БАСПАНА КЕЗІГЕМЕН БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 24.06.2024
Оқылды: 421
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгінгі таңда Кербұлақ ауданына қарасты ауылдарда 50 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. 


Биылғы наурыз айында «KazStroy-building» ЖШС-мен меморандумға қол қойылып, Жоламан ауылында алғашқы 4 үйдің құрылысы басталды. Аталған тұрғын үйлермен кезекте тұрған тұрмысы төмен, әлеуметтік осал топтағы азаматтар қамтылмақ.

Жалпы аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1581 адам тұр. Өткен жылы демеушілер көмегімен баспанаға мұқтаж отбасыларға 10 үйдің кілті табысталды.  Бұған қоса, Сарыөзек ауылында 60 пәтерлі көпқабатты 2 тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Аталған бір тұрғын үйдің құрылысын «Сем-Шоғы Құрылыс-Сервис» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда жұмыстың 95 пайызы аяқталды. Әрине, жұмыс сапасы құрылысшылардың біліктілігіне байланысты. Бұл үйлердің айналасын көріктендіру мен инженерлік-коммуникациялық жүйесін «УниверсалСтройСервис» ЖШС атқарады.

Екінші нысандағы 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға өткен жылдың 13 наурызында аудан әкімдігі және «Компания Реал-Строй» ЖШС арасында меморандумдық келісімшарт жасалып, осыған сәйкес серіктестік тұрғын үй құрылысын өз қаражаты есебінен жүргізу келісілді. Құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген тұрғын үйді аудан әкімдігі жеке құрылыс салушы мердігерлік ұйымынан сатып алып, (тұрғын үйдің жалпы көлемінің 1 шаршы метрін бюджет есебінен 294 200 теңгеден), оны үйі апатты деп танылған азаматтарға кезегімен беретін болады.

Айта кетейік, тұрғын үй кезегінің жылжуын online бақылауға мүмкіндік бар. Осы үдерістің ашықтығын қамтамасыз ету, заң- бұзушылықтарды болдырмау, сондай-ақ азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Бірыңғай электронды база құрылған.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Кербұлақ ауданы