АУЫЛ АҚСАҚАЛЫ: "КЕЛЕШЕКТЕ БАРЛЫҚ ӘКІМДЕР САЙЛАУҒА ТҮСУІ ТИІС"

Уақыты: 27.07.2021
Оқылды: 1247
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

2021 жыл тәуелсіз мемлекетіміздің тарихына айшықтала жазылып қалатын болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өткен жылы ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу туралы сындарлы ұсынысын жасады. Соның негізінде елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Ауыл тұрғындары өздері қалаған азаматтарын ауыл әкімі етіп сайлады.

Бұл сайлау – ауылдың мүддесін ойлаған сайлау болды. Шын мәнінде ел мен жердің жайын жақсы білетін, сол өңірден шыққан азаматтар ауыл әкімі болып жұмыс істесе ісі өнімді, еңбегі нәтижелі, шаруасы да оңды болары сөзсіз. Сол үшін де ауыл әкімдерін жергілікті тұрғындардың өздерінің сайлап алғанын құп көрдік. Қуана қолдадық.

Ауданда Шонжы, Шарын, Азат, Диірмен, Қалжат және біздің Кетпен ауылдарында ауыл әкімдерінің сайлауы ұйымшылдықпен өткізілді. Көзіміз көргендей, жерлестеріміз сайлауға шын көңілдерімен белсене қатысты. Өз таңдауларын жасады. Біз бұрыннан бері ауылымыздың әкімі болып жұмыс істеп келе жатқан Берік Шаймұқаев атты азаматымызды қайтадан сайлап алдық. Қасым-Жомарт Кемелұлының негіз қалауымен өткен ауыл әкімдерінің сайлауы – халықтың еркін білдірген сайлау болды. Келешекте барлық ауылдық округтерде осындай сайлаудың өткізілгені ләзім.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында бастау алған игілікті шаруа ойымызда ұзақ жатталары шындық. Маңдайымызға біткен бағымызға айналған тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ бола берсін! Елді елеңдетіп, жұртты алаңдатқан қауіпті дерттің ауылы алыс болсын! Басымыз аман, бауырымыз бүтін, заманымыз тыныш болып, жақсы күндерге, жақсылықтарға жете берейік!

Дауыт АВУТОВ,

Кетпен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы,

Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы