БАЙҚАУ ҚАЙТА ӨТЕДІ

Уақыты: 02.07.2024
Оқылды: 284
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жыл соңына дейін облыста 30 елді мекенді табиғи газға қосу көзделіп отыр. Оның ішінде Ескелді ауданының 9 ауылы бар.


Жасыратыны жоқ, аймақтың кейбір өңірінде газдандыру жұмысының баяу жүріп жатқаны байқалады. Мәселен, Көкжазық ауылының тұрғындары уәде етілген газға екі жылдан бері қол жеткізе алмай күтіп отыр. Бұл жердегі газ құбыры бірнеше жыл бұрын салына бастаса да кейіннен оның жұмысы тоқтаған. Неліктен бұлай болды және жергілікті билік не дейді? 

Көкжазық ауылы өңірді кешенді газдандыру бағдарламасына кіреді және ол 2025 жылға дейін есептелген. Осыдан 2 жыл бұрын көрші ауылдарға да газ құбыры тартыла бастаған. Тендерді еліміздің басқа өңірінен келген ірі құрылыс фирмасы жеңіп алыпты. Бірақ, құбыр тек орталық көшеге ғана жүргізілген.

Осыған байланысты өз ойымен бөліскен Көкжазық ауылының тұрғыны Арнұр Салов осы жұмыстар бойынша үш мердігер компанияның өзгергенін, олар енді іске кіріскенде жұмысты аяқтамай кетіп қалатынын, осындай жағдайлардың салдарынан екі жылдан бері ешбір өзгерістің байқалмай отырғанын және бүкіл ауыл бойынша жол салынып, газ жүргізіле бастағанда оның да тоқтатылғанын сөз етті. Мұндай пікірге ауыл тұрғыны Арслан Ержанов та қосылды. Айтуынша, газды жаз ортасында қосуға уәде берілген. Тұрғындар сол күнді асыға күтуде. 

Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев қалай болғанда да көмір қорын дайындауға тура келетінін ескертті. Сөзіне қарағанда, бұрынғы мердігер өздеріне жүктелген міндетті орындамаған. Демек, газ құбырын салуға арналған байқау қайта жариялануы тиіс.

– «Ремстрой» компаниясы өз тарапынан ештеңе жасаған жоқ. Біз оны жосықсыз деп тану туралы талап-арыз бердік. Бүгінгі таңда байқауды қайта жариялаудамыз. Бізде құрылыстың нормативтік мерзімі 9 ай. Шілде айының соңына қарай қорытынды жасап, компаниядан қарашаға дейін адамдардың газға қосылуын талап ететін боламыз, – дейді Айдос Халилоллаұлы.

Ал көршілес Қаратал ауылында өткен жылы басталған газдандыру жұмысы аяқталған және оған тұрғындар дән риза. Учаске шебері Еркінғали Рахимановтың сөзінше, жобаға сәйкес Қаратал ауылындағы газ желілерінің жалпы ұзындығы 28 шақырым. Монтаждау жұмыстарының 3 шақырым 200 метрінен басқасы аяқталған. Нәтижесінде нысан күзге қарай пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА