ТАЗАЛЫҚ ТАБАЛДЫРЫҚТАН БАСТАЛАДЫ

Уақыты: 02.07.2024
Оқылды: 302
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«TURAQTY JOL» акционерлік қоғамы ұйымдастырған жалпыұлттық сенбілікке талдықорғандық тұрғындар белсене атсалысты.


TURAQTY JOL – мәдени-адамгершілік және экологиялық құндылықтарды сіңіру арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және туған жерге қамқор болуға бағытталған тәрбиелік бастама. Осыны алға тартқан қала тұрғындары тазалық табалдырықтан басталатынын айтып, үлкен жұмыс атқарды.  Аталған бағдарлама ЮНЕСКО клубтарының Қазақстан ұлттық федерациясы серіктестермен бірлесе отырып сәтті жүзеге асырған төрт жобалық циклдің жалғасы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күні Қазақстанның барлық аймағында тазарту жұмыстары бір уақытта жүргізілді. Бұл еліміздің қамқор тұрғындарына өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетіп, қоршаған ортаны жақсартуға үлес қосуға тамаша мүмкіндік болды.

Талдықорғанда еріктілер балалар өнер мектебінің ауласында бас қосып, аумақты абаттандырып, сыпырып, қоқыс шығарып, гүлдерді суару сияқты жұмыстарды бірлесе атқарды. 

– Сенбілік бекітілген жоспар бойынша өтті. Бірнеше адам өз еркімен келіп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Табиғат жанашырлары өнер мектебінің аумағында бірге жұмыс істеп, табиғатты аялауға үлес қосты. Алдағы уақытта да тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұрамыз, –  деді жобаның Талдықорғандағы үйлестірушісі Әсем Құттыбаева.

Қазақстанда TURAQTY JOL эко-науқаны жүзеге асырылған бір жыл ішінде экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму қағидаттарына баса назар аударылған бірқатар айтулы іс-шара өткізілді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады. 

Өз тілшіміз