БЕЙБІТ ИСАБАЕВ: "ЕНДІ АЙ САЙЫН ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҮЙ БЕРЕМІЗ"

Уақыты: 05.07.2023
Оқылды: 1918
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Астананың 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Талдықорғандағы Бірлік шағын ауданында жаңадан бой көтерген 5, 7, 9 қабатты үйдің кілті салтанатты түрде берілді. Пәтер кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев пен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл табыстады. Жаңа қонысқа ие болғандардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, ардагерлер мен І-ІІ топтағы мүгедектер.


–  Жыл басында «биыл 51 үй береміз» деп уәде еткенбіз. Осыған дейінгі бергендерімізді есепке алсақ, енді 43 үй қалды. Енді Талдықорғанда ай сайын үйдің кілтін табыстау салтанатына жиналап тұрамыз. Жыл соңына дейін 51 үйді толық береміз. Жыл басынан бері 280 адам үйлі болса, жыл соңына дейін тағы 1700 жан үй алады. Негізгі мақсат – үй кезегіндегілердің санын азайту. Дәл қазіргі сәтте Талдықорғанда 15 мың адам үй кезегінде тұр. Алдағы 4-6 жыл ішінде кезектегілер санын екі есе азайтуды көздеп отырмыз. Осыған дейін кезекке байланысты түсінбеуішілік, заңсыздықтар болды. Біз тұрғындар кезегін цифрлық жүйеге көшірдік. Енді кез келген адам өз кезегін үйінде отырып-ақ бақылай алады, – деді өз сөзінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев. Артынша облыс басшысы салтанатты түрде берілгелі тұрған үйдің салынуына ат салысып, қолдаған «Шымыр» ЖШС директоры Руслан Валишановқа алғысын білдірді.

Ел алдында 50 адамның есімі аталып, әкімдердің қолынан кілт алды. Үйдің құрылысы 2020 жылы басталды. Ал үйде  98 пәтер бар (1 бөлмелі – 42, 2 бөлмелі – 28, 3 бөлмелі – 28). Көпбалалы отбасы санатынан Камшат Сайлаубайқызы – қуанышқа кенелгендердің бірі. Ол осындай шаттыққа бөлеген жандарға алғысын айтып, өзі сияқты пәтер кілтін алғандарға құттықтауын жеткізді. Салтанатты түрде кілт табыстап болған облыс басшысы үйді аралап, көпбалалы отбасының атынан кілт алған Арай Омарованың пәтерінде болып, ақ тілегін арнады.

 

Қали АСҚАР 

Сурет: Мәулен ӘНЕРБАЙ