929 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды

Уақыты: 03.07.2024
Оқылды: 373
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жыл басынан Талдықорған қаласының мансап орталығына 827 адам жұмысқа тіркелді.

Жұмыспен қамту саласында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыратын орталықтың алты айлық жұмыс нәтижесімен өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингінде Талдықорған қаласының мансап орталығы» филиал директоры Азамат Балтабеков таныстырды.

Ағымдағы жылға «Қоғамдық жұмыс орындарына» қала бойынша 900 адамды қабылдау жоспарланған екен. Жыл басынан сала мамандарының ұйытқы болуымен ауқымды 3 бос жұмыс орны жәрмеңкесі оффлайн форматта және enbek.kz порталында онлайн форматта өтті. Нәтижесінде 929 азамат тұрақты жұмыс орнын тауып, қызметке орналасқан.

Одан бөлек «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі» жобалары аясында жас мамандарды жұмыспен қамту бағытында да бірқатар жұмыстар жүргізілген. «Жастар тәжірибесі» аясында 81 жас жұмыспен қамтылған.

«Ұрпақтар келісім шарты», «Күміс жас», мүгедектігі бар адамдарды квота бойынша жұмысқа орналастыру жоспарлары да толыққанды орындалуда.

«Облыс орталығы тұрғындарына жаңа бизнес-идеяларын іске асыруы үшін арнайы гранттар қарастырылған. 2024 жылға 30 грант бөлінсе, оның 15-і қамтылды. Алғашқы лекте ұсынылған 88 өтініштің 15-і грант иегері атанды. Екінші лек жоспарға сай шілденің 15-26 күндері аралығында жүргізіледі», - дейді Азамат Болатұлы.

Мансап орталығы тарапынан мамандарға кәсіптік бағдар беру, оқыту мәселесі де қолға алынған. Бұл бағытта сұранысқа ие бірқатар мамандық бойынша 145 адам білім алуда. Олардың ішінде автоэлектрик, тігінші, кондитер, косметолог, шаштараз мамандықтары бар.

«Одан бөлек пробацияда есепте тұрған азаматтар да жұмыспен қамтылуда. Қазіргі уақытқа жоспарланған 29 адамның 16-сы қала мекемелерінде қызмет атқарады», - дейді сала басшысы.

 «Ұлтық жоба» аясында Талдықорған қаласында жаңадан құрылған жұмыс беруші мекемелермен де жұмыс жалғасуда. Қазіргі таңда, 9 жоба бойынша 22 адам жұмыспен қамтылған.

"Жетісу-Ақпарат "