ДЕПУТАТ ҚОНАЕВ ПЕН ТАЛДЫҚОРҒАН АРАСЫНА ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІН ТАРТУДЫ ҰСЫНДЫ

Уақыты: 30.05.2024
Оқылды: 408
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев Алматы облысында электр тапшылығын шешудің жолын ұсынып сауал жолдады.


«Алматы облысында электр тапшылығын жабу және авариялар болған жағдайда электр энергиясын берудің резервтік желісімен қамтамасыз ету үшін Талдықорған және Қонаев қалалары арасында әуе желісін салған жөн болар. Бұл құрылыс Талдықорған қаласынан алынатын электр энергиясының тұрақтылығын жақсартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл жөнінде министрлік энергияны тиімді пайдалану, дәстүрлі қуат көздеріне тәуелділікті азайтып, жасыл энергияны дамыту үшін тиянақты, жүйелі жұмыстар жүргізуі қажет екенін ескеру керек», - деді Жанболат Жөргенбаев.

Сенатор қазір республика халқының 59%-ы газбен қамтылғанын атап өтті. Ал газ тұтыну көлемі артқан сайын тапшылық мәселесі де ушықпақ. 

«Жетісу облысында 2025 жылдың соңына дейін 126 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету қажет. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған қаражаттың уақтылы және толық аударылмауынан өңірлерді газдандыру айтарлықтай қиындады. Индустриялық аймақтарды тұтынушылар үшін әлеуметтік маңызы бар елді мекендер мен газбен жабдықтау объектілері үшін бюджет қаражатын бөлуге және техникалық жағдайлар алуға жәрдем көрсету қажет», - деді ол.