СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 12.07.2024
Оқылды: 338
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгінде еліміздің су шаруашылығы саласында 10 мыңнан аса адам еңбек етеді. Жыл басынан олардың жалақысы орта есеппен 25 пайызға өсті. Осындай жауапты салада қызмет атқарып жүрген мамандардың арқасында барша қазақстандық және ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп саласы ел экономикасын дамытуға қажет тіршілік нәрі саналатын сумен қамтамасыз етілуде. Сондықтан, барлық білім-біліктілігі мен күш-жігерін аталған сала жұмысының жандануына арнап жүрген су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбектері қашан да құрметке лайық.     


ҚР Үкіметінің 2017 жылғы қаулысымен 9 шілде «Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні» болып бекітілді. Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Қазіргі танда су саласына ерекше көңіл бөлініп, үлкен жобалар іске асырылуда. Осы ретте Талдықорған қаласындағы Достық үйінде сала мамандары бас қосып, мерекелік жиын өткізді. Салтанатты шарада «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының директоры Саят Құдайбергенов сөз сөйлеп, сала қызметкерлеріне жүрекжарды ақ лебізін ақтарды. 

Саят Үсенұлы Жетісу аймағы Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасып, ежелден жеті судың өлкесі деп аталатынын, Іле, Тентек, Лепсі, Басқан, Ақсу, Қаратал, Көксу, өзендерінің осы мекеннен ағып өтіп, Жетісу жерінің суармалы жерлерін нәрлендіретінін сөз етті және саладағы жұмыстарға шолу жасады. Айтуынша, «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы Ақсу, Алакөл, Ескелді, Көксу, Қаратал, Панфилов және Алматы облысындағы Ұйғыр және Шеңгелді мекендеріне қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда мекемеде 780 адам, оның ішінде жоғары, орта техникалық білімі бар азаматтар қызмет етеді. 

Биыл аталмыш мекеме филиалы мен Көксу политехникалық колледжі су шаруашылығы мамандарын оқыту үшін кәсіптік тәжірибеден өтуге 5 жылға меморандумға отырған. Мұндай шарт қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен де жасалған. Бұл жас мамандарды даярлап, олардың кәсіби білім деңгейін ұлғайтуға ықпал етпек. Сондай-ақ, Ислам Даму Банкі қарыз есебінен «Ирригация және дренажды қалпына келтіру» жобалары қолға алынуда. Мақсат – суармалы жерлердің қамтамасыз етілуін арттыруда су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіру және бұрын істен шыққан суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосу. Аталған жобалар Ескелді ауданында іске асып, бүгінде Ақсу, Көксу аудандарында жүзеге асырылуда. 

Өздеріңізге белгілі, Қызылағаш өзеніндегі су қоймасы 2010 жылғы толассыз тасқын салдарынан толық қирап, апатқа ұшыраған еді. Стратегиялық маңызы бар нысанды аталған мекеме мамандары қалпына келтіріп, бүгінде бұл жоба толық аяқталып, пайдалануға беру үшін құжаттары әзірленуде. «Достық» бірлескен су торабы – Қорғас трансшегаралық өзенінде орналасқан және ол екі мемлекетке қызмет көрсетеді. Вегетациялық кезеңде су алу 50-де 50 пайыз бөлінеді. «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы және Қытай ҚХР Су комиссиясы өкілдерінің бірлескен жұмыстары нәтижесінде су торабын пайдалану ережелерін бұзу деректері тіркелмеген және екі мемлекет арасында су бөлу мәселесіне қатысты тиісті шешімдер қаралуда.  

Мерекелік жиында, сондай-ақ, сала ардагерлері мен қызметкерлер де өз құттықтауларын жеткізіп, ізгі тілектерін арнады. Бұдан соң су шаруашылығына еңбек сіңіріп жүрген бір топ еңбек иелері марапатталып, ардагерлерге құрмет көрсетілді.  

Мәселен, Панфилов өндірістік учаскесінің жетекші инженері Нұрмұхамет Каримов пен Ескелді өндірістік учаскесінің I-дәрежелі инженер-гидротехнигі Мухамбек Исимбеков ҚР Су ресурстары және ирригация министрі атынан «ҚР Су шаруашылығының ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Ал Ақсу өндірістік учаскесінің басшысы Әділмұрат Нұргелдин мен Көксу өндірістік учаскесінің 1-дәрежелі инженер-гидротехнигі Бақытжан Ибрагимов ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің «ҚР Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісін иеленді. 

Сонымен бірге, ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің «Құрмет грамотасын», Су ресурстары Комитеті төрағасының «Алғыс хатын», Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «1-дәрежелі Еңбек даңқы», «3-дәрежелі Еңбек даңқы», «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісін, облыс әкімінің «Алғыс хатын», «Қазсушар» РМК бас директорының «Құрмет грамотасын» алып, қуанышқа кенелді. 

Соңында «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының гидротехникалық құрылыстарды абаттандыру, көгалдандыру бойынша ұйымдастырылған байқау нәтижесі жарияланып, 3-орын Көксу, 2-орын Қаратал, 1-орын Панфилов өндірістік учаскелеріне бұйырып, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА