АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҚТЫ

Уақыты: 26.07.2021
Оқылды: 1127
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Jetіsý  media» ақпараттық алаңында аймақтағы ауылдық округ әкімдерін сайлаудың қорытындысына арналған брифинг өтіп, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман  Жақсылық толыққанды ақпаратпен бөлісті.

25 шілдеде облыстың 16 аудан мен 1 қаласында жалпы 71 ауылдық округ әкімінің сайлауына дауыс беру таңғы сағат 7.00-де басталып, сағат 20.00-де аяқталды. Сайлаушылар Еңбекшіқазақта 10, Ақсуда  9, Алакөлде  8, Балқаш, Ұйғырда 6, Кегенде 5, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Талғарда  4, Сарқанда  3, Жамбыл, Қараталда  2, Ескелді, Іле, Қарасай аудандары мен Текелі қаласында 1 округтың әкімдеріне дауыс берді. Округ әкімдерін сайлауға үміткерлердің 856 сенім білдірілген адамдары, 596 түрлі деңгейдегі байқаушылар, сондай-ақ, 50-ден астам БАҚ өкілдері қатысты. Сайлауды жарамсыз деп тану немесе қайта сайлау өткізу бойынша дерек тіркелмеді.

Ақсу ауданының Жансүгіров, Қаракөз, Ойтоған, Молалы ауылдық округтеріне, Алакөл ауданының Теректі ауылдық округіне, Кеген ауданының Бөлексаз ауылдық округіне, Кербұлақ ауданының Басши ауылдық округіне, Панфилов ауданының Үлкен ауылдық округіне кандидаттар тек өзін-өзі ұсыну арқылы ұсынылды. Үміткерлердің ең көп саны – 6, ол Талғар ауданы Бесқайнар ауылдық округінде тіркелді.

– Сайлаушылар тізіміне 221 952 азамат енгізілді, олардың 149 888-і немесе 67,5 пайызы дауыс беруге қатысты. Сайланған 71 әкімнің 53-і мемлекеттік қызметші. Оның ішінде 39-ы жұмыс жасап жатқан әкімдер, 7-еуі коммерциялық құрылымдардың өкілдері, 9-ы бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 2-еуі уақытша жұмыс істемейтіндер. 2 әкім – әйел, Ақсу ауданы Ойтоған ауылдық округіне Венера Берикова, Сарқан ауданы Аманбөктер ауылдық округіне Шырынгүл Нұрханова сайланды, – деген Қаһарман Еркінайұлы әкімдердің 11-і (15%)  экономист, 10-ы (14%)  заңгер және тағы басқа мамандық иелері екенін айтты.

Сайланғандардың орташа жасы - 46,2 жас. Бұл ретте ең жасы 25-те. Ол – Қарасай ауданының Елтай ауылдық округінен Біржан Махатов, ең үлкені Еңбекшіқазақ ауданының Балтабай ауылдық округінен 62 жастағы Жұман Мықыбаев. Әкімдердің 64-і қазақ, 5-еуі ұйғыр, 1-еуі украин, 1-еуі кәріс ұлтынан. Сайланған 40 әкім сайлау өткен ауылдық округте, 30-ы ауданда, 1-еуі облыс орталығында тұрады.

Сайланған әкімдердің 59-ын саяси партиялар ұсынды: «Nur Otan» партиясы  57, «Ауыл» ХДП  3, 11-і  өзін-өзі ұсынған. Алакөл ауданы Жағатал ауылдық округінде Қайрат Тұрлыбеков дауыс санының 100 пайызын жинады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы