МАҚСАТ - ЖҰМЫСҚА ТАРТУ

Уақыты: 04.07.2024
Оқылды: 301
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде «Пробация қызметінің қоғамдағы рөлі» тақырыбында  баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.  Басқосуға Талдықорған қалалық пробация бөлімінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Айжан Сәрсенова және «Жас ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігінің  жоба менеджері Айдос Құлатай қатысты.


 Пробация – атқарушылық және өкімдік функцияларды жүзеге асыратын және сотталғандарға әлеуметтік көмек көрсететін, сондай-ақ күдіктіге қатысты сотқа дейінгі баяндаманы жасайтын қылмыстық-атқару жүйесінің органы. Пробация қызметі орындайтын жаза түрлері – түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу және шартты түрде сотталған, жазасын орындау кейінге қалдырылған  тұлғаларға пробациялық бақылау жүргізу. 

Мәжілістегі алғашқы сөзді Айдос Мұратұлы алып,  «Жас ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігінің «QOLDAU» әлеуметтік бейімдеу орталығының алда атқаратын жұмысы жайлы баяндады.    

«Жобаның мақсаты –  бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдардың кәсіптік білім деңгейін көтеру,  қоғамдық ортаға бейімдеу және заңгерлік, психологиялық қолдау көрсету, жұмыспен қамту»,– деді ол болашақта атқарылатын жұмыстар жайлы сөз қозғап. Бұл орайда спикер бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдармен жұмыс істеу және оларға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік, білім беру және басқа да мәселелер бойынша ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау көрсету үшін бейімдеу орталығының жұмысын жандандыру барысында іс-шаралар атқарылатынын айтты.  Мұндай  қызметтің бар екендігінен көпшілікті  хабардар ету үшін баспасөз конференцияларын ұйымдастыру, БАҚ-та хабарландыру орналастыру, бейнеүзіктер дайындау арқылы   орталықтың жұмысын таныстырады. Сондай-ақ, бейімдеу орталығы шеңберінде Call-орталықтың қызметін ұйымдастыру, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдар үшін оқыту іс-шаралары  жүзеге асады. Кемінде 50 адам үшін нысаналы топтың қажеттіліктеріне сәйкес кәсіптік курстар өткізу және курстардан өту қорытындысы бойынша сертификаттар беріледі.  Жұмысқа орналастыру жәрмеңкесін ұйымдастыру барысында 10 адамға тұрақты орын ұсынылады. Олар жұмысты  облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп жүргізбек. Баспасөз мәслихатындағы келесі сөзді Айжан Берікқызы алып, бүгінгі күнде пробация қызметі бөлімінде 326 сотталған адамның есепте тұрғанын айтты.    Есепте тұрған адамдардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу мақсатында жұмысқа орналастыру бойынша үш мәрте жәрмеңке өткізілгендігін айтты.  Осы орайда бүгінде 37 адам жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлік құрылымына  жұмысқа орналастырылғандығын жеткізді. 

«Былтыр  «Талдықорған аймақтық еңбекке орналастыруға жәрдем көрсету» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған сотталғандарға «Өз кәсібіңді баста. Екінші мүмкіндік» атты бағдарлама ұсынылды. Бағдарламаның басты мақсаты – сотталғандарды қоғамға бейімдеу және жұмыс орнымен қамтамасыз ету. Осыған орай, қоғамдық қор оларға мемлекет есебінен қайтарымсыз ақшалай грант ұсына отырып, жаңа кәсіп ашуға жәрдемдеседі. Бүгінде комиссия шешімен 3 адам қайтарымсыз грант ұтып алды»,– деді Айжан Берікқызы. Баспасөз мәслихаты барысында  журналистер спикерлерге жастар арасында қылмысты азайту, алдын алу барысында шаралар жандандырылса деген ұсыныс айтты. 

Гүлжан Мұқашқызы