ШАҢРАҚ ШАТТЫҒЫ

Уақыты: 01.07.2024
Оқылды: 356
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Салтанат сарайында «Мерейлі отбасы» байқауы қорытындыланды. Отбасы құндылықтары дәріптелетін, ерлі-зайыптылардың өнері мен тату-тәтті өмірін насихаттауға негізделген жоба биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ел арасындағы үлгілі отбасылар өздерін жан-жақты қырынан көрсетті.


«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қалалық кезең бойынша 44 отбасы қатысты. Өтініш бергендер ішінен ақтық сынға 9-ы өткен болатын. Олардың ішінде ұстаздар мен дәрігерлер, кәсіпкер мен шығармашылық адамдары да бар.

Салтанат сарайындағы шара айрықша басталды.Сайысқа қатысушылар әнді де шырқады, өлеңді де оқыды. Қарасөздің майын тамыза сөйлеп, көпке өздерінің өнегелі отбасы екендерін танытып бақты. Өнер жолын өмірлерімен байланыстыра білді.

Жиында қала әкімі Ернат Бәзіл сөз алып, байқауға қатысушылардың мерейін асқақтатты. Жүрекжарды тілегін айтып, Қазақстандағы әр отбасы бақытты, баянды ғұмыр сүрсін деп ізгі ниетін жеткізді.

– Әр отбасы – шағын мемлекет, кішкентай қоғам. Сол кішкентай қоғамнан үлкен бір мемлекет пайда болады. Отбасы мықты, берік болса,  қала, облыс, Отанымыз гүлденіп, көркейіп-жайнай берері сөзсіз, – деді ол.

Ұлттық байқаудың шарты бойынша жүзден жүйрік шыққан Қожахметовтар және Ысқақовтар отбасы жүлделі 3-орын иегері атанды. 2-орыннан Оқаповтар және Көбжасаровтар отбасы көрінді. Ал, 1- орынды Есенғабыловтар отбасы иеленді.

Абдурахмановтар, Әубәкіровтер, Қасымбаевтар және Асан отбасылары ерекше номинация сыйлығына ие болды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен диплом табысталды.

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Қазақстанда 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 10 жыл ішінде ұлттық байқауға 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Биыл 11-ші рет ұйымдастырылып отыр.

Ясин ОРАЛБЕК