жандардың қажырлы еңбегінің елеусіз қалмайтынын ұғынасыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» ауқымды жобасы да осы үдені межелейді. Елімізде ғұмыры ғибратты, өмірі өнегелі ондай жандар көптеп саналады. Әсіресе еңбекпен есейіп, көркейген жарқын жүзді жандарды, әрқилы тағдыр иелерін насихаттауды мақсат еткен айтулы жоба еліміздің ширек ғасырлық тарихында мол табысқа қол жеткізген әрқилы жас шамасындағы 100 нақты адамның тарихын паш етуге арналады. Шаншыған шыбық өніп кететін құнарлы Жетісу топырағында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың жайы, тарихи тізімге үміткерлерді іріктеуге қажетті шарттар мен жобаны жүзеге асыру ерекшеліктері жайын облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлы әңгімелейді.

– Ғабит Тұрсынбайұлы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғанына 3 айдан асты. Жалпы еліміздің барлық өңіріндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылықтары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаладағы алты бағыттың бірі «Қазақстандағы 100 жаңа есімнің» анықталуына жауапты. Осы жөнінде қандай нақты нәтижеге қол жеткіздіңіздер?
– Ең алдымен, баршаның назарын «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына аударғым келеді. Өйткені, оны еліміздің жаңа бейнесі немесе Қазақстанның жаңа стандарты деуге болады. Бір кездері біздің жерлестеріміз – Социалистік Еңбек Ерлері Зылиха Тамшыбаева, Нұрмолда Алдабергенов сынды белгілі тұлғалардың есімдері қазақ тарихына алтын әріптермен жазылды. Ондай асыл жандардың қатары мол екендігі белгілі. Ал, еліміз тәуелсіздік алған күннен бері аттай 26 жыл зулап өте шығыпты. Содан бері Отанның дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан көргенді, тәжірибелі жандарды кейінгі жастарға үлгі етуіміз керек. Сол арқылы адамзаттың өмір тарихына біздің келешегіміз де жазылуы тиіс.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының нақты кезеңдеріне тоқталар болсақ, бұл бағытта белсенді жұмыстар жасалып жатыр. Қасиетті Жетісу жерінің әр түпкірінен 100-ден астам үміткердің есімі белгілі болды. Олардың мүмкіндіктері мен жетістіктерін саралау үшін арнайы комиссия құрылып, жоба кеңсесі жұмыс жасауда.
– Үміткерлерді іріктеуді жүзеге асыратын комиссия құрамына кімдер кірген? Олар дәл осы мәселе бойынша қаншалықты құзыретті?
– Әрине, іріктеудің үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Сондықтан жоба кеңсесінің құрамына 46 адам кіріп отыр. Олар облыстық мемлекеттік мекемелер мен басқарма, департаменттердің басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері. Яғни, түрлі салалардағы сарапшылардан құрылған арнайы топ барлық алты бағыт бойынша жұмыс істейді. Соған орай жүйелі түрде бас қосып, есеп береміз. Жоба кеңсесін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев басқарып отыр.
– Үздіктің үздігін таңдау оңай емес. Қандай күрделі мәселелер туындауда?
– Әрине, бұл өте күрделі және ұзаққа созылатын үрдіс. Біз 100-ден астам кандидат жинадық дедім ғой?! Өкінішке қарай, солардың сапалық құрамы бастапқы қойылған талаптарға сай емес. Оның үстіне, көпшіліктің әлі күнге дейін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының негізгі мәнін толық түсіне бермейтінін айта кету керек. Мысалы, тізімге енгізу үшін түрлі салаларда еңбек еткен 80-90 жастағы ақсақалдарды ұсынушылардың жиі кездескенін қалай жасырайын?! Тіпті, туыстық, жерлестік, ауылдастық сынды қарапайым қарым-қатынастар алдымыздан шыға берді. Осыған байланысты, жетісулықтарға туыстық немесе басқа да негізде өздеріңіздің жақындарыңызды алға тартудың қажеті жоқтығын айтқым келеді. Әрине, туған жеріміз бен еліміздің патриоты болғанымыз жақсы, бірақ бұл патриоттық сезім жалпыұлттық, неғұрлым ғаламдық масштабта көрініс табуы тиіс. «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген қасаң ұстаным бұл жерге жүрмейді. Өйткені, біз елдің жаңа бет-бейнесін, бітім-болмысын, адамдық парқын, кісілік келбетін, тұлғалық тұрқын көрсетуіміз керек. Президент те осы себеппен жастар қарапайым адамдардың өмірінен  үлгі алып, еліктеуге лайықты кейіпкерлерді табуы және көруі керектігін ескертті. Соған орай жақын қаладағы немесе туған ауылында жұмыс істейтін адамдарды дәріптеу тиістігін атап өтті.
– Басқаша айтқанда, тәуелсіздік жылдарында өзі қызмет еткен сала бойынша қажырлы еңбегі мен талмас талабының арқасында айтарлықтай жетістікке жеткен адамдар ғой керегі?!
– Иә, дәл солай. Сонымен талдау кезінде елдің игілігі үшін барын салып, жұмыс істейтін қаншама отандасымыздың бар екенін көреміз. Мұнда тағы да Елбасының: «Мұндай адамдар дінге, гендерлік сәйкестілікке, этностық ерекшелігіне қарамастан көрсетілуі тиіс. Мұнда жалғыз критерий – Қазақстанның дамуына қосқан үлесі» деген сөзін қайталауға тура келеді. Кеңестік тәлім-тәрбие, патриотизмнің қандай мысалдарға негізделгенін еске алайықшы. Әрбір қажетті саланың нақты қызметкерлерін, еңбеккерлерін қалай көтеріп, бағалағанын көз көрді. Сондықтан да Шығанақ Берсиев, Қаныш Сәтпаев, Кәмшат Дөненбаева сияқты көрнекті адамдар өз мемлекетінің абырой-беделі болып қала бермек. Олар артынан ерген ізбасарларына лайықты үлгі бола білді.
– Жетісулықтардың қатарынан сондай нақты мысал келтіре аласыз ба?!
– Бүгінгі замандастарымыздың арасында ондайлардың көп екеніне сенімдімін. Мысал ретінде, 1991 жылы Талдықорғанда құрылып, күллі республикаға кеңінен танылған «Нұр-Авиценум» медициналық орталығының негізін қалаған дәрігер Владимир Крайсманды айта аламын. Бүгінгі таңда тәуелсіздіктің құрдасы болған оның мекемесі облыс өмірінің әлеуметтік саласын арттыруға қомақты үлес қосуда. Осы жылдар ішінде Владимир Антонович медициналық орталықты біртіндеп нығайтты. Шетелден жаңа жабдық, техника әкелді, озық емдеу әдістерін енгізді, ең үздік мамандарды, профессорларды, дәрігерлерді шақыртып, үлгі боларлық озық операциялар жасатты, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол жаңа заманмен, жаңа кезеңмен бірге жасасқан, науқастардың талабына барлық жағынан сәйкес келетін медициналық орталық құрды. Соның арқасында орталық сарапшылары халықтың шынайы сенімі мен құрметін иеленді. Ал бұл жағдай, негізгі басымдық саналады. Мұндай адамдар қазіргі заман тарихын құрайтыны шындық. Өйткені халық үшін жасалған қызмет мәңгілік.
– Алайда, біздің елде есімі Кеңес заманынан-ақ белгілі болған тұлғалар бар. Тіпті ондай жандар өте көп деуге болады. Жалпы жобаға іріктеудің негізгі өлшемдері қандай? Белгілі бір шек бар ма?
– Ең алдымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы Қазақстан Республикасы кезеңінде өмір сүріп, тұлға ретінде қалыптасқан жандарға арналғанын ұмытпау қажет. Яғни, кеңестік кезеңнің өзінде белгілі тұлға ретінде танылып, қоғамнан өз орнын тапқан адам, атақты тұлға «Қазақстандағы 100 жаңа есім» тізіміне кіре алмайды. Себебі, ондай тұлғалар онсыз да белгілі, жұрт жақсы таниды және олар тарихқа есімдері енген жандар. Ал біз өз заманымыздың ерлерін іздеуіміз керек. Олар үшін мынадай шарттар қойылған: тәуелсіздік кезеңінен бері ерлік жасаған, еңбекте үлкен жетістікке жеткен, елде жоқ бірегей компания құрған, ғылымның медицина, химия, физика, математика, геология, инженерия секілді салаларында бұрын-соңды жасалмаған жаңалық ашқан, авторлық зерттеу бағдарламасын жасаған педагогтар, қайырымдылық жасаудан жалықпаған меценаттар болуы керек. Олар қазір шетелде өмір сүруі мүмкін, бірақ Қазақстанның игілігі үшін жұмыс істеген адам болуы шарт. Яғни, ел үшін лайықты нәрсе жасаған кез келген азамат оған кіреді. Одан бөлек, жастардың санасына кері әсер етпейтін, жаман әдеттен ада, сотқарлығы жоқ, сотталмаған сияқты моральдық және этикалық талаптарға да сай болуы тиіс.
– «Қазақстандағы 100 жаңа есім» – бір күндік жоба емес. Оны іске асырудың қандай кезеңдері бар?
– Біз қазір іріктеу жүргізіп, үміткерлерді тіркейміз. Жергілікті сараптамалық кеңестің қарауынан кейін бұл тізім республикалық деңгейге жіберіледі. Ол жерде де дәл біздегідей іріктеу жүреді. Сондықтан жобаның шешуші сәтіне баса назар аудару керек. Таңдалған адам шынымен ла-   йық болса ғана ұсынған дұрыс, ондай болмаса жағымсыз жағдайлар тууы мүмкін. Сол себепті, бұл іске тартылған барлық адамдар сеніп тапсырылған жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарауы тиіс. Осыған орай мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің басылым арқылы халыққа хабарландыру жасай кетуді жөн көріп отырмын, тағы да қайталап айтамын, лайықты үміткерлер болса бізге ұсыныңыздар. Ол үшін ұсыныстарыңыз шарттағыдай «Тұлғаның табыс тарихы» атты шағын эссемен сипатталып, оңай оқылатындай болуы, нақты жағдайларды айтуы тиіс. Әрине, әркім тиісті нысанды әдемі, мәнді жаза алмас, ондай жағдайда, тұлғаның ерлігі, өмірбаяны, қызметін қамтыған газет-журнал мақалаларының қиындысы, бейнежазбалар, суреттер сияқты жан-жақты ақпаратты қосымша ұсынуға болады. Ары қарай біздің мамандар көмектеседі. Егер адам іріктеуден өтсе, одан кейін тұлғалық алға жылжу болады. Деректі фильмдер түсіріліп, қоғамдық тұлғалық портреті құрылатын болады. Біздің серіктестер облыстық «Жетісу», «Огни Алатау» газеттері мен «Жетісу» телеарнасы.
– Әрине, Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен әлеуетке ие, бірақ бұл осындай айтулы жобаны іске асыруға жеткіліксіз ғой? Қосымша қандай құрылымдар тартылған?
– Президент бұған өңірлік активтің және барлық Ассамблея құрылымының, этномәдени бірлестіктер өкілдерінің белсенді қатысуы тиістігін айтты. Мұны тек біз ғана жасамаймыз. Яғни, басқа да әлеуметтік салаларға әсер ететін жоба, біріншіден, орта мектептерді қамтуы керек. Қай мектеп өз түлектерінің жетістікке жеткенін қаламайды дейсіз?! Содан кейін медициналық мекемелер, кәсіпорындар мен ұйымдар да бұдан сырт қалмай үздік қызметкерлері жайлы мәліметтер ұсына алады. Осылайша, барлық қолжетімді мағлұматтарды жинау арқылы мақсатқа жетеміз. Сол арқылы облыс жұртшылығы аталған бағдарламаны жүзеге асыруға лайықты үлес қосады деп сенемін.
Сұхбаттасқан 
Мәди АЛЖАНБАЙ.