ТАБИҒАТТЫ АЯЛА

Уақыты: 01.07.2024
Оқылды: 359
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Адам тау мен талдың, ауа мен судың, теңселтпей ұстап тұрған қара жердің қадірін білуі керек. Өзіне зияны тимесін десе қоршаған ортаға кесірлік қылмағаны маңызды. Ал экология департаментінің өкілдері өңірдегі экологиялық проблемалар кешенді шешіліп жатыр, – дейді. Айтқандарына иланғымыз келді.


Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жетібаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев және облыстағы экология департаменті басшысының орынбасары Жаңасыл Сабырұлы журналистер алдында жылдық есептерін оқыды. Олар баспасөз мәслихатында алдағы жоспарларымен де бөлісті. 

Жетісу облысы бойынша экологиялық реттеу бөлімі  жыл басынан бері  94 мемлекеттік қызмет көрсетті. 15 рет тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 42 құқықбұзушылықты анықтаған. Проблемалардың шешімін дер кезінде табуына 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы септігін тигізіп жатқанын сала мамандары алға тартады.

Жиында Жаңасыл Сабырұлы осы жылдың алғашқы 5 айында экология департаменті 94 рет мемлекеттік қызмет көрсеткенін айтады. «Ғарыш Сапары» жерді қашықтықтан зондтау жүйесі Геопортал арқылы 74 рұқсат етілмеген полигондарды анықтап, оның 65 координатын жойдық, – дейді.

– Департаменттің негізгі күш-жігері «Жетісу облысының 2023-2025 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасын» орындауға бағытталған. Ағымдағы сәтте жасыл желектерді отырғызу және елді мекендерді газдандыру жөніндегі іс-шаралар ішінара орындалды, бұл ретте қалған пункттер жыл сайын тұрақты бақылауда болады. 2025 жылға дейін 126 жергілікті мекен, 2030 жылы барлық 192 мекен газдандырылады. Біз бұл күні 7 бағытта іс-шаралар жүргізіп жатырмыз соның бірі көгалдандыру. Биыл   облыс аумағында  130 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды, – деді ол.

Көлемі 34,5 миллион тонна техногендік минералды қалдықтар жинақталған Текелі қаласындағы қалдық қоймасын қалпына келтіруге ерекше назар аударылмақ. Арнайы қалпына келтіру бағдарламасы аясында эрозияға қарсы шараларды қолдана отырып, топырақтың құнарлы қабатын төсеу және көпжылдық шөптерді себу арқылы экологиялық тұрақты ландшафт құруды қарастыруда.

– Қазіргі уақытта қоғамдық ұйымдар мен экологиялық белсенділердің қатысуымен экологиялық қауіпсіздікті және пайдалы қазбаларды қалпына келтіру, әлеуетті өндіру процестерін қатаң бақылау қажеттілігі мәселесі бойынша белсенді пікірталастар жүргізілуде. Осы пікірталастар барысында судың сапасын талдау, шахта суларын тиімді басқару, рекультивация процесінде барлық экологиялық стандарттардың орындалуын қамтамасыз ету қажеттілігі сияқты негізгі проблемалар анықталды, – дейді Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жетібаев.

Көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту және энергия тұтынудың тиімділігін арттыру стратегиясы шеңберінде Жетісу өңірінде бірқатар маңызды экологиялық іс-шаралар жоспарланғанына, негізгі жобалардың бірі газ отынына көшу арқылы Талдықорған қаласындағы «Басқуат» қазандығын жаңғырту мәселесіне  Айдос Бекетаев тоқталып өтті.

Медет ЖҰМАБАЙ