БАЛАЛЫ ҮЙ - БАЗАР

Уақыты: 14.07.2024
Оқылды: 338
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақтың әрбір қанатты сөзінен бір даналық табасыз. Не сөйлесе де өмірде түйгенін, жақсы мен жаманның парқын білгендіктен айтқан. «Жетім көрсең  жебей жүр» деген әдемі бір нақыл бар. Халқымыз ежелден бұл өсиетке адал болды. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» ел болғанымыз тарихта қалып, әлі күнге дейін ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Рас, өткен мен бүгін салыстыруға келмейді. Қазақтың басына түскен қилы-қилы тағдырлар, қала берді жаңа ғасырдағы жаһандану үдерісі ұлтымыздың дарқан көңіліне көлеңкесін түсірмей қоймады. Дегенмен қоғамда әлі де пейілі кең, жомарт жүректі жандар баршылық. Жетімдерді панасына алып, бар жақсылығын аямайтын мейірбанды кісілер, міне, солар. Бірақ олардың көпшілігі өзінің сауапты ісін жария етуді қаламайды.


Әнуарбек Мақсұтұлы Алакөл ауданы, Жыланды ауылының тұрғыны. Ол бүгінде 6 қыз, 5 ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы әке. Шаңырағының шаттығына айналған балалардың алтауын Атырау қаласындағы балалар үйі- нен асырап алған. Кейіпкеріміз негізінен Жамбыл облысының тумасы. 1977 жылғы азамат талай жыл мемлекеттік қызметте жүріп халықтың қамын, елінің тыныштығын ойлайтын ауыл әкімі болды. Әнуарбектің тұсында Жыландыда талай игі істер атқарылып, ауыл тірлігі жандана түсті. 

– 2016 жылы Атырау облысында балалар үйінің жабылуына байланысты физика-математика және спорт мектебі ашылып, тәжірибе алмасатын оқушылар керек болды. Ал ондай бағыттағы мектеп біздің аудандағы Лепсі және Жыландыда бар. Сол тәжірибе алмасу бойынша келген балалар біздің үйде тұратын болды. Аз ғана уақыттың ішінде бір-бірімізге әжептәуір бауыр басып қалдық. Өз балаларымнан кем көрмедім. Олардың да біздің отбасыға сіңісіп кеткені көздерінен көрініп тұрды. Кейін балапандарды асырап аламын деп шештім, – дейді көпбалалы әке. 

Расында, бала болғаннан кейін әр тараптан жылулық күтеді. Ол әке мен шеше, мұғалім, бауыр, тіпті жақын деген таныстарынан да бір мейірімділікті көрсем дейді. Сол мейірімді Алла Әнуарбекке үйіп төккендей. Ол 3 баланың артынан тағы 3 баланы, яғни, алғашқы келген балалардың бауырларын асырап алуды жөн көреді. Себебі, бауыр шіркін қашанда бір-бірін іздеп, сағынып тұрады емес пе?! Сондай сезімді кешкен бүлдіршіндер өз туғандарын сағынып жылап та алатын-ды. Оны көрген әке жүрегі елжіремей қоймады. Бірден таныстарына шығып, Атыраудан 3 балапанды алдырды.

Алғашқыда, әрине, оңай болмады. Үш түрлі отбасыда дүниеге келген, әр түрлі ойлайтын 10 баланың бір шаңырақ астында тұруы әсте қиындық әкелген еді. Бір-бірін түсінбей, тіпті ұрсысып қалатын сәттер де болды. Алайда, бүгінде өте бауырмал, үлкендері қамқорлығын, кішілері ізеттерін көрсетіп жүреді. Бұл ардақты әкенің шексіз мейірімінен де болар, бәлкім.

Бүгінде екі қызы тұрмыста. Екі жиен немересі бар. «Ішімнен шықпасаңдар да сендерге әрдайым жүрегімнен орын табылады» деген әке әр баланың орны ерекше дейді. Оны біз өз көзімізбен көріп қайттық. Расында «балалы үй базар» деп қазақ текке айтпаған екен. Шаңыраққа кіре сала бауырын қарап отырған әпкені, ұлдарына мал союды үйреткен әкені, әженің жайған дастарқаны, бәрі көз алдымызда. Таза ауылдың тіршілігін өз көзімізбен көріп, сезіндік десек қате айтпаймыз. Әрі әр баланың махаббатқа шомылып өскені олардың бір-біріне деген сыйластығынан, қамқорлығынан байқалды. Әрине, барлығы әкенің ғана тәрбиесі емес екені анық. Бала тәрбиесінде маңызды рөлге ие ана. Ол айтпаса да белгілі.

Отанасы Мейрамгүл де балаларға аналық махаббатын көрсетіп, әр сәт олармен сырлас болуға тырысады.

– Қыз баласы не дегенмен ананың қолдауы, ақылы, жәрдеміне қашанда зәру. Себебі, бойжеткен шағына дейін оның жүріп тұруы, киген киімі, өз-өзін ортада ұстауы, бәрі әйелге байланысты. Ал ол тұрғыда мен өзімді де тәрбиелеп келемін. Әлі де болсын тұрмыс құрып кеткен қыздарыма ақылымды айтып, «білмегендеріңді сұраңдар» деп отырамын, – дейді шаңырақтың отанасы Мейрамгүл. 

Айта кетейік, Әнуарбек ағамыздың жары Мейрамгүл Анатольевна дарынды балаларға арналған Жыланды мамандандырылған лицей интернатында директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Шаңырақтың шырақшысы түздің де, үйдің де тірлігіне үлгеріп жүрген аяулы жар, ардақты ана.
Бүгінде балалардың бәрі алдына мақсат қойып, сол армандарына қадам басуда. Үлкен қыздары тұрмыс құрып, бір-бір үйдің ошағын жағып, түтінін түтетіп отыр. Ал ұлдарын әкесі нағыз ер-азамат ретінде тәрбиелеуде. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсілге сүйенген қазақ ұл баланың әкеге, қыз баланың анаға қарап бой түзегенін құп көретінін осыдан-ақ байқауға болады. Ұлдар үйдің кез келген тірлігіне араласып, барынша әпке-қарындастарына ауыр жұмыс істетпеуге  тырысады. Ал шаңырақтың бұрымдылары қазақ қызына тән барлық қасиетті бойларына жинап алғандай. Әке мен шешенің  берген тәрбиесінен балалар осылайша көрген жан тамсанатындай, ата-ана мақтанатындай болып өсуде. 

Үлкен отбасы болған соң әр баланың өзіне тән бір қызығушылығы, ермегі бар. Мысалы үлкен ұлы Асланбек шаңғымен айналысқанды ұнатады.  Алайда «жігітке жеті өнер де аз» демекші, ол суретті де жақсы салады. Осы өнерінің арқасында «дизайнер, графика» мамандығында білім алған. Екінші ұлы Бекзаттың әскери мамандыққа деген қызығушылығы басым. Оның үстіне аттың құлағында ойнайды. Тұңғыш қызы Ақбота дәрігерлік жолды таңдапты. Тұрмыста болса да жолдасының қолдауымен биыл жоғары оқу орнына түсуді жоспарлауда.  Кейінгі қызы Жеңісгүл аспаздыққа жақын. Он саусағынан бал тамған ару болашақта жеке бір мейрамхана ашсам дейді. Ал Әсемгүлдің киелі сахнада ән салып, өнердің биік шыңын бағындырсам деген арманы бар. Аружан анасына ұқсаған ұстаз болады-ау, сірә. Себебі, жанына жақын мамандыққа оқуға тапсырып қойыпты. Міне, бір отбасында халыққа пайдасы тиетін қаншама маман бар.  

Әнуарбек ағамыздың талабынан тағылым алып, бүгінде есік алдындағы аядай жерге дән тастап, одан өнім жинап, еңбекке ерте араласқан балалар болашақта бәсекеге қабілетті өсіп, өмірден өз орнын табатындарына сеніміміз мол. 

– Балаларыма: «үнемі адал болыңдар, бір аттың тізгіні өзіме тиді екен деп, қалғандарын құр тақым қалдырмаңдар. Ел тілегі, жұрт қамы бір-бірімізге қолдау көрсеткенде ғана түгенделеді. Өйткені адам күні адаммен. Көпке қарасып, садақа-зекеттеріңді беріп тұрыңдар» деп айтып отырамын, – дейді Әнуарбек Мақсұтұлы

– Қонақ келсе құт келеді. Біздің үйдегі береке-ырыс әкеміздің қонақжайлығынан деп ойлаймын. Әр жұма сайын жеті шелпек пісіріп, Құран оқуды да ұмытпаймыз. Үйге кім келсе де әкеміз құшақ жая қарсы алады. Жоқтан бар жасап, келген жанның алдына барын тосады. Бұл әкемнің қолының ашықтығы, көпшілдігі деп ойлаймын. Әрине, әкеміздің мұндай ізгі қасиеттерін біз де бойымызға сіңіріп өстік, – дейді шаңырақтың тұңғышы Ақбота. 

Өмірде орнығу үшін де адамға жоспарлы жұмыс, тынымсыз еңбек, бәрінен бұрын адалдық, адамгершілік қасиет керек. Міне, Әнуарбек ұл-қыздарына осыны тәлім етті. Бүгінде отбасының әр мүшесі осы қағидадан айнымай, әркез жадыларынан әкелері айтқан зерделі сөз шықпайды.

Адам мен адамзаттың арманы ешқашан аласармақшы емес. Сондай ұлы мұрат, асқақ арман құруды тәлім еткен Әнуарбек ағамыздың шаңырағы береке-бірліктің мызғымас ордасына айналды. Көз тоярлық отбасын көргенде санамызға осындай ой келді.

Адам ұрпағымен  көрікті әрі бақытты. Осынау сөздің астарына жасырылған ақиқат кез келген саналы жанды толғантса керек. Адамның мына бес күндік ғұмыр-дариядағы ең тәтті сәттері мен ең ғажайып сезімдері «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттыр- май» өсірген перзентіне қатысты туатыны даусыз. Осы тұста Әнуарбек ағаның шаңырағы әрқашан шаттыққа, қуанышқа толы болса дейміз. Істеген істерін Алла берекелі қылып, жасаған жақсылығының жемісін дәйім көре берсін. 

Айғаным АЙТМҰХАН