МҮГЕДЕКТЕР МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕЛМЕСІН

Уақыты: 03.07.2024
Оқылды: 357
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Баршаға бірдей мүмкіндік. Біздің бағыт та, бағдар да осы. Мұны Мемлекет басшысы шегендеп берген. Ал мүмкіндіктің аясы да баршаға ортақ. Біреуге артық, біреуге кемі жоқ. Дейтұрғанмен, бағдаршамдық бастаманың мақсатына жете алмай келеміз. Жетуге болар еді, тек кейбір жауапты мекемелер арасында «көпірлік» байланыс жоқ. Мұзбалақ ақын Мақатаев «Адамды адам түсінбеу – бір ақырет» дегендейін, түсіністік жоқ, түсінісуге ниет те жоқ. Бұл жайдың жапсары Жетісу өңіріне сапарлап келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Қожасбаев «Amanat» партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізгенде тәпсірленді. 


Елдос Баялышбаевты білмейтін жетісулық жоқ. Мүгедек жандардың жанайқайын талай мінберден көтеріп жүр. Атойлап алысқа шаппаса да  Жапонияның қаржылық грантын жеңіп, өңірдегі жарымжан кісілердің жағдайын түзеуге қарекет етіп келеді. Бірақ, оның шымбайына батқан жайды мәжілісменнің алдында таразылауына тура келгендей. Біршама уақыттан бері өңірдің атқамінерлеріне құлаққағыс еткен. Тыңдар құлақ болмағасын Руслан Садуақасұлына базыналай келіпті. 

Жалпы, Жетісу өңірінде көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салынуда. Жергілікті биліктің мұндағы мақсаты айқын – тұрғындардың талай жылдан қордаланған баспана мәселесін шешу. Алайда, бір мәселені шешудей-ақ шешіп жатыр, дегенмен таяқтың екінші ұшы бары да ескерілмей қалуда. 

Таразыласақ, қаздың баласындай тізбектелген көпқабатты үйлердің кіреберісінде мүгедектерге пандус, көтерме пандустар орналастырылған. Қызық осында, көпқабатты тұрғын үйден пәтер алған жан үйіне кіргенде қиналады екен. Ондаған жыл бұрын үйлі болғандар қатарында пәтерінің балконынан далаға көз салмағандар да бар. Пәтер ішінде жүріп-тұру мұң. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік қарастырылмаған. Жуыну бөлмесі тіптен қолайсыз. Е. Баялышбаев көтерме пандустардың электр жарығы өшкенде іске алғысыз болатынын, тендер арқылы қойылғасын кейде тентіретіп жіберетінін айтып шағымданды. «Ашынғанда шығады ащы даусым» дегендей, үйдің құрылысын жүргізетін де, оны қарапайым тұрғынға үлестіретін де мемлекеттік құрылымдардың осы жайды ескермейтінін айтты. 

Мәжіліс депутаты қоғам үшін өзекті мәселені мінберде көтеру керегін алға тартып, осы уақытқа дейін көп түйткілге арқау болған мемлекеттік сатып алудың кемшін тұстарына нүкте қойылғанын алға тартты. Әуелі тендерде сапаға мән берілмейтін. Мемлекеттік сатып алу жарияланған конкурста төмен сома қойған жеңімпаз атанып, соңыра аз қаржыға ауқымды шаруа жүрдім-бардым жасалатын. Бірнеше айдан бері ҚР Парламенті Мәжілісінде бұл жайт ескеріліп, тендер төңірегіндегі тіндер заңға өзгерту енгізу арқылы шешілетін болыпты. Енді бағаны төмендету арқылы жеңімпаз атану болмайды. Бұрынғы мемлекеттік сатып алуда көрсеткен қызметтері алдағы жұмысында бағаланбақ. Осы уақытқа дейін тендер жеңімпаздарының үстінен шағым түсіріп, жұмысты айлап, тіпті жылдап кідіртетін жайттар да заңдағы өзгерісте ескеріліпті.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау, оларға өмір сүруге қолайлы орта түзу – мемлекетіміздің басым саясаты. Сондықтан мүгедек жандарды баспанамен қамтығанда олардың жүріп-тұруына оңтайлы жағдай қалыптастыруымыз керек. Бұл мәселені Мәжіліс мінберінде көтереміз. Заңға, одан бөлек баспана беру тәртібіне өзгертулер енгізуіміз керек, – деді Р. Қожасбаев.

Жалпы, халық қалаулысының алдына жер, баспана, кәсіпкерлік төңірегінде мәселе көтеріп бірнеше тұрғын келді. Депутат баспана салуға жер сұрай келгендерге қайырымдылық көздерінен көмектесетінін жеткізді. Өйткені, Талдықорған қаласының бас жоспарын өзгерту жұмыстары пысықталмай жер телімі берілмейді. Оның үстіне облыс орталығы маңынан он сотық сұрағандардың саны соңғы жылда едәуір өскен. Мұндай түйткілдердің тінін тарқатуда тиімді жолдар қарастырылмаса, мәселе шешімсіз қала бермек.

Дастанбек САДЫҚ