ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚАЛАЙ САҚТАП ҚАЛАМЫЗ? ОНЛАЙН ЖИЫН

Уақыты: 27.07.2021
Оқылды: 1918
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Лаззат РАМАЗАНОВАНЫҢ қатысуымен отбасын нығайту, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне қатысты заң жобаларын талқылау бойынша онлайн жиын өтті. Жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан БАЙЖҰМАНОВ қатысып, өңірдегі отбасылық құндылықтар, демографиялық саясат, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа тосқауыл тақырыбында баяндама жасады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Биыл қаңтарда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барлық мүдделі тұлғаларды, соның ішінде азаматтық қоғам өкілдерін, белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеуге қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқылауды тапсырған еді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында барлық өңірлерде отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға бағытталған заңнамалық нормаларды жетілдіру мәселелері талқыланып жатыр.

Бұл әйелдер мен балалардың құқықтарына, отбасы институтын нығайтуға қатысты көптеген мәселелерді шешуде пәрменді тетік жасайтын заңнамалық нормалардың жаңа моделін бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік береді. Осындай кезекті талқылау Алматы облысының жұртшылығымен онлайн режимде өтті.

Жиынға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық, облыстық, аудандық комиссия мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық кеңестердің, дағдарыс орталықтарының және облыстың үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысты.

Маңызды шарада Лаззат Керімқұлқызы сөз алып, бүгінгі басқосудың мақсат-міндетіне тоқталды. Сондай-ақ, отбасылық мәселелердің алдын алу, кикілжіңдерді болдырмау, зорлық-зомбылықтың жолын кесу тақырыбында сөз сөйледі. Онлайн жиында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Құлаймергенұлы баяндама жасап, отбасы, ана мен бала құқығын қорғау бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

- Ең алдымен, Лаззат Керімқұлқызы, сізге осы жиынды ұйымдастырғаныңызға рақмет айтамыз. Өйткені, бүгінгі жиында көтеріп отырған отбасының жағдайын жақсарту, ана мен баланың денсаулығын нығайту, отбасындағы зорлық-зомбылықты жою - мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. «Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз бекер айтылмаған. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы әрбір үйде қаланады, еліміздің экономикалық әлеулеті әрбір отбасынан бастау алады. Бүгінгі жиында әйелдер мен балалардың құқықтарына, отбасы институтын нығайтуға қатысты айтылған ұсыныстар мен пікірлерді міндетті түрде ескеріп, сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінде Алматы облысында 55 983 көпбалалы отбасы тұрады. 17 622 аз қамтылған отбасы бар. Батыржан Құлаймергенұлы өз сөзінде мұқтаж отбасыларға биыл облыстан 6 миллиард теңге қарастырылғанын, бөлінген қаражат бағдарламалар аясында көпбалалы аналардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруге жұмсалатынын жеткізді. Сонымен бірге, аз қамтылған отбасы мүшелеріне тұрақты жұмыс ұсыну, баспана беру бағыты да басты назарда екендігі айтылды.

Жиында түрлі ұйымдар мен аналар кеңесінің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері сөз сөйлеп, адам құқығы, ананың мәртебесі, әкенің рөлі, мектептерде ер мұғалімдердің санын көбейту, ер адамның жас ұрпаққа берер тәрбиесін күшейту, дағдарыс орталықтарының ауылдық жерлердегі жұмысы, отбасына арналған заң жобасын жетілдіру жайлы жан-жақты айтылып, ер мен әйелдің, баланың қоғамдағы орны секілді өзекті тақырыптар талқыға түсті.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан