АҒАШ КӨШЕТТЕРІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Уақыты: 01.07.2024
Оқылды: 324
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу жастары экологиялық акцияға белсенді қатысуда. Олар өзен жағалауларын қоқыстан тазартып, соғыс ардагерлері мен жалғызбасты зейнеткерлер үйінің маңын ретке келтіруде.


«Amanat» партиясының жастар қанатынан 300 адам Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылындағы «Сегізбатыр» скверін абаттандырды.

– Біз акция басталғалы ағаш отырғызудамыз. Содан кейін көшеттерді суарып, сквердегі қоқыстарды жинаймыз. Бізде апта сайын «Таза бейсенбі» өтеді. Мұндай шараларға негізінен жастар қатысады, – дейді Жансүгір ауылдық округінің әкімі Ілияс Мұсабаланов.

Ал Жансүгіров ауылының тұрғыны Дастан Советбековтың айтуынша, мұндай игілікті істің бәрі ел мен жастардың болашағы үшін қолға алынып жатқан шаралар екенін, сол себепті олар елді мекендерді абаттандыруға үлес қосып, туған жерді өркендетуге барынша ықпал етуге тырысатындарын және бұған оң түсіністікпен қарайтындарын жеткізді.

Айта кетейік, акция басталғалы бері мұнда 7 мың 700 ағаш, ал облыс бойынша барлығы 20 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылған.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Ақсу ауданы